Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Алматы 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу үшін аса көп шығындалмайтындығын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Алматы 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу үшін аса көп шығындалмайтындығын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың Алматыға келу сапарына орай бүгін БАҚ өкілдері мен спортшыларға арналған баспасөз жиынын өтті.
Оған ХОК президенті Томас Бах, ХОК делегациясының өкілдері, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Тастанбек Есентаев және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Басқосу барысында ХОК президентіне "неге кейінгі жылдары қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ниет білдірушілер саны азайып кетті, шығыны шаш-етектен бе?" деген сұрақ қойылды. Сонда ХОК президенті Томас Бах:
– Негізі, әу бастан қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ниет білдірушілер саны жазғы Олимпиаданы өткізгісі келетіндерден әлдеқайда аз болатын. Оның басты себебі – жағрафиялық ерекшелікте. Жағрафиялық жағдайы мен табиғат ерекшеліктеріне байланысты барлық құрлық қысқы Олимпиада ойындарын өткізе алмайды. Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге болатын құрлықтар мен елдер саны көп емес.
Ал шығын жағына келер болсақ, соңғы екі қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Ванкувер мен Сочи түптеп келгенде пайда көрді. Бұл жерде Сочидің жағдайы тым бөлек. Өйткені бұл жазғы шипайжайлы (курортты) қала ғана болатын. Яғни қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге болатын ештеңе жоқ еді. Спорттық кешендерді айтпағанның өзінде, телекоммуникациялық құрылымы, инфрақұрылымдық жүйесі – бәрі-бәрі жаңадан жасалды. Қаншама спорттық кешендер, қонақ үйлер тағы да басқа инфрақұрылымдық жүйелер салынды. Сондықтан Сочидің шығыны көп болды.
Ал Алматыны Сочимен салыстыруға мүлде болмайды. Алматы – спорттық шежіресі бар, телекоммуникациялық және инфрақұрылымдық жүйесі дамыған қала. Спорттық кешендердің көбісі бар. 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дейін бәрі де дайын болмақ, – деп жауап берді.
Сол кезде ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов:
– Жалпы, қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін басты үш талап қатаң сақталады. Біріншісі – елдегі саяси ахуал, саяси тұрақтылық. Екіншісі – экономикалық жағдай. Үшіншісі – халықаралық деңгейдегі спортшыларының болуы. Бізде бұл үшеуі де бар. Әрі біз Сочи сияқты көп шығындалмаймыз. Сочиде ештеңе жоқ болатын. Сондықтан қала толықтай қайта өңделді. Ал бізде көбісі бар.
Кешеден бері оны ХОК өкілдері өз көздерімен көрді. "Медеуде", "Шымбұлақта", "Сұңқарда" болып, қайран қалысты. Бәрі де халықаралық талапқа сай. Бізде Президенттің өзі спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отырады. Барлық аймақтарымызда спорттық кешендер салынып жатыр. ХОК делегациясы асығыс екен, қазір екі сағаттан кейін кері ұшады. Әйтпесе, басқа да спорттық кешендерімізді көрсетер едік. Тағы да келіңіздер деп отырмыз. Басқа өңірлерімізді де көрсете аламыз, – деп өз ойын қосты.