"Компот" - "бірқабатты" Алматы туралы естеліктер

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Shutterstock.com © Shutterstock.com

"Компот" - Медеу ауданында орналасқан бірнеше орамның бейресми атауы. Бұл орам Сәтбаев көшесін, Жарбұлақ өзені мен Бөгенбай батыр көшесін және Кіші Алматыны қамтиды. Мұндағы XIX ғасырда Верный қаласы кезінде салынған көптеген көне, бірқабатты үйлер әлі күнге түрлі-түсті палитрасымен сүйсінтеді, үйлердің терезе жақтаулары ою-өрнекті тақтайшалармен безендірілген.

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Компот" - Медеу ауданында орналасқан бірнеше орамның бейресми атауы. Бұл орам Сәтбаев көшесін, Жарбұлақ өзені мен Бөгенбай батыр көшесін және Кіші Алматыны қамтиды. Мұндағы XIX ғасырда Верный қаласы кезінде салынған көптеген көне, бірқабатты үйлер әлі күнге түрлі-түсті палитрасымен сүйсінтеді, үйлердің терезе жақтаулары ою-өрнекті тақтайшалармен безендірілген.

"Компот" атауы Яблочная, Вишневая және Грушевая көшелерінің саяжай аумағында орналасуына байланысты пайда болды. Бұл жер өзінің бау-бақшасымен де танымал. "Компот" атауын картадан кездестірмейсіз, бірақ Алматының кез келген тұрғыны ол жерге қалай жетуге болатынын айтып береді.

Атауы ғана тәтті емес

Аудан өзінің тәтті атауымен ғана емес, тұрғындарымен де танымал. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен салынған үлкен үйде 1958 жылдан бастап суретші Әбілхан Қастеев тұрды. Белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, өзбекстандық суретші Орал Таңсықбаев, қырғызстандық суретші Гаппар Айтиев секілді көптеген танымал зиялылар бұл үйде жиі қонақ болды.

2004 жылы Бекхожин көшесіндегі бұл үй мұражайға айналды. Үйдегі қонақ бөлме, үш жатын бөлме, шеберхана, ас үй, жуынатын бөлме, кіреберіс және бау-бақша бастапқы күйінде сақталған. Мұражай-үйге Қастеевтің ескі туындылары, естелік фотосуреттері мен кітаптары қойылған.

Вишневая көшесі - Аманжолов, Грушевая - Зверев көшесіне айналды

Лингвист ғалым Сәрсен Аманжолов Вишневая көшесінің тұрғыны болды. Ғалым бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына арналған қазақ грамматикасының негіздерін, қазақ жазуының негіздерін (әліпби мен емле), қазақ терминологиясының негізгі қағидаларын, қазақ диалектологиясының негіздерін кириллицада әзірледі. Ғалым қайтыс болғаннан кейін оның құрметіне көше атауы өзгертілді.

"Компоттың" тағы бір атақты тұрғыны - хайуанаттар бағы мен Алматы қорығының негізін салушылардың бірі, зоолог Максим Зверев. Ғылыми жұмыстар жүргізумен қатар, Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берді. Жас натуралистер академиясын құрды, браконьерлермен күресті, Іле Алатауындағы ормандарды кесуді тоқтатуға ұмтылды, әйгілі Тянь-Шань шыршасын сақтап қалды. Максим Зверев - жануарлар мен құстар туралы көптеген кітап авторы. Оның құрметіне 1944 жылдан бері тұрып келген Грушевая көшесі Зверев болып өзгертілді.

"Компотта" танымал мүсінші Хакім Наурызбаев та өмір сүрді. Ол Республика сарайы алаңындағы Абайдың ескерткішін, Ұлттық Ғылым академиясының алдындағы Шоқан Уәлихановтың ескерткішін, М.Калининнің және Тараздағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішін жасаған мүсінші.

Пугасов және Емен

Бөгенбай батыр көшесі бойындағы 70-үйде белгілі көпес Никита Пугасовтың ұлдары тұрды, саудагер Ташкенттен Верныйға сауда-саттық мәселесімен келіп кетіп жүрді. Революциядан кейін ғимарат тәркіленіп, мектеп секілді түрлі әлеуметтік нысанға айналды. Қазір үй үш пәтерге бөлінген. Жақын маңда Кіші Алматы арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі бар - оны әлі күнге халық "Пугасов көпірі" деп атайды.

Алматыдағы алып емен ағашы да көрнекті орындардың бірі саналады. Түрлі деректерге сүйенсек, ол 180-300 жыл бойы өмір сүріп тұр, тіпті оныі жасы Верныйдан да үлкен деген болжам бар. Діңінің диаметрі үш метрден, биіктігі 20 метрден асады. Алып емес Зверев пен Шевцова көшелерінің қиылысында, балабақша аумағында өсіп тұр.

"Компотқа" жылы мезгілде және қала тарихын жақсы білетін гидпен бірге барған жөн. Бұл сізге ағаштарды көріп қоймай, өзен жағасында серуендеуге және демалуға мүмкіндік береді. Танымдық экскурсиядан кейін "Кировтағы кәуапханаға" соғуды ұмытып кетпеңіз, ол да көрнекті орындардың бірі.