Бүгін Жапонияның Саитаме қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталды. Оған біздің елден тек Абзал Рақымғалиев қатысуда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Жапонияның Саитаме қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталды. Оған біздің елден тек Абзал Рақымғалиев қатысуда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жалпы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты алғаш рет 1896 жылы Санкт-Петербургте өткен. Биыл "Күншығыс елінде" жалауын желбіретті. Бұл Жапонияның осы спорт түрінен әлем чемпионатын алтыншы рет өткізуі.
Негізі, әлем чемпионатына Халықаралық коньки спорты түрлері федерациясының (ISU) құрамына кіретін елдер 1998 жылдың 1 шілдесіне дейін туған спортшыларын үкілеп қоса алады. Нақтырақ айтқанда, мәнерлеп сырғанаудың төрт сынына (ерлер, әйелдер, спорттық жұп, би жұбы) әр мемлекеттің бір спортшыдан (жұптан) қатыстыруына болады. Ал кейбір мемлекеттер бұған дейінгі әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша 2-3 спортшыдан (жұптан) қосуға құқылы.
Мысалы, біздің ел ерлер арасындағы сынға екі жігітімізді қосуы тиіс болатын. Бірақ Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен биылғы әлем чемпионатына бармады. Жауапкершілігі мол маусымның аяғында тынығып алғысы келген сияқты...
ISU ресми сайтының мәлімдеуінше, биылғы әлем чемпионатына 38 елден 177 спортшы (жұп) қатысады екен. Кеше әлем чемпионаты басталып, ерлер арасындағы қысқа бағдарлама сыны өтті. Ерлер арасындағы сынға 32 спортшы қатысып, біздің Абзал Рақымғалиев 24-орынға ие болды. Сөйтіп, еркін бағдарламада бақ сынайтын 24 спортшының қатарына ілікті. Ол қысқа бағдарламада 61,77 ұпай жинады.
Әзірше бірінші орынды 98, 21 ұпаймен жапон жігіті Тацуки Мачида иеленіп тұр. Испан үміті Хавьер Фернандес (96,42 ұпай) екінші орынға, ал Жапонияның тағы бір саңлағы Юдзуру Ханью (91,24 ұпай) үшінші орынға орналасты. Әлем чемпионы мен жүлдегерлері жұма күні анықталады.