ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 16 шілде 2026 08:22
Зеленский Украинаның жаңа премьер-министрі кім болатынын анықтады
Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы Радаға Сергей Корецкийді Украина премьер-министрі қызметіне тағайындау туралы ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бұл туралы бейсенбі, 16 шілдеде Украина парламентінің спикері Руслан Стефанчук мәлімдеді.
Жоғарғы Рада депутаты Ярослав Железняктың хабарлауынша, бастапқыда жаңа премьер лауазымына төрт кандидат қарастырылған - "Нафтогаз" басқарма төрағасы Сергей Корецкий, Украина энергетика министрі Денис Шмыгаль, Қорғаныс министрі Михаил Федоров және Харьков мэрі Игорь Терехов.
Зеленский барлық кеңесуден кейін премьер-министр лауазымына ең лайықты үміткер ретінде Сергей Корецкийді санайтынын мәлімдеді.
Фото: x.com/ZelenskyyUa
Рада үкіметтің жаңа басшысын бекітуді және министрлер кабинетінің жаңа құрамына дауыс беруді 16 шілдеде өткізуді жоспарлап отыр. Іс жүзінде үкіметтің толық құрамы белгілі. Ең маңызды өзгеріс - Қорғаныс министрі Михаил Федоровтың қызметінен кетуі. Ведомство басшысы болып бұған дейін Ішкі істер министрі қызметін атқарған Игорь Клименко тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар Сыртқы істер министрі Андрей Сибига өз орнында қалады.
12 шілдеде президент министрлер кабинетінің жаңаратынын аңдатқан болатын. Ол Украинаның саяси стратегиясын өзгертіп жатқанын және әрбір басым сыртқы саяси бағытқа украин халқының үмітін ақтай алатын, мол тәжірибесі бар нақты адам жауап беретінін айтты.
14 шілдеде Жоғарғы Рада Юлия Свириденконың премьер-министр қызметінен отставкаға кетуін қолдады. Тиісті шешім бүкіл үкіметтің отставкаға кеткенін білдіреді. Свириденко үкіметті 2025 жылдың 17 шілдесінен бері басқарып келген еді.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу