Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ жазғы Азия ойындарында жүзу спортынан бүгінде бір алтын, бір күміс алдық, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ жазғы Азия ойындарында жүзу спортынан бүгінде бір алтын, бір күміс алдық, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Дмитрий Баландиннің бүгін ХVІІ жазғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанғанын жаздық. Енді екінші рет күміс медаль олжалаған Екатерина Руденконың өз жетістігі жайлы айтқандарына тоқтала кетсек.
Кеше шалқалап жүзуден әйелдер арасындағы 50 метрлік қысқа бәйгеде екінші орынға ие болған Екатерина Руденко бүгін 100 метрлік қашықтықта да күміс жүлдегер атанды. Бүгін де оның алдын Қытай қызы Я.Фу орап кетті.
Шамамен 75-80 метрлік аумаққа дейін Руденко сәл-пәл (бір секундтың ондаған бөлігіндей аралықта) алда келе жатыр еді. Алайда соңғы метрлерде Қытай қызы қарқынын үдетіп, көмбеге қолы бірінші болып тиді...
Марапаттау рәсімінен кейінгі журналистерге арналған баспасөз жиынында Екатерина Руденко ағылшын тілінде мүдірмей:
– Мен өзімді мақтан тұтамын, өзімнің елімді мақтан тұтамын. Бәрі де – өзімнің отбасым үшін. Жүлделерімді елім мен отбасыма арнаймын. Өйткені олар мені үнемі қолдап отырады. Отбасымды сүйемін. Кешеден бері екі күміс алдым. Бұл тамаша бастама деп ойлаймын. Екі қашықтықта да алтынға сәл-пәл жетпедім. Аяғыммен "итеріп" отыруым шабандау. Оны өзім де білемін. Бірақ табиғаттың берген сыйы, суды қолыммен жақсы есемін және қарқыным жоғары. Алдағы әлем чемпионатында сенімді ақтағым келеді. Ал басты мақсат – әрине, Рио Олимпиадасы, – деді.
19 жастағы Дмитрий Баландин мен үш аптадан кейін 20-ға толатын Екатерина Руденконың "Қазақстан үшін, елім үшін" деген жүрек тербер сөздерін естіп, "бұлар Тәуелсіз еліміздің тәрбиесімен өскен жас ұрпақтарымыз ғой" деп риза болдық.