“Семей орманындағы“ өртке байланысты балалар лагерінен 200-ден аса адам эвакуацияланды

“Семей орманындағы“ өртке байланысты балалар лагерінен 200-ден аса адам эвакуацияланды Бейнеден кадр

Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында шыққан өртке байланысты балалар лагерінен 200-ден аса адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Өңір полицейлері өрт аймағына жақын орналасқан балалар лагерінен 190 бала мен 19 қызметкерді эвакуациялады. Сондай-ақ қоршау ұйымдастырылып, өрт сөндіруге жұмылдырылған ведомстволарға көмек көрсетіліп жатыр.



Абай облысындағы өрт туралы хабарлама түскен соң, полицейлер лагерьге келіп, адамдарды эвакуациялауға кірісті. Дүрбелеңге жол бермеу үшін балалар сабырмен және ұйымдасқан түрде сыртқа шығарылды.

Жарнама
Жарнама



Қызметкерлер кішкентай балаларды қолдарына алып, жұбатып, қауіпсіз жерге алып барды.

"Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып жатыр. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт болып жатқан жерге баратын жолдар жабылды, өрт сөндіру, инженерлік және басқа да арнайы техникалардың кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді. Полицейлер шұғыл қызметтердің колонналарын бастап жүреді, жол қозғалысын реттейді, қоғамдық тәртіпті сақтайды және тұрғындар қалдырып кеткен мүлікті күзету шараларын қабылдайды", - деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Камышенка ауылы шетіндегі 20 үйдің тұрғындары - барлығы 49 адам эвакуацияланды.

"Жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігімен, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен, Қорғаныс министрлігімен және басқа да жұмылдырылған ведомстволармен өзара іс-қимыл негізінде жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі азаматтарды шұғыл қызмет қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техника жұмысына кедергі келтірмеуге шақырады", - деп хабарлады Абай облысы полициясы.

“Семей орманындағы” өртті сөндіруге тікұшақтар мен ұшақ тартылды

Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 09:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.

Топты күшейту үшін өрт орнына қосымша күштер: екі автоцистерна, екі трактор, тағы бір шағын орман өрт сөндіру кешені, ТЖД-ның 30 қызметкері мен сегіз техникасы, сондай-ақ мемлекеттік орман күзетінің 11 қызметкері жіберілді.

Сонымен қатар Бөкебай ауылынан өрт орнына авиациялық өртке қарсы қызмет десантшылары мінген, Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған AS350 тікұшағы ұшып шықты. Қатонқарағай ауылынан өрт орнына қарай "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Ми-8 тікұшағы бағыт алды.

Ресми мәлімет бойынша, өрт аумағында ауа температурасы +34 градус, солтүстік-батыстан соққан жел жылдамдығы секундына төрт метрге, екпіні секундына сегіз метрге дейін жетеді. Өңірде өрт қаупінің бесінші, төтенше класы сақталып отыр.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың маусымында "Семей орманында" алапат орман өрті болған еді. Өрт аумағы 60 мың гектарға дейін жайылып, салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Кейін Бас прокуратура резерваттағы өрт алдында бақылау камераларының бірі ажыратылғанын хабарлады.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама