Қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін күрес түрлерінен лицензиялық әлем біріншілігінде отандық балуандар алдына үлкен міндет қойылып отыр. Өз жерімізде жалауы желбірейтін дүниежүзілік додаға спортшыларымыз үзіліссіз дайындалу үстінде. Грек-рим күресінен Қазақстан командасы бұл күндері Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ұлттық олимпиада комитеті құрама көшбасшыларының дайындығымен танысып, әлем біріншілігі қарсаңындағы пікірлерін білген, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

"Дайындық әзірге ойдағыдай, нағыз нәтижені жарыс күні көрсететін боламыз. Иран, Қытай, Ресей, Жапониядан келетін спортшыларды басты қарсылас деп танимын. Бірінші орынға таласуға мүмкіндігіміз жетеді деп ойлаймын. Бүгінде Щучинск қаласында жаттығудамыз. Ал 5 шілде күні Арменияда бірлескен жиын басталады. Ол бізге физикалық тұрғыдан қатты күш түсіретін сынақ болғалы тұр. Әрине, өз елімізде өнер көрсететін болғандықтан, жауапкершілік те көбірек болады. Намысты қолдан бермей, бар күш-жігерімізді салатын боламыз", - дейді әлем чемпионаттарының жүлдегері Алмат Кебіспаев.
Сондай-ақ, құрамадағы жас әрі талантты балуандардың бірі Айдос Сұлтанғали да өз ойымен бөлісті.
"Қазіргі сәтте дайындығымыз аса жоғары деңгейде. Өз xалқымыздың алдында екі есе салмақты сезінетін боламыз, әлбетте. Үздік өнер көрсету үшін жаттығуға аса үлкен көңіл бөлініп жатыр. Құдай қаласа, ел үмітін ақтаймыз!", - деген ол жеңіске деген ұмтылысы барын үлкен сеніммен айтты.
"Қарсыластарымыздың барлығы жақсы спортшылар. Бірақ біз де бозкілемде аянып қалмаймыз. Ел алдындағы жауапкершілік үлкен екенін естен шығармаймыз!", - деді ұлттық құрама мүшесі Азамат Күстібаев.
Еске сала кетейік, грек-рим күресінен команда бас бапкері қызметіне белгілі балуан, 1999 жылғы әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов кірісті.
Ал құраманы бүгінге дейін жаттықтырған Нұрым Дүйсенов Қытайда өткен Азия чемпионатынан соң қызметінен босатылды. Құрлық біріншілігінде біздің «классиктер» алтынсыз қалған болатын.
Күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралығында ел астанасында өтеді.