Алматылықтар жол ережесін бұзатындар туралы жиі хабарлайтын болған: сыйақы туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматылықтар жол ережесін бұзатындар туралы жиі хабарлайтын болған: сыйақы туралы не белгілі? Фото:depositphotos.com

Қазақстандықтар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын жиі тіркеп, әлеуметтік желілерде жариялауды немесе полицияға жіберуді жиілеткен. Алматы Полиция департаменті мұндай азаматтық белсенділікті ынталандыру жоспары бар-жоғын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


"Алғыс білдіреміз"

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек тұрғындардың жол ережесін бұзу және өзге де құқықбұзушылықтар туралы полицияға хабарлау белсенділігі артқанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта заңнамада мұндай азаматтарды материалдық тұрғыда ынталандыру қарастырылмаған.

"Әзірге заң жүзінде бұл норма бекітілмеген. Десе де, біз мұндай азаматтарға белсенді ұстанымы үшін алғыс білдіреміз. Бұл – адамның өзі тұрып жатқан қаладағы қауіпсіздікке, тәртіп пен тыныштыққа бейжай қарамайтынының белгісі. Бұл үрдісті бәрі қолдағаны маңызды", – деді Әзірбек.

Ол полиция әрбір өтінішті қарастыратынын, негізсіз болып шықса да кейбір шағымдар кейіннен назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Бұл ретте полиция азаматтарды мұндай хабарламалар үшін ынталандыру идеясы дұрыс екенін мойындайды, алайда әзірге заңнамаға тиісті өзгеріс енгізілмеген.

"Әрине, кейбір елдердегідей мұны жүзеге асырғымыз келеді. Бірақ бүгінде заңнамалық деңгейде бұл норма бекітілмеген", – деп толықтырды ол.

Құқықбұзушылық туралы қалай хабарлауға болады?

Полиция заңбұзушылық туралы 102 нөмірі, Жедел басқару орталығы, сондай-ақ eOtinish порталы арқылы хабарлауға болатынын еске салды.

Бұдан бөлек, жақын күндері Алматыда полицияның бірыңғай WhatsApp нөмірі іске қосылады.

"Бір апта ішінде біз WhatsApp желісінде бірыңғай жедел желі нөмірін іске қосамыз. Ол арқылы тәулік бойы жол ережесінің бұзылуы туралы ғана емес, мәселен, күдікті көрші туралы да хабарлауға болады. Бұл – жедел әрекет ету мүмкіндігі", – деді Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ құқықбұзушы үстінен eGov Mobile қосымшасы арқылы шағым түсіруге болады. Ол үшін "Заң және тәртіп" бөлімін ашып, "ЖҚЕ бұзу" санатын таңдап, оқиға орнын көрсетіп, жағдайды сипаттап, қажет болған жағдайда фото немесе видео қоса тіркеу керек. Содан кейін өтінішті жіберу қажет.

Айта кетейік, желіде қала тұрғындарының көлікті дұрыс қоймау деректеріне шағымданып қана қоймай, заңбұзушылар туралы материалдарды полицияға өз бетінше қалай жіберіп жатқаны туралы жазбалары жиіледі.

Шілденің басында Астана әкімдігі әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды ынталандырудың жаңа ережелерін бекіткен болатын. Егер елорда тұрғыны заңбұзушылықты фото немесе видеоға түсіріп, белгіленген тәртіппен хабарласа, ал құқықбұзушы жауапкершілікке тартылса, ол ақшалай сыйақы ала алады.

Ең жоғарғы төлем мөлшері – 20 АЕК. 2026 жылы бұл 86 500 теңге.