IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин келесі кездесуін 2020 жылдың наурызында өткізуі мүмкін. Бұл туралы Matchroom Boxing промоутер компаниясының басшысы Эдди Хирн мәлімдеді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның айтуынша, Головкиннің қарсыласы - поляк боксшысы Камил Шеремета (21-0, 5 КО) болуы мүмкін. Олардың жекпе-жегін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) санкциялады.
"Головкин наурыздың соңында, атап айтқанда 28-інде Шереметамен кездеседі деген болжам бар", - деп жазған Bokser.org Хирн сөзін келтіріп.
Головкин 5 қазанда Нью-Йоркте (АҚШ) жеңген IBF титулын алғаш қорғамақ.
Айта кетсек, сол кештің андеркартасында Шеремета да өнер көрсеткен. Ол екінші раундта мексикалық Оскар Кортесті нокаутқа түсіріп, IBF титулына үміткер атанған.