Алматылықтар жол ережесін бұзатындар туралы жиі хабарлай бастады. Желіде жаңа тренд белең алып келеді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Threads желісінде қала тұрғындарының көлікті дұрыс қоймауға шағымданып қана қоймай, заңбұзушылар туралы материалдарды полицияға қалай жолдайтыны туралы жазбалары жиілеп кетті.
Threads желісінен көру
Осындай жазбалардың бірі қызу талқыға түсті. Оның авторы былай деп жазды:
"Аналық жанымды тыныштандыру үшін жаңа хобби таптым. Осындай епсіздерді суретке түсіріп, 102 қосымшасына жіберіп отырамын".
Автордың айтуынша, ол жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына, әсіресе автокөліктерді жаяу жүргіншілер өткеліне немесе оның жанына қалдырып кеткен жағдайларға өткір қарайтын болған.
"Жаяу жүргіншілер өткеліне көлік қою сияқты жол ережесінің бұзылуын өзім қатты сезіне бастадым. Бұл тиімді әдіс, бастысы фото немесе видеоны дұрыс тіркеу керек. Қызметкерлер жұмысты әрдайым жылдам орындай бермейді, әрине, бірақ бұл осындай шексіз шағымдар кесірінен болар", - деді жазба авторы.
Сондай-ақ ол бұл жағдайды үш жыл бойы тұрған Германиядағы көлік тұрағы мәселесімен салыстырды. Оның айтуынша, ол жақта жүргізушілер үстінен шағым түсіру қажеттілігі туындамаған.
Пікірлерге қарағанда, көптеген қазақстандық ереже бұзатындармен күресудің мұндай әдісін қолдайды.
- "Керемет! Жалпы, жаяу жүргіншілер өткеліне 15 метр қалғанда көлік қоюға тыйым салынған. Уақытыңыз болса, солардың бәрін суретке түсіріңізші, өтініш. Бұл өте маңызды ереже, "зебра" жанында тұрған көліктер кесірінен жаяу жүргіншілер көрінбей қалады. Қауіпсіздік бәрінен биік", - деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір қалдырушы былай деп қосты:
- "Қолдаймын! Жаяу жүргіншілер өткелі алдына, артына, әсіресе, үстіне көлік қоймаңыздаршы".
Айта кетейік, мұндай тәжірибе Еуропаның бірқатар елінде бұрыннан қалыптасқан. Ең танымал мысалдардың бірі - Германияның 18 жасар тұрғыны Никлас Маттеи. Ол бір жыл ішінде көлік қою ережесін бұзғандар үстінен төрт мыңнан астам шағым түсіріп, танымал болды және осы арқылы бір миллион еуродан астам табыс тапты.
Бұл оқиға Германия шекарасынан тыс жерлерде де кеңінен танымал болды.
Мұндай тәсіл қазақстандықтар арасында да біртіндеп танымал болып келе жатқан сияқты. Көптеген жүргізушіл мен жаяу жүргіншілер ережебұзушылықтарға бейжай қарамай, оны тіркеп, материалдарды полицияға жіберуді жөн көреді.
Бұған дейін Алматыда көшелерден көліктер жаппай әкетіліп жатқаны хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Алматыда ауладағы ескі көліктерді алып тастау үшін қайда хабарласу керек: нұсқаулық