2017 жылы өтетін ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық аясында алғашқы жұмыс сапарымен Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) ресми делегациясы Алматыға келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Универсиада 2017 баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2017 жылы өтетін ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық аясында алғашқы жұмыс сапарымен Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) ресми делегациясы Алматыға келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Универсиада 2017 баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) президенті Клод Луи Галльен (Франция) және FISU бас хатшысы Эрик Сейнтронд (Бельгия) алғашқы рет Қазақстанға іссапармен келіп отыр. Басты мақсат- Алматы қаласы басшылығы және Министрлер кабинеті өкілдерімен кездесулер өткізіп, студенттік спорттық ойындарын өткізудегі дайындық барысын талқылау.
Комиссияны Техникалық комитеттің (CTI) төрағасы Роджер Рот (Швейцария) бастап келді. Техникалық комитет бұрынғы спорт нысандарына баға беріп, жаңадан салынып жатқан нысандар құрылысымен танысады. Сондай-ақ комиссия мүшелері Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиадаға дайындық барысындағы Ұйымдастыру Комитетінің жұмысына баға бермекші.
Сараптамалық комиссия денсаулық сақтау мекемелері мен Ұлттық антидопингтік орталыққа барып, Ойын кезіндегі медициналық қамсыздандыру мен допинг-бақылау мәселелерін талқылайды. Қысқы Универсиада барысында телетарату мен ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері де назардан тыс қалмайды.
FISU делегациясының құрамына спорттың түрлі салаларынан халықаралық деңгейдегі мамандар, Медициналық комитет, EUROSPORT телеарнасының жетекшілігі, IT-технологиялар мамандары енді. Жалпы Алматыға әлемнің 11 елінің өкілдері келген.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы өтетін ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы Алматы қаласында өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың 29 қарашасында Брюссельде Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) дауыс беруінде қабылданған-ды.
2017 жылы өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу мен ұйымдастыру бойынша келісімшартқа FISU, Алматы қаласы мен ҚР Ұлттық студенттік спорт федерациясының жетекшілері қол қойған.