Гибрид көлік пен электрмобиль сатып аларда нені ескеру керек? Толық нұсқаулық

ПОДЕЛИТЬСЯ

Гибрид көлік пен электрмобиль сатып аларда нені ескеру керек? Толық нұсқаулық Фото: Елена Никитенко

Қазақстанның қайталама нарығында гибридтер мен электрмобиль экзотика болудан біртіндеп қалып келеді. Ұсыныстың артуымен қатар сатып алушылар үшін жаңа тәуекелдер де пайда болды. Егер қарапайым көлікті таңдағанда негізгі назар қозғалтқышқа, беріліс қорабына және шанаққа аударылса, электркарлар мен гибридтердің өздеріне тән қымбат тұратын тораптары бар, ал оларды диагностикалау бөлек тәсілді қажет етеді.


Қазақстанның қайталама нарығында гибридтер мен электрмобиль экзотика болудан біртіндеп қалып келеді. Ұсыныстың артуымен қатар сатып алушылар үшін жаңа тәуекелдер де пайда болды. Егер қарапайым көлікті таңдағанда негізгі назар қозғалтқышқа, беріліс қорабына және шанаққа аударылса, электркарлар мен гибридтердің өздеріне тән қымбат тұратын тораптары бар, ал оларды диагностикалау бөлек тәсілді қажет етеді.

Ескі гибрид немесе электрмобиль сатып аларда не нәрсеге мән беру керектігі туралы Tengri Auto автожурналист әрі автокөлік таңдау маманы Петр Баканов айтып берді.

Ең бастысы - батареяны тексеру

Сарапшының айтуынша, ескі гибрид немесе электрмобиль сатып алу неғұрлым мұқият әрі терең диагностиканы қажет етеді. Ең алдымен жоғары вольтты батарея мен оны басқару жүйесіне баса назар аудару керек. Бұл - автокөліктің ең қымбат құрамдас бөлігі.

Диагностика кезінде мыналарды тексеру қажет:

  • батарея ұяшықтары арасындағы кернеу алшақтығы;
  • жүктеме кезіндегі элементтердің күйі;
  • батареяның қалдық сыйымдылығы (SOH - State of Health);
  • аккумулятордың нақты тозуы (деградациясы).

Жекелеген ұяшықтардың параметрлеріндегі айырмашылық неғұрлым үлкен болса, элементтердің бір бөлігі сыйымдылығын айтарлықтай жоғалтқан болу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

"Батареялардың әртүрлі типі әртүрлі ескіретінін есте сақтаған жөн. Мысалы, NMC және LFP литий-ионды аккумуляторларының тозу жылдамдығы мен пайдалану ерекшеліктері әртүрлі, бұлардың барлығын тексеру кезінде ескеру қажет", - дейді Петр Баканов.

Батареяны салқындату жүйесін ұмытпаңыз

Тіпті ақаусыз батареяның өзі салқындату жүйесіндегі мәселелерге байланысты ресурсын тез жоғалтуы мүмкін. Сондықтан батареяның салқындату және желдету жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіну керек, ол толықтай дұрыс күйде болуы тиіс.

"Уақыт өте келе батареяның желдету каналдары мен желдеткіштері шаң мен тозаңға толып қалуы мүмкін, бұл аккумулятордың жергілікті қызып кетуіне және оның элементтерінің тез тозуына әкеп соғады. Сондықтан сатып алу кезінде ауа өткізгіштердің, желдеткіштердің күйін және ластанудың жоқтығын тексерген жөн", - деп кеңес береді Баканов.

Инвертор - тағы бір қымбат торап

Келесі маңызды элемент - инвертор. Ол электр энергиясын түрлендіруге жауап береді және күштік қондырғының жұмысында шешуші рөл атқарады.

Анықтама. Инвертор - бұл батарея мен электр қозғалтқышы арасындағы электр энергиясының ағынын басқаратын гибридтің немесе электрмобильдің негізгі компоненттерінің бірі. Батарея тұрақты токты сақтайды, ал электр қозғалтқышы әдетте айнымалы токпен жұмыс істейді. Инвертор токтың бір түрін екіншісіне түрлендіреді және электр қозғалтқышының жұмысын реттейді.

Сарапшының айтуынша, инвертордың салқындату жүйесінің дұрыстығына көз жеткізу керек:

  • антифриз деңгейін тексеру;
  • оның күйін бағалау;
  • помпаның жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу.

"Егер салқындату жүйесінің сорғысы істен шықса, бұл инвертор ішіндегі электронды компоненттердің қызып кетуіне және зақымдалуына әкелуі мүмкін. Ал оны жөндеу немесе ауыстыру көбіне қомақты соманы қажет етеді", - деп ескертеді Баканов.

Трансмиссия жұмысын тексеріңіз

Егер әңгіме DHT типті трансмиссиясы немесе басқа да көп сатылы гибридті беріліс қорабы бар гибрид туралы болса, жұмыс істеу біркелкілігіне назар аудару қажет.

Анықтама: DHT (Dedicated Hybrid Transmission) - бұл бензинді қозғалтқышпен және электр моторымен бірге жұмыс істеуге арналған арнайы гибридті трансмиссия. Көптеген заманауи қытайлық гибридтерде қолданылады: BYD DM-i, Geely EM-i, Chery Super Hybrid, Haval Hi4, Changan iDD және басқалары.

Тест-драйв кезінде мыналар болмауы тиіс:

  • жұлқынулар;
  • соққылар;
  • ауысу кезіндегі кідірістер;
  • бөтен шулар.

"Кез келген жұлқыну немесе соққы ілінісудің тозуын, сондай-ақ трансмиссия жұмысындағы бағдарламалық ақауларды білдіруі мүмкін", - деп түсіндіреді сарапшы.

Әсіресе жүрісі (пробегі) көп көліктерге мұқият диагностика жасау керек. Уақыт өте келе трансмиссияның механикалық компоненттері тозады, сонымен қатар электронды басқару жүйелерінің жұмысында қателіктер жиналуы мүмкін.

Сондықтан мұндай көлікті сатып алғанда қысқа тест-драйвпен шектелмей, толыққанды компьютерлік диагностика жүргізіп, трансмиссияның әртүрлі қозғалыс режимдеріндегі жұмысын тексерген абзал.

Бензинді қозғалтқыш та назарды қажет етеді

Көптеген сатып алушы гибридті қозғалтқышқа аз жүктеме түседі деп қате ойлайды. Іс жүзінде бұл әрдайым олай емес.

Бакановтың айтуынша, гибридтердің көпшілігі Аткинсон немесе Миллер циклімен жұмыс істейтін бензинді қозғалтқыштарды пайдаланады. Олар, әсіресе қалалық режимде, жүйелі түрде қосылып-өшіп тұрады.

Анықтама. Аткинсон және Миллер циклдері - бұл отын үнемділігін арттыруға және зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған бензинді қозғалтқыштардың жұмыс технологиялары. Мұндай моторлар жоғары ПӘК-ті қамтамасыз еткенімен, әдетте төмен айналымдардағы тарту күші жағынан дәстүрлі қозғалтқыштардан қалыс қалады. Сондықтан олар қуат тапшылығын электр моторы өтейтін гибридтерде жиі қолданылады. Бұл қозғалтқыштардың ерекшеліктерінің бірі - жиі қосылып-өшуі, бұл EGR клапаны мен сору жүйесі элементтерінің тез ластануына әкеп соғуы мүмкін.

Нәтижесінде мыналарды тексерген жөн:

  • EGR клапанының күйі;
  • сору жолының тазалығы;
  • күйенің (нагар) бар-жоғы;
  • пайдаланылған газдарды рециркуляциялау жүйесінің жұмысы.

"Суық күйде жиі іске қосылуы және старт-стоп режиміндегі тұрақты жұмысы салдарынан EGR клапаны мен сору жүйесінің элементтері уақыт өте келе күйемен және қақпен қапталады. Бұл цилиндрлердің ауамен толуының нашарлауына, қозғалтқыш жұмысының тұрақсыздығына, қуаттың төмендеуіне және отын шығынының артуына әкеп соғуы мүмкін. Ескерусіз қалған жағдайларда сору жүйесінің ластануы күштік қондырғы жұмысында қателердің пайда болуына себеп болып, қымбат тұратын тазалауды талап етуі ықтимал", - дейді маман.

Сондай-ақ бірқатар гибридтерде дәстүрлі маховиктің орнына қолданылатын демпферлік дискіге назар аудару ұсынылады. Оның тозуы көбіне өзіне тән металдық тықылмен білінеді.

Тежегіштер күтпеген қиындықтарды жасыруы мүмкін

Рекуперацияның белсенді қолданылуына байланысты электрмобиль мен гибридтердегі тежегіш қалыптары (колодкалар) мен дискілері әдеттегі автомобильдерге қарағанда ұзағырақ қызмет етеді.

Дегенмен, мұнда басқа қауіп бар.

"Механикалық тежегіштер сирек қолданылатындықтан, суппорт бағыттағыштары мен тежегіш цилиндрлері қатып қалуы мүмкін", - деп ескертеді Баканов.

Сатып алу алдында мыналарды тексеру қажет:

  • тежегіш дискілерінің біркелкі тозуы;
  • қалыптардың күйі;
  • суппорттардың тұрып қалмауы;
  • тежеу тиімділігі.

Түйін

Ескірген гибрид немесе электрмобиль шынымен де тиімді сатып алу болуы мүмкін, алайда оны иелену процесі іштен жанатын қозғалтқышы бар кәдімгі көлікке қарағанда мәселеге әлдеқайда тереңірек үңілуді талап етеді.

Егер шанақ пен салонның күйін өз бетіңізше бағалауға болса, онда арнайы жабдықсыз жоғары вольтты батареяны, инверторды немесе гибридті трансмиссияның жұмысын тексеру мүмкін емес. Ал көлікті тексеруден үнемдеу маманның көмегінен әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Әсіресе, кейбір жағдайларда ауыстыру құны ескі көліктің бағасымен тең келетін жоғары вольтты батарея туралы сөз болғанда бұл өте маңызды.

Сондықтан гибрид немесе электрмобиль таңдағанда басты қағида өзгеріссіз қалады: сатып алудан бұрын автомобиль туралы неғұрлым көп ақпарат алынса, болашақта шығынға бату ықтималдығы соғұрлым аз болады.