Бүгін велоспорттан ХVІІ жазғы Азия ойындары бағдарламасындағы аламан бәйге өтіп, Қазақстан велошабандоздары жүлдесіз қалды, - деп хабарлайды "Алаш айнасының" Оңтүстік Кореядағы арнаулы тілшісі.
Бүгін велоспорттан ХVІІ жазғы Азия ойындары бағдарламасындағы аламан бәйге өтіп, Қазақстан велошабандоздары жүлдесіз қалды, - деп хабарлайды "Алаш айнасының" Оңтүстік Кореядағы арнаулы тілшісі.
Бәріне де кінәлі – Дмитрий Груздевтің зеңгір аспан түстес төлқұжаты. Жоқ, төлқұжаты. Жоғалтып алған-мыс (Қаншалықты шын екенін). Содан "жекелей сында ел қоржынына саф алтынды салады" деп сенім артылған Дмитрий Груздев Еуропадан Инчхонға келе алмай қалды. Амалсыз жоспарды бұзуға тура келген.
Кеше Груздевтің орнына Алексей Луценко шығып, сенімді ақтады. Ең үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Ал бүгін аламан бәйге өтті.
Бұл бәйгеде біздің елдің намысын әу бастан Алексей Луценко мен Руслан Тілеубаевтың қорғайтындықтары белгілі еді. Екеуі бүгін аламан бәйгеге шықты да. Алексей кеше біраз күш-қуатын жұмсағандықтан, бапкерлер бүгін бар ауыртпалықты Русланға артты.
Жалпы, Руслан бұл бәйгеге қаражаяу емес-тін. Осыдан үш жарым айдан астам уақыт бұрын ғана Қарағандыда өткен Азия чемпионатында топ жарған. Сол жетістігін Инчхонда да қайталайды деген үміт басым еді...
Велоспортшылар сөреден шыққан соң, біраз бірге жүрді де, екіге бөлініп кетті. 13 велоспортшыдан құралған топ қарқындарын үдетіп, ұзай бастады. Қалған велоспортшылар солардың соңдарынан ілесумен болды. Руслан бірінші топтағы, ал Алексей екінші топтағы велошабандоздардың арасында болды.
Бапкерлердің тактикасы бойынша, Алексей екінші топты тежеп, бірінші топтың қара ұзап кетуіне ықпал етуі керек болды. Іс жүзінде солай болды да, екінші топ алдағылардан көп қалып қойды.
Олардың енді алдағы топқа жете алмайтындығына көзі жеткен Алексей соңғы айналым басталғанда, бапкерлердің рұқсатымен жарыс жолынан шықты. Өйткені оған соңғы айналымда босқа тер төгудің қажеті жоқ еді.
Әлқисса, Русланның тобындағы үш велоспортшы өзгелердің қарқындарына ілесе алмай, бөлініп қалған болатын. Олар да жүлдеден үміттерін үзген еді. Сонда қалғаны – 10 велоспортшы ғана. Ал Тілеубаевқа тоғыз бәсекелесімен тайталасу қиындық туғызбауы керек-тін.
Бірақ соңғы айналым басталатын тұста Корея және Иран велоспортшылары қамшыны басты. Екеуі қалған сегізінен сытылып шығып, қарқындарын үдеткен үстіне үдете берді. Көмбеге дейін өзгелерден құйрық үзіп кетті. Руслан оларды қуып жетуге қанша тырысса да, қалғандарын оны қолдамай, әлгі екеуінен көз жазып қалды. Енді тек үшінші орынға ие болуға тырысу керек.
Көмбеге тақағанда, Корея велоспортшысы Иран велошабандозынан озып кетіп, чемпион атанды. Олардың артындағы сегіз спортшы мәре сызығына жақындағанда бар күштерін салып, иық қағыстыра жанталасты. Өкінішке қарай, Руслан Тілеубаев бесінші орынмен шектелді. Үшінші орынды соңғы метрлерде Гонконг велошабандозы жұлып "әкетті".
Сонымен, аламанда алтын тұрмақ, мүлде жүлдесіз қалдық. Төрткүл дүниеге танымал, айбынды "Астана" деген кәсіпқой велоклубы бар ел үшін бұл орны толмас жеңіліс емес пе?! Ұятқа қалған жоқпыз ба?
Азияда топ жаруға қабілеті бар қаншама велоспортшымыз бар. Бірақ олар қайда? Төлқұжаттарын түгелі де жоғалтып жүр ме? Егер кешегі алтынды Дмитрий Груздев немесе Александр Дьяченко алғанда, бүгін Алексей Луценко тың болып, ол да жүлде үшін жанын салар еді ғой.