ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 22 шілде 2026 09:37
Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға уәде берді
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар деп саналатын кез келген нысанаға соққы жасауға ниетті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Fox News арнасына сілтеме жасап.
"Олар айтып жүрген жаңа нысан туралы білесіздер. Бұл адамдардың бар мақсаты - ядролық қару, енді олар қандай да бір нысанды қалпына келтіруге тырысып жатқан болуы мүмкін. Біз ол нысанға соққы жасаймыз. Олар ядролық бағдарлама туралы ойланған кез келген нысанға өте қуатты соққы жасаймыз. Қазір ирандықтардан басқа ешкім біздің оларға қаншалықты нұқсан келтіргенімізді білмейді", - деді Трамп Ақ үйде Ливан президенті Джозеф Аунмен өткен кездесуде.
Оның айтуынша, жақын арада Пикакс тауының маңы сондай нысаналардың біріне айналады. Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Тегеранның аталған тау ішіндегі жерасты кешеніне уран байытуға арналған мыңдаған центрифуганы көшіргенін жазған болатын.
"Олардың ядролық қаруға қол жеткізуіне ешқандай мүмкіндігі жоқ. Біз оларды ешкім мүмкін деп ойламаған деңгейге дейін әлсіретіп жатырмыз. Сондықтан, егер біз дәл қазір тоқтасақ та, Иранға бәрін қалпына келтіру үшін 20–25 жыл қажет болады, түсінікті ме? Біз әлі жұмысты аяқтаған жоқпыз", - деп толықтырды Америка президенті.
Трамп АҚШ-тың Иран тарапымен кездесуге мүдделі емес екенін, Тегеран тек мазмұнды әрі маңызды кездесуге дайын болғанда ғына бұл мәселе қаралатынын атап өтті.
"Айтарым: олар кездесуді жан сала қалап отыр. Бірақ олар мазмұнды кездесуге дайын болмайынша, біз бұл туралы сөйлесуге де мүдделі емеспіз", - деді Ақ үй басшысы.
Трамптың сөзінше, Иранда "адамдарды талғамай өлтіріп жатыр".
"Балаларды да аяусыз өлтіріп жатыр. Оларды кәмпит құрлы көрмейді. Бұл істеп отырғандары - нағыз ақылсыздық. Олар адамдарға өте қатыгез қарайды. Кім болса да талғамай өлтіре береді. 52 мыңнан аса адам қаза тапты, бірақ бұл туралы ешкім айтпайды. Біз міндетті түрде соққы жасаймыз", - деді ол.
8 шілдеде АҚШ президенті 18 маусымға қараған түні Иранмен жасалған оқ атуды тоқтату туралы келісімнің бұдан былай күші жоқ екенін мәлімдеді. Содан бері Америка әскерилері Иранға бірнеше мәрте шабуыл жасады. Иран әскерилері Таяу Шығыстың бірқатар еліндегі АҚШ базаларына соққы жасау арқылы жауап қайтарып жатыр.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу