Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатыр, жұмысқа авиация тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 9:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.
"Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің жеті қызметкері, автоцистерна, шағын өрт сөндіру кешені, трактор, сондай-ақ "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі жұмылдырылды", - деп хабарлады Экология министрлігі.
Топты күшейту үшін өрт орнына қосымша күштер: екі автоцистерна, екі трактор, тағы бір шағын орман өрт сөндіру кешені, ТЖД-ның 30 қызметкері мен сегіз техникасы, сондай-ақ мемлекеттік орман күзетінің 11 қызметкері жіберілді.
Сонымен қатар, Бөкебай ауылынан өрт орнына авиациялық өртке қарсы қызмет десантшылары мінген, Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған AS350 тікұшағы ұшып шықты. Қатонқарағай ауылынан өрт орнына қарай "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Ми-8 тікұшағы бағыт алды.
Резерваттың ақпараты бойынша, өрт аумағында ауа температурасы +34 градус, солтүстік-батыс желінің жылдамдығы секундына төрт метр, екпіні сегіз метрге дейін жетеді. Өңірде бесінші, төтенше өрт қаупі класы сақталып отыр.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және жою жұмыстары жалғасып жатыр. "Семей орманы" мәліметінше, жағдай бақылауда.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Семей орманындағы" трагедия
2023 жылғы 8 маусымда "Семей орманы" табиғи резерватының аумағында орман өрті тұтанды. Сол кезде құтқарушылар елді мекендерге қауіп жоқ деп сендірген болатын.
2023 жылғы 9 маусымда Абай облысының орман алқабындағы өрт аумағы 3 гектардан 100 гектарға дейін күрт ұлғайды. Дәл сол күні ол 30 мың гектар орманды шарпыды.
NASA-ның 2023 жылғы 9 маусымдағы суретінен өрттің ең көп таралуы жел бағытымен – батыстан шығысқа қарай болғанын көруге болады. Кейінірек Абай облысындағы орман алқабындағы өрт аумағы 60 мың гектарға дейін жетті. Тілсіз жаудан 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Бас прокуратура мәліметінше, "Семей орманындағы" жойқын өрт қарсаңында бейнебақылау камерасы істемей тұрған. 2023 жылғы 7 маусымда, ауқымды орман өрті басталар алдында, Абай облысында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватындағы камералардың бірі сөндірілген.