Украина президенті Владимир Зеленский 6 мамырдан бастап тыныштық режимі енгізілетінін жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы президент Х әлеуметтік желісінде жазды.
"Бүгінгі таңда Украинаға ресейлік әлеуметтік желілерде айтылып жатқан соғыс қимылдарын тоқтату тәртібіне қатысты ешқандай ресми үндеу түскен жоқ. Біз адам өмірін кез келген мерейтойды "тойлаудан" әлдеқайда жоғары құндылық деп санаймыз. Осыған байланысты 5 мамырдан 6-сына қараған түні сағат 00:00-ден бастап тыныштық режимін жариялаймыз", - деді ол.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін қалған мерзім ішінде "тыныштық орнатуды қамтамасыз ету әбден мүмкін".
"Көрсетілген сәттен бастап біз де солай әрекет етеміз. Егер Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның ізгі ниетінсіз Мәскеуде шеру өткізе алмаймыз деп есептесе, онда ресейлік басшылардың өз соғысын аяқтау үшін нақты қадамдар жасайтын уақыты келді", - деді президент.
Дүйсенбі, 4 мамыр күні Ресей Қорғаныс министрлігі кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне орай Украинамен соғыста 8–9 мамырға бітім жариялады. Ведомство Киевті Мәскеудің үлгісін алып, бітім жариялауға шақырды. Жеңістің 81 жылдығын тойлауға кедергі келтіру әрекеттері жасалған жағдайда, Ресей "Киевтің орталығына жауап ретінде жаппай зымыранмен соққы жасайды", - деп толықтырды Қорғаныс министрлігі.