29 қыркүйек 2014 22:15

Азиада-2014: Оныншы күні нұр жауды, алтын жауды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан төрттігі Азия ойындарында топ жарды. Фотоны түсірген - Никита Басов. Қазақстан төрттігі Азия ойындарында топ жарды. Фотоны түсірген - Никита Басов.

 ХVІІ жазғы Азия ойындарының оныншы күні Инчхонда толассыз жауын жауып, Қазақстан қоржынына алтын "жауды", деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.


 ХVІІ жазғы Азия ойындарының оныншы күні Инчхонда толассыз жауын жауып, Қазақстан қоржынына алтын "жауды", деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.

Бүгін таң атқаннан бері Инчхон аспаннын бұлт торлап, себелеп, толассыз жауын жауды. Ескек есу спортындағы ұл-қыздарымыздың електік сындарда бәсекелестерінен қалай озып кеткендерін көргендіктен, таңертең ертелетіп Hanam Misari Canoe/Kayak Center спорт кешеніне жол тарттық.

Инчхон жолдарындағы автокөлік кептелісінен жүрісіміз өнбей, межелі жерге екі сағатқа жуық уақытта жеттік. Бірақ бір қалақты және екі қалақты ескекпен жарысатын споршылар арасындағы бәйгелер уақытында басталмады. Бір сағатқа кейін шегеріліпті. Өйткені жаңбыр сіркіреп тұр, сондай-ақ ескекшілер мінген көліктірдің кейбіреулері жол кептелісінде тұрып қалған.

Бос тұрмай, мамандарды сөзге тартып жатырмыз. Ескек есу спортынан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Қайсар Нұрмағамбетов:

Азия ойындарынан 3-4 алтын аламыз деп жоспарлағанбыз. Үш алтын алу – нақты міндетіміз. Бірақ мақсатымызды асыра орындасақ қуанамыз, әрине. Дәл қазір қыз-жігіттеріміз спорттық баптарына келді. Міндетті межеден асып түсуіміз де мүмкін. Төрт кісілік қайықпен жарысатын жігіттерге көңіл аударыңыздар. Олардың үшеуі – өрімдей жас жігіттер. Біреуі – ауылдан шыққан бала, қазақ. Осылар қазір тәжірибелі бәсекелестерін "шаң" қаптырып кетеді деп ойлаймын, – деп бізді желпіндіріп қойды.
Көп ұзамай ескек ескен қыз-жігіттер арасындағы бәйгелер де басталды. Алғашқы екі бәйгеде өзбектер өктем түсті. Қиқулап жатыр... Бір кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 1000 метрге жарысудан біздің Юрий Березинцев қола жүлдені қанағат тұтты.

Бір кісілік қайықта тізерлеп тұрып, бір қалақты ескекпен 1000 метрге жарысудан Сергей Емельянов мәре сызығын екінші болып қиды. Негізі, бірінші келе жатқан, бірақ соңғы метрлерде оның алдын өзбекстандық В.Менков орап кетті. Бапкерлері "әлі жас қой, жеңістері әлі алда" деп, 19 жастағы Сергейдің әлеуеті зор екендігін айтып жатыр. Сергейдің өзі "басында бар күшімді салып, соңғы метрлерде алқынып қалдым" деп, қапаланды...

Бұдан кейін тағы да күміс медаль еншіледік. Әйелдер арасындағы бір кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 500 метрге жарысуда Наталья Сергеева екінші орынға ие болды. Енді бес-алты метр болғанда, Қытай қызын қуып та жетер еді.
"Шешуші сәтте ескегім бір рет айналып кетті, қап-п, жұптасып жарысуда есемді қайтарамын" деп, тісін қайрады...

Бұдан кейін алтынға да қолымыз жетті. Екі кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 1000 метрге жарысқан Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов мәре сызығын бірінші болып қиды. Қазақстан жанкүйерлері ескекшілер стадионын бастарына көтерді.

Екі кісілік қайықта бір қалақты ескекпен 1000 метрге жарысуда Михаил және Тимофей Емельяновтар топ жарды. Екінші рет біздің Әнұранымыз шырқалды.

Төрт кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 500 метрге жарысқан қыздарымыз қола жүлдеге қол жеткізді. Олар – Екатерина Кальтенбергер, Кристина Абсинская, Зоя Ананченко, Ирина Подойникова. Бапкерлеріміз "қыздарымыз әлі жас, қола медаль олар үшін үлкен жетістік" деп жатыр.

Төрт кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 1000 метрлік қашықтықта бәйгеге түскен жігіттеріміз сенімді ақтап, тәжірибелі бәсекелестерінен асып түсті. Үшінші алтын!

Бұл бәйгеде ел намысын Дәулет Сұлтанбеков, Илья Голендов, Андрей Ергучёв, Александр Емельянов қорғады. Илья мәре сызығын қиған бетте, қуанғаны соншалық, қолындағы ескегін суға атып ұрды. Ал жағаға шыққан соң, жейдесіндегі Қазақстан гербін сүйіп, "мен өз елімді шексіз сүйемін" деп айқайлады.

Бұдан кейін тағы да екі алтынға қолымыз жетті. Қысқа қашықтықта (бір кісілік қайық, екі қалақты ескек, 200 метр) Инна Клинова үздік шықты.

Наталья Сергеева Ирина Подойниковамен жұптасып, екі кісілік қайықта екі қалақты ескекпен 500 метрлік қашықтықта бәйгеге түскенінде, сөзінде тұрып, Қытай қыздарынан есесін қайтарды. Бесінші алтын!

Ал Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов қысқа қашықтықта (екі кісілік қайық, екі қалақты ескек, 200 метр) жапон жігіттеріне жете алмай, екінші орынға ие болды.

Бүгін тек бір ғана финалдық бәйгеде жүлдеге іліге алмадық. Сергей Емельянов қысқа қашықтықта (бір кісілік қайық, бір қалақты ескек, 200 метр) бесінші орынды қанағат тұтты. Өйткені Сергей – спринтер емес, алыс қашықтыққа жарысуға машықтанған ескекші.

Жалпы, бүгін ескек есуден ХVІІ жазғы Азия ойындары бағдарламасында 12 қашықтықта жүлдегерлер анықталды. Оның біреуінде ғана біздің ескекшілеріміз сынға түскен жоқ (бір кісілік қайық, екі қалақты ескек, 200 метр). Бізде негізі спринтерлер аз. Ал дәл осы қашықтықта бәйгеге түсетін жігітіміз Инчхонға келе алмай қалыпты. Қалған 10-ында жүлдені "уыстап" алдық – 5 алтын, 3 күміс, 2 қола.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети