ХVІІ жазғы Азия ойындарында жүзу спортының жас таланты Дмитрий Баландин ел қоржынына екінші рет алтын салып, екі дүркін чемпион атанды, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
ХVІІ жазғы Азия ойындарында жүзу спортының жас таланты Дмитрий Баландин ел қоржынына екінші рет алтын салып, екі дүркін чемпион атанды, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Су спорты түрлеріндегі брасс әдісімен жүзуші Дмитрий Баландин бүгінде теңдессіз шықты. 19 жастағы жас талант кеше 200 метрлік қашықтықта топ жарса, бүгін 100 метрлік бәйгеде жеңімпаз атанды. Әрі кеше де, бүгін де осы екі қашықтықтағы Азия ойындарының рекордтарын жаңартты.
Өзі бір ибалы "бала" екен. Бала деуге де келмейді. Бойы екі метрге жуық (195 см), жауырыны қақпақтай (тфә-тфә). Күлімдеп тұрған жүзінде бір жылылық бар.
Марапаттау рәсімінен жүлдегерлерді кейін журналистерге арналған баспасөз жиынына әкелген. Сонда бүкіл Азия елдері журналистері алдында "Қазақстан, туған елім" деп, жиналғандарды тәнті қылды.
– Мен Қазақстан қоржынына екі алтын салғаныма шектен тыс қуаныштымын. Енді мұнымен шектеліп қалғым келмейді. Жүзу спорты жарыстарының соңғы күні тағы да бәйгеге түсемін. Сонда тағы да Қазақстанның абыройын асқақтатқым келеді.
Шынымды айтсам, Азия ойындарына келгенде, ең әрісі қола жүлдеге қол жеткізсем екен деп ойлаған едім. Бірақ нәтижелерім менің ойлағанымнан да асып түсті. Кешеден бергі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз бір жыл бойы жатпай-тұрмай жаттықтық. Тіпті үйімізде болған жоқпыз десем де болар. Мұның бәрі сол өлшеусіз еңбектеріміздің жемісі деп ойлаймын. Өз басым сол төккен теріміздің зая кетпегеніне қуаныштымын.
Шынында да, мен көптен бері халықаралық жарыстардың жеңіс тұғырына көтеріліп, көкке көтеріліп бара жатқан туымызға қарап, Әнұранымызды естуді армандап жүр едім. Сол арманыма жеткеніме өте қуаныштымын, – деді Дмитрий Баландин.
Кешеден бері елдегі жанкүйерлердің "бұл өзіміздің бала ма, бұған дейін аты мүлде шықпаған ғой" деген сұрақтарын естіп жатырмыз. Бұл сұрақты Дмитрийдің өзіне көлденең тартқанымызда, ол "мен алматылықпын, бапкерімнің есімі – Алексей Казаков" деп жауап берді.
Жүзу спортынан Қазақстан ұлттық құрамасындағы Дмитрийден үлкен спортшыларымыз "біз де Дмитрийден мұндай өте жоғары нәтиже күткен жоқпыз, спорттық бабына келген екен, бәрімізді қуантып жатыр", – деді.
Осыдан екі жыл бұрын ауыр жарақат алып қалған екен. Өзін қатарға қосқан дәрігерлерге де алғыс айтуын ұмытқан жоқ.
Кореяда Баландинді көріп, ауыздарының суы құрып жүрген шетелдік қыздар тым көп. Кешеден бері Баландин жайлы сұрайтын кореялық және басқа да азиялық қыздар қаптап кетті. Бүгін Баландин екінші рет чемпион болғанда, оның тілеуін тілеп, айқайға басып тұрған Қазақстан құрамасының қыздары (жүзу спортынан) көз жастарына ие бола алмай қалды...
Міне, Баландин осындай жігіт екен. Қазақстан спортының жаңа жұлдызы жарқырап жанып келе жатқандай.