Тоғызқұмалақтан Еуропа чемпионаты Швайнфуртта (Германия) 23-24 шілде аралығында өтті. Еуропа чемпионатына Германия, Франция, Грекия, Швейцария, Испания, Ресей, Чехия және тағы басқа оннан аса мемлекеттің спортшылары қатысты. Чемпионат швейцар жүйесі бойынша, ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еуропа чемпионаты ашылуына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов пен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Швайнфурт мэрі Карл Хайнц Каучок қатысты.
"Тоғызқұмалақ - қазақтың дүниежүзілік мәдениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. Чемпионат - интеллектуалдық сайыс, мәдени шара ғана емес, мәдени мұрамызды насихаттау жолы. Бұл - дүниежүзілік федерацияның құрылған күнінен бастап алға қойған міндеттерінің бірі", - деп атап өтті Әлихан Бәйменов.
Дүниежүзілік федерация 2009 жылдан бері тоғызқұмалақтан үш рет әлем чемпионатын өткізіп, үшіншісіне 25 ел өкілдері қатысқан. Чемпионаттардың өтуіне отандық кәсіпкерлер Дінмұхаммед Ыдырысов, Кеңес Рақышев, Ерлан Әшім, Мақсат Раманқұлов, Ерғали Ибрагимов қолғабыс тигізуде. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да тоғызқұмалақты дамытуға жүйелі көңіл аударылуда. Қазіргі таңда тоғызқұмалақпен айналысатын қазақстандықтар саны 200 мыңнан асты. Алда Азия чемпионатын ұйымдастыруға Қытай өкіметі өз тарапынан қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр.
Еуропа чемпионаты барысындағы халықаралық турнирге Қазақстан Ұлттық құрама командасы мүшелері де қатысып, шетелдік спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе жинақтауына көмек көрсетті. Жарысқа қатысушылар мен тоғызқұмалақ әуестенушілері - негізінен Еуропа елдерінде тұрып жатқан жергілікті халық.
Чемпионат аясында, сондай-ақ, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде одан әрі дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды.
Суреттер: Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі