Жүзу спортынан еліміздің жас таланты Дмитрий Баландин Инчхонда үшінші рет топ жарып, ХVІІ жазғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Жүзу спортынан еліміздің жас таланты Дмитрий Баландин Инчхонда үшінші рет топ жарып, ХVІІ жазғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Жүзу спортының брасс әдісімен жарысудан тағы да Азияны тамсандырып, Жапонияның өзін шаң қаптырдық. Ерлер арасындағы жекелей сында сарапқа салынған үш алтынды да олжаладық.
Бүгін жүзудің осы түрінен Азияның ең үздік спортшылары 50 метрлік қашықтықта бәйгеге түскен еді. Бұның алдындағы 100 метрлік бәйгеде Дмитрий Баландиннің сөреден шыққанда бәсекелестерін алдына жіберіп алғанын көрген едік. Соны ұмыта алмай, біраз қобалжыдық. 100 метрлік қашықтықта бәсекелестерін қуып жете алды. Ал 50 метр оларды қуып жетуге жете ме, жоқ па?!
Міне, бүгінгі бәйгенің бар қызығы мен шыжығы осы еді. Абырой болғанда, Баландин сөреден шыққанда бәсекелестерінен көп қалып қойған жоқ. Яғни бапкерлерімен бұған айрықша көңіл бөліп, мейілінше дайындалған.
Содан басты. Аянған жоқ. Бойының, қолдарының ұзындығын пайдалана білді. Қолдарымен екі жағына ескенінде, алға зулайды. Қарқыны өте жоғары. Шамамен қырық метрлік межеге жеткенінде, сұқ саусақтың бір буынындай мөлшерде алға шыққандай болды. Жылдамдығын одан әрі үдетті.
Сөйтіп, көмбеге қолы тағы да бірінші болып тиіп, үшінші рет жеңімпаз атанды. Әрі үшінші рет, яғни үш қашықтықта да (50, 100, 200 м) Азия ойындарының рекордтарын жаңартты.
Үшінші рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, еліміздің Әнұранын қосыла шырқаған соң:
– Міне, бүгін үшінші рет алтын медаль алып отырмыз. Өз елімнің осы бір ерен жетістігіне үлес қосқаныма өте қуаныштымын. Қатты шаршадым. Тіпті күлуге де күшім жоқ, – деп қысқа да нұсқа сөйледі.
Шет елдік журналистер "Қазақстанның жүзу спорты тарихында осындай ерен жетістік болып па еді", – деп сұрақ қойды. Оған Баландин "бұған дейін екі алтын алғанбыз, енді бесеу болды", – деп жауап берді.
Шынымен де, 1994 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықтағы бес Азия ойындарынан Қазақстан жүзгіштері екі алтын, үш күміс, тоғыз қола (барлығы – 14 медаль) еншілеген болатын.
Алексей Казаков, ХVІІ жазғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы Дмитрий Баландиннің жеке бапкері:
– Азияда брасс әдісімен жүзуден Жапонияға алтын ұстатпау – қиял ғана. Бірақ біз осындай қиялға тең жетістікке қол жеткізіп отырмыз. Мұның бәрі табандылықпен, шүмектетіп төккен тердің арқасында келді. Словениялық кеңесші-бапкеріміздің де әдістемелік дайындықтарының көмегі тигендігін атап өткім келеді.