ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Тастанбек Есентаев Инчхонда спортшыларымыздың бүгінгі ерен жетістіктеріне оң бағасын берді, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Тастанбек Есентаев Инчхонда спортшыларымыздың бүгінгі ерен жетістіктеріне оң бағасын берді, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Ескек есу спортынан 10 жүлде (оның алтауы – алтын медаль) алған бетте ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Тастанбек Есентаевты сөзге тартқан едік.
Сонда таңертеңнен кешке дейін ескекшілеріміздің өнерлерін бастан-аяқ тамашалаған Тастанбек Құтжанұлы өз пікірін ортаға салды:
– Бүгін ескекшілеріміз финалдық 12 бәйгенің 11-інде бақ сынап, 10 жүлде олжалады. Оның бесеуі – саф алтын. Әрі өз мойындарына алған мақсаттарынан әлдеқайда асып түсіп отыр. Бұл осы спорт түрінен дайындық жұмыстарының өте жоғары деңгейде әрі мақсатты түрде жүргізілгендігін көрсетеді. Бірінші кезекте, осы спортшыларды дайындаған бапкерлеріміздің еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Содан соң сенімді ақтаған спортшыларымыздың құттықтағым келеді. Осы жерде отырып, жағажай волейболындағы жігіттеріміздің де алтын медаль жеңіп алғандарын естіп отырмыз. Бүгін бір сәтті, қанжығамыз қанданып, қоржынымыз майланған күн болды. Мен барлық отандық жанкүйерлерді осы тамаша жетістігімізбен құттықтаймын. Жеңісіміз жеңіске жалғассын, – деді вице-министр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан спортшылары ХVІІ жазғы Азия ойындарында бақтары жанып, 13 медаль (оның алтауы – алтын) олжалады. Қазір ел қоржынында барлығы 53 медаль (15 алтын, 16 күміс, 22 қола) бар.