"Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубының атқарушы директоры Аманбек Құлшықов Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын елордалық "Астана Арландары" командасынан арыз түскенін растады, деп хабарлайды Vesti.kz сайтының қазақ бөлімі.
"Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубының атқарушы директоры Аманбек Құлшықов Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын елордалық "Астана Арландары" командасынан арыз түскенін растады, деп хабарлайды Vesti.kz сайтының қазақ бөлімі.
Арызды V-маусымда чемпиондықты жеңіп алған боксшылар мен бапкерлер қосыны жазған.
"Арыздың түскені рас. Бірақ, ол енді 25 ақпанда қаралады. Шағымның себебі туралы көпшілік қате пікріде. 2015 жылы WSB тарапынан ақша аударылғаны шындық. Бірақ ақша боксшылар мен бапкерлердің сыйақысына берілген жоқ. Бір мысал, былтыр "Астана" футбол клубы Еуропада жақсы ойнап, УЕФА-дан тәп-тәуір сыйақы алды. Алайда сыйақы футболшыларға берілген жоқ. Футболшылар тек келісімшарт бойынша сыйақы алды. Ал, "Астана Арландары" боксшылары және бапкерлерімен ондай келісімшарт жоқ. WSB ұйымының ешбір құжатында да сыйақы боксшыларға берілу керек деген бөлім жоқ. Былтыр команда қаржылық қиындыққа тап болды. Сол уақытта сыйақыны пайдаландық. Боксшылар мен бапкерлердің айлықтарын толық бердік. Қазір олардың алдында біздің қарызымыз жоқ" , - дейді "Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубының атқарушы директоры Аманбек Құлшықов.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші маусымындағы жеңісі үшін AIBA сыйақы ретінде команданың есебіне 400 мың доллар аударған. Бірақ бұл қаржы боксшыларға да, бапкерлерге жетпеген делінеді. Сол уақытта жұдырықтасқан команда мүшелері сотқа арыз берген. Қазір бұл іс Астананың Есіл аудандық сотында қаралып жатыр.
Арыз берген 24 адам: Ерік Әлжанов, Самат Бәшенов, Бейбіт Есжанов, Мардан Берікбаев, Жомарт Ержан, Мұхамеджан Еркін, Қайрат Ералиев, Мирас Жақыпов, Нұрдаулет Жарманов, Ержан Мұсафиров, Зәкір Сафиуллин және Мейірболат Тойытов.
Аталған боксшылардың барлығы да сыйақыдан бөлек, моральдық шығын ретінде 200 мың теңге қосып беруін талап етіп отыр.