Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы "Еуро-2016" іріктеу додасына дайындалу үшін 5-13 тамыз аралығында Алматы маңында орналасқан Талғардағы базада оқу-жиындарын өткізеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы "Еуро-2016" іріктеу додасына дайындалу үшін 5-13 тамыз аралығында Алматы маңында орналасқан Талғардағы базада оқу-жиындарын өткізеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жаттығу жиындарына Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан отыздан астам ойыншы шақыртыпты. Оқу-жаттығу барысында сол футболшылардың арасынан үздіктері іріктеліп, алдағы "Еуро" іріктеу ойынында Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын болады.
Тамызда өтетін оқу-жаттығу жиыны аясында Қазақстан құрамасы Еуропаның белді құрамаларының бірімен жолдастық кездесу өткізу жоспарлануда. Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамалар департаментінің басшысы Владимир Нидергаустың айтуына қарағанда, дәл қазір біраз елдердің өкілдерімен жолдастық кездесу жайлы келісімсөздер жүргізілуде.
"Еуро-2016" іріктеу додасының аясындағы алғашқы қарсыласымыз – Латвия құрамасы. Бұл командамен 9 қыркүйек күні Астанада ойнаймыз. Сондықтан осы Латвиямен болатын ойынға лайықтап, жолдастық кездесуге қарсылас қарастырып жатырмыз. Ұлттық құрамамыздың жолдастық кездесуі Алматыда өтеді деп жоспарлануда" - дейді Нидергаус.
Ал Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстан құрамасының 13 тамыз күні Алматының Орталық стадионында Хорватия құрамасымен жолдастық кездесу өткізетіні белгілі болды.
Ұлттық құрамамызбен бірге оқу-жаттығу жиындарын жастар (U-21) және жасөспірімдер (U-17) құрамасы да өткізеді. Жастар құрамасының жиыны тамыздың 9-ы мен 13-і аралығында Шымкенттегі "Биік" базасында өтеді деп жоспарлануда. Жиын барысында жастарымыз Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында 2014 жылдың 4 қыркүйегінде өтетін Францияға қарсы ойынға дайындықтарын пысықтамақ. Жасөспірімдер құрамасы "Еуро-2015" іріктеу додасына дайындалады. Жеткіншектеріміздің жиыны Талғардағы базада тамыздың 22-сі мен 30-ы аралығында өтеді.