Қазақстан дзюдошысы Рустам Ыбыраев Жапонияда өтіп жатқан "Үлкен Дулыға" халықаралық турнирінде жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz confederation.kz сайтына сілтеме жасап.
60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Рустам алғашқы белдесуде йемендік Әли Хусрофты, екінші кездесуде көпшілікке танымал жапон балуаны Шинджи Кидоны жеңді. Содан соң чех Давид Пулкрабектен де айласын асырды.
Өкінішке қарай, жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Джин Вон Кимге есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде Еуропа чемпионатының жүлдегері, Израиль дзюдошысы Артем Аршанскойдан басым түсті.
Токио татамиінде дәл осы салмақта біздің Ыбыраевты жеңген Джин Вон Ким (Оңтүстік Корея) жеңімпаз атанды. Екінші орын Жапония жігіті Тору Шишимеге бұйырды. Ал екі қоланың бірін Рустамнан бөлек Юма Ошима (Жапония) еншіледі.
Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, ақтөбелік Рустам Ыбраев биыл Шымкентте өткен Қазақстан біріншілігінде тұңғыш рет ел чемпионы атанған болатын.