Өзбекстан басшылары Ташкентте өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына Эбола індеті тараған Батыс Африка елдерін қатыстырмауды сұрап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Өзбекстан күрес түрлері ассоциациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Өзбекстан басшылары Ташкентте өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына Эбола індеті тараған Батыс Африка елдерін қатыстырмауды сұрап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Өзбекстан күрес түрлері ассоциациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Өзбекстан күрес түрлері ассоциациясының мәліметі бойынша, елдің денсаулық сақтау министрлігі Халықаралық күрес түрлері федерациясына Эбола дерті тараған Гвинея, Либерия, Сьерра-Леоне, Нигерия және Конго елдерінің спортшыларын әлем чемпионатына қатыстырмауын сұрап, хат жолдаған. Бұл мәселе қазіргі уақытта Халықаралық күрес түрлерінің федерациясының қаралуында жатыр.
Одан бөлек, ведомство өкілдері күрес түрлерінен әлем чемпионаты барысында Африканың өзге спортшылары мұқият бақылауда болатынын айтады.
Еске салайық, Халықаралық Олимпиада комитеті Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасына Эбола дертін жұқтырған үш спортшыны қатыстырмай қойған болатын. ХОК таратқан ақпарат бойынша, ол спортшылар жолдаманы күрес түрлерінен және жүзу спортынан жеңіп алған.
Соңғы мәліметтер бойынша Батыс Африкада Эбола безгегінен 1427 адам қайтыс болды. Еске сала кетейік, Эбола қанды безгегі - осы инфекцияны жұқтырған адамның қаны немесе іріңі, сондай-ақ ауру адам ұстаған заттар арқылы тікелей таралатын қауіпті індет.
Айта кетейік, биыл күрес түрлерінен әлем чемпионаты 8-13 қыркүйек аралығында Өзбекстанның бас шаһары Ташкент қаласында өтеді. Бұл байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын балуандар тізімін мына жерден көре аласыз.