Қазақстандық зілтемірші Жазира Жаппарқұл 69 келіге дейінгі салмақта Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Қазақстандық зілтемірші Жазира Жаппарқұл 69 келіге дейінгі салмақта Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Жұлқа көтеруде кіші қола жеңген 20 жастағы спортшы оған серпе көтеруде алған күміс медалін де қосып отыр. Бұл жаттығуда Жаппарқұл 144 келі тартатын зілтемірді еңсерді.
Серпе көтеруде алтын медальді Солтүстік Кореядан келген Ре Ын Хи жеңіп алды. Ол 145 келіні көтерді.
Марапаттау рәсімінен соң ауыр атлет өз жеңісін жанұясы мен бапкерлеріне арнайтындығын мәлімдеді. "Әлем чемпионатына 4 ай бойы дайындалдым. Дайындық сәтті өтті. Осы әлем чемпионатында медаль алған бірінші қазақ қызы болғаныма өте қуаныштымын. Бұл медальды ата-анама арнаймын. Себебі мен солардың арқасында дүниеге келдім, оларға зор алғысымды білдіремін! Менің Альфия есімді сіңлім бар, бұл медальді оған да арнаймын, ертең оның туған күні! Сонымен бірге, жүлдемді жеке бапкерім Вячеслав Нюға арнаймын, бірінші бапкерім Дүйсебек Құрмановқа арнаймын. Арыс ауданына да арнағым келеді, мен сол жақта туғанмын, сол жақта спортқа алғашқы қадамымды жасадым. Мен бірден ауыр атлетикаға келдім, бұл маған ең ұнайтын спорт түрі, бұл менің өмірім!", - деді спортшы.
Жаппарқұлдың айтуынша, ол ары қарай да халықаралық ареналарда Қазақстан атын шығарғысы келеді.
Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты Алматыда 8-16 қараша аралығында өтіп жатыр. Қазақстан құрамасына әзірше жалғыз алтын медальді Зүлфия Чиншанло әкелді.