Жағажай волейболынан еліміздің өрімдей жас таланттары Таиландта өтетін електік сында жасөспірімдер арасындағы Нанкин Олимпиадасының жолдамаларына таласатын болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жағажай волейболынан еліміздің өрімдей жас таланттары Таиландта өтетін електік сында жасөспірімдер арасындағы Нанкин Олимпиадасының жолдамаларына таласатын болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін тай елінде, нақтырақ айтқанда, Кханом жағажайында 17-27 тамыз аралығында Нанкинде (Қытайда) өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы ІІ Олимпиада ойындарының електік додасы басталады. Азия аймағы бойынша өтетін іріктеу турниріне біздің ел де ұл-қыздарын үкілеп қосып отыр. Ел намысын Ақтаудағы «Каспий» клубының өкілдері қорғайды. Атап айтқанда, қыздар арасында Анастасия Туктарева – Екатерина Ласюта жұбы, ал ұлдар арасында Сергей Полищук пен Егор Дмитриев өз бақтарын сынайды.
Бірден айта кетейік, жағажай волейболы жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына бірінші рет енгізіліп отыр. Осыдан төрт жыл бұрын Сингапурде өткен жас таланттар арасындағы алғашқы Олимпиада ойындары бағдарламасында тек классикалық волейбол ғана болған.
Ал Нанкин Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізу үшін жүлделі орындардың біріне ие болу қажет. Кханомда осы санаулы жолдамаларға 25 жұп (13-і бозбалалар, ал 12-і бойжеткендер арасында) таласады.
Жалпы, топтық кезеңде бұл жұптар төмендегідей болып жіктелген:
Бозбалалар
«А» тобы: Гуам, Шри-Ланка, Жапония
«B» тобы: Таиланд, Вануату, Мальдив, Катар
«С» тобы: Қазақстан, Индонезия, Австралия, Сауд Арабиясы
«D» тобы: Сингапур, Жаңа Зеландия, Иран, Тайпэй
Бойжеткендер
«А» тобы: Соломонов аралдары, Гонконг, Вьетнам
«B» тобы: Гуам, Шри-Ланка, Таиланд
«C» тобы: Қазақстан, Жаңа Зеландия, Тайпэй
«D» тобы: Австралия, Жапония, Индонезия
Бүгін топтық ойындар өтеді, ертең – плей-офф додалары. Ал финалдық ойындар жексенбіге белгіленген.
Еліміздің намысын қорғайтын екі жұп та бұл сынға Түркияда дайындалып, оқу-жаттығу жиынын өткізген. Төрт спортшымызың ішінде Екатерина Ласютаның тәжірибесі молырақ. Ол былтыр 19 жасқа жейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, Анна Елефренкомен бірге 25-орынға ие болған. Ал Анастасия Туктарева екеуі былтырғы маусымның ортасынан бері бір жұпта ойнап жүр. Соған қарамай, былтыр күздегі ел чемпионатының ақтық сынында қола жүлдеге қол жеткізіп, көзге түскен.
Ал Сергей Полищук пен Егор Дмитриевтің бір жұпта ойнап жүргендеріне көп болған жоқ. Десек те, Қазақстан волейбол федерациясы екі жұпқа да сенім артып, жүлделі орындарға таласады деп үміттенеді. Өз кезегімізде, біз де оларға сәттілік тілейміз.