Бүгін ХVІІ жазғы Азия ойындары өтетін Инчхон қаласында салтанатты түрде Қазақстан туы көкке көтерілді, - деп хабарлайды "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі Оңтүстік Кореядан.
Бүгін ХVІІ жазғы Азия ойындары өтетін Инчхон қаласында салтанатты түрде Қазақстан туы көкке көтерілді, - деп хабарлайды "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі Оңтүстік Кореядан.
ХVІІ жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталатын алаңға осы дүбірлі додаға қатысатын елдердің барлығының мемлекеттік тулары ілінуі керек. Әзірше Оңтүстік Кореяға келген 10 мемлекеттің тулары ілінген екен.
Бүгін олардың қатарына тағы да алты елдің мемлекеттік туы қосылды. Атап айтқанда, Қазақстан, Иран, Бахрейн, Малайзия, Түркіменстан, Пакистан елдерінің Әнұрандары шырқалып, мемлекеттік тулары салтанатты түрде көкке көтерілді.
Алты елдің ішінде спортшылары мен делегациясы бәрінен көп ел – Қазақстан. 200-ден астам спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыз тізіліп, сапқа тұрды. Журналистеріміз де біршама болды.
Алты елдің туы көкке көтерілген соң, ұйымдастырушылар әр мемлекеттің делегациясының басшысын ортаға шақырып, оларға Азия ойындарының бойтұмарларының кәдесый түрінде жасалған нұсқаларын тарту етті. Ал әр елдің өкілі "сыйға – сый" дегендей, ұйымдастырушыларға өздерінің кішкене ғана базарлықтарын тапсырды.
Біздің елдің атынан ортаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов шығып, оңтүстіккореялықтарға "Алтын Адам" кәдесыйын сыйлады.
Мемлекеттік ту көтеру рәсімі аяқталған соң, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовты сөзге тарттық:
– Мемлекеттік ту көтеру салтанаты әсерлі болды. Біздің делегация ерекше көзге түсті. Бірақ бастысы, бұл емес – дүбірлі доданың басталуы. Ең бастысы – мақсатымызға жету, ел намысын абыроймен қорғау. Осы мақсатта спортшыларымыз жан-жақты дайындалды. Әзірлік жұмыстары ойдағыдай өтті. Енді Азия ойындарының басталуын тағатсыз күтудеміз.
Айтпақшы, біздің көк байрағымыз басынан санағанда жетінші болып желбіреп тұр. Ырымшыл халықтың ұрпағымыз ғой, мұны да жақсылыққа баладық...