АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бейсенбі күні ирандық мәмілеге қарсы шыққан израильдіктерді қатаң сынға алып, президент Дональд Трамп Израильдің жалғыз одақтасы екенін мәлімдеді. Ол Израильдің қорғанысына АҚШ-тан бөлінетін миллиардтаған долларды алға тартып, елді айыптады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Америкалық вице-президент осы аптада қол жеткізілген Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімді қорғауға тырысты. АҚШ пен Израильдегі сыншылар бұл келісім Иранның зымыран бағдарламасын тежеуге қауқарсыз, онда Иранның ядролық нысандарын бөлшектеудің нақты жолдары жоқ, сондай-ақ ол Израильдің Ливандағы "Хезболла" содырларына қарсы соғыстағы әрекеттерін шектейді деп есептейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің байырғы одақтасы Израильді бірнеше рет сынға алды, бұл екі ел Иранға шабуыл жасау үшін біріккеннен кейін шамамен төрт ай өткен соң шиеленістің күрт ушығуына әкелді.
Соғыс нарықтар мен әлемдік мұнай жеткізілімін дүр сілкіндірді, ал Тегеран бұған жауап ретінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін маңызды тасымал бағытын жауып тастады.
Ақ үйдегі брифингте Вэнстен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың келісімге наразылық танытқаны туралы хабарлама жөнінде сұралды. Ол Нетаньяхудан мұндай пікір естімегенін, бірақ израильдік лидердің келісімге күмән келтіріп, Трампқа жекелей шүйліккен министрлер кабинеті мүшелерін сынға алды.
"Оларға айтар сөзім екі бағыттан тұрады. Біріншіден: Дональд Дж. Трамп - дәл қазір бүкіл әлемде Израиль мемлекетіне жанашырлық танытып отырған жалғыз мемлекет басшысы. Егер мен Израиль үкіметінің мүшесі болсам, бүкіл әлемде қалған жалғыз қуатты одақтасыма шүйлікпес едім", - деді Вэнс Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.
Ол бұл министрлер кабинетінің мүшелеріне Израильді қорғап тұрған қорғаныс қаруының үштен екісі "америкалықтардың қолымен жасалғанын және америкалық салық төлеушілердің есебінен төленгенін" еске салатынын айтты.
АҚШ Израильге жылына шамамен 4 миллиард доллар көлемінде әскери көмек көрсетеді, бірақ қазір екі ел көмек туралы жаңа келісім бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
"Израильдің проблемасы Дональд Дж. Трампта емес, Израильде кімде-кім өзінің басты мәселесі Америка Құрама Штаттарының президенті деп есептесе, ол есін жиып, елдегі шынайы жағдайды түсінуі керек", - деді Вэнс.
Келісім жасалғаннан кейінгі алғашқы пікірінде Нетаньяху көпшілік алдында сөйлеген сөзінде Израиль АҚШ-пен қарым-қатынасын жоғары бағалайтынын, бірақ Израильдің солтүстік шекарасына жақын тұратын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Оңтүстік Ливанды оккупациялауды жалғастыратынын айтты.
Бейсенбі күні Израиль Оңтүстік Ливандағы кеңейтілген әскери бақылау аймағы көрсетілген картаны жариялап, оның шекарасынан тыс жерлерде де шабуыл жасау мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеді, бұл АҚШ-Иран келісімінің шарттарына қайшы келеді.
Еске сала кетейік, АҚШ пен Иран арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін Ормуз бұғазы кемелер үшін ашылып, ал АҚШ Иранға қарсы орнатқан теңіз блокадасын тоқтатты.