Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи соғыс қайта басталған жағдайда Тегеран Вашингтонға бұдан да үлкен тосынсыйлар әзірлейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Сыртқы істер министрі X әлеуметтік желісінде жазды.
"Иранға қарсы соғыс басталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң, АҚШ Конгресі құны миллиардтаған доллар болатын ондаған ұшағынан айырылғанын мойындады. Біздің айбынды қарулы күштеріміз жарнамасы жер жарған F-35 жойғышын алғашқы болып атып түсіргені расталды. Түйген тәжірибеміз бен алған білімімізді ескерсек, соғыстың қайта өршуі бұдан да көп тосынсый әкеледі", - деп жазды ол.
Бірнеше күн бұрын АҚШ Конгресінің зерттеу қызметі "Эпикалық қаһар" (Epic Fury) операциясы кезіндегі америкалық авиацияның жауынгерлік шығындары туралы шолуды жариялады.
Есепте Құрама Штаттардың 42 ұшағы мен тікұшағынан, соның ішінде дрондарынан айырылғаны немесе олардың зақымдалғаны көрсетілген.
"Сәуір айында атысты тоқтату режимі енгізілгеннен кейін ұрыс қимылдарының қарқыны бәсеңдеді. Алайда бірнеше аптадан соң жекелеген соққылар қайта басталып, жағдай тұрақсыз күйде қалып отыр", - делінген құжатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жақын күндері Иранға жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Тегеранның келіссөздер жүргізуіне қанша уақыты бар деген сұраққа Ақ үй басшысы бұл екі-үш күн немесе жексенбіге дейінгі не болмаса келесі аптаның басына дейінгі мерзім болуы мүмкін екенін айтты.