Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.58
EUR / KZT - 390.38
CNY / KZT - 49.85
RUB / KZT - 5.63

"Полторанин дауы"...

02 Мамыр 2014, 15:21
0
Фото allsportslovers.blogspot.com сайтынан
Фото allsportslovers.blogspot.com сайтынан

Бүгінде қазақ спортында үлкен бір дау өршіп, спорт сүйер қауым арасында пікірталас туғызып отыр. Басында мән бермеуге тырысқанымызбен, "Полторанин дауына" біз де тоқталып өткенді жөн санадық, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.

"Полторанин дауы" қалай басталды

"Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші, түптеп келгенде бәрі де ақшаға келіп тірелетіндей. "Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы" РМҚК жариялаған мәлімдемеге сүйенсек, шаңғышы Алексей Полтораниннің бапкерлері жаңадан өз талаптары мен шарттарын көлденең тартып, келісімшарттарын қайта қарап, оны ұлғайтып, тіпті шаңғы жарысы спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерін ауыстыруды ұсынған.

Полтораниннің өзі "Караван" газетіне берген сұхбатында "ұлттық құраманың бас бапкері Александр Батяйкинмен және оның көмекшісі Владимир Сахновпен команданың 70 пайыз жұмыс жасағысы келмейді, олардың шаңғышыларды дайындау бағдарламасы маған ұнамайды" деп салды.

Сондай-ақ арлы-беру ұшу, орналасу, тамақтану, медициналық бақылау барысындағы ұйымдастыру жұмыстары да көңілінен шықпайтындығын тілге тиек етті. Тіпті сервистік қызмет көрсету мен шаңғыларды дайындаулары да өзіне жақпайтындығын білдірді.

Полторанин Қазақстан азаматтығын ауыстырғысы келді ме?

Ол, ол ма... Полторанин өз сұхбатын "егер маған жағдай жасалмаса, онда мен туған елім Қазақстанда спорттық ғұмырымды тамамдауға мәжбүр боламын" деп түйіндепті.

Бұл көпшілік арасында "Қазақстаннан кетіп, азаматтығымды ауыстырамын" деген мағынада желдей есті. Әрине, бұдан кейін Полтораниннің бапкерлері де, өзі де олай айтпағанын, әрі кетсе шет елге кетіп, Еуропа клубтарының бірінің намысын қорғап, ал Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан шығуды ойлағандарын айтып, түсініктеме бере бастады.

Ердос Ахмадиевтің бапкерлерін жақтауы

Осы кезде, өз пікірлерін білдірушілер аз болған жоқ. Біреу Алексейді ақтады, енді біреу даттады. Осылай көпшілік пікірі екі айырылды. Дәл осы тұста шаңғымен жарысу спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ердос Ахмадиев та отандық басылымдарда өз пікірін білдірді (sk-sport.kz).

Нақтырақ айтқанда, "Бізді оның (Полтораниннің) айтқан өтірігі қынжылтады, команданың 70 пайызы Батяйкин мен Сахновтың жұмысына ырза емес дегені, ұлттық құрама осы бапкерлермен жаттығып жүр, бізге бәрі ұнайды" деген сөздерін сан-сақа жүгірткендер де болды.

Мысалы, отандық sports.kz порталы Ердосты жерден алып, жерге салды десек те болатын шығар. Олардың жазғандары "Олимпиада ойындарында 48-орыннан жоғары көтеріле алмаған спортшының осылай айтатын жөні бар ма еді" дегенге саяды.

Тіпті "ол мұны Оңтүстік Кореяда өтетін келесі қысқы Олимпиада ойындарында тағы да еліміздің көк байрағын сеніп тапсырады деген мақсатта айтып отыр" деп те жазғырған. Онымен қоймай, "оның құрама сапына ілігетін басқадай мүмкіндігі жоқ әрі болмайды" депті.

Біз ешкімді де жазғырудан аулақпыз. Бірақ аталған порталдың Полторнин мен Ахмадиевті бір-біріне қарсы қоюлары көптеген оқырмандарға ұнаған жоқ...

Полторанин Ильинге еліктей ме?

Осы дауға қатысты "Мегополисте" жарық көрген мақала өзгеше болды. Онда бұған дейін тек әйгілі ауыратлетіміз Илья Ильиннің ұлттық құраманың бас бапкерлеріне көңілі толмайтындығын білдіріп, осындай үзілді-кесілді талап қойғандығы еске түсірілген.

Аталмыш басылымның жазуынша, Алексей Полторанин де "бас революционер" Ильяның жолына түскен. "Бірақ Алексейге Ильяға дейін қайда, әлі..." деген мағынада сипатталған.

Иә, Ильин сенімді ақтады. Жеке дайындалып, елден ерекше жағдай жасалғанда жерге қаратқан жоқ. Басқа жетістіктерін жіпке тізбей-ақ, екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы екенін айтсақ та жетер.

Ал Полтораниннің бұл тұрғыда 2013 жылғы әлем чемпионатындағы екі қола жүлдесін ғана айта аламыз.

Бәрінен де Майя Манеза артық болып тұр...

Дәл қазір бәрінен де Майя Манеза асып түскен сияқты. Еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Лондонда Олимпиада чемпионы атанды. Оған дейін екі рет әлем чемпионы атанған. Қазақ топырағында тұрмысқа шықты. Шаңырақ көтерді. Сәбилі болды.

Кішкентай ғана нәрестесінің арбасы да, киімі де Қазақстан ұлттық құрамасының бұйымдары сияқты. Кішкентай баланың киімдерінің өзінде – біздің көк байрағымыз. "Маған жағдай жасамасыңыздар, Қазақстанда спорттық ғұмырымды тамамдаймын" деп "шошытпайды".

Майя Манеза сияқты, Юрий Мельниченко сияқты еліміздің абыройын асқақтатуға, отандық спортты дамытуға өз үлестерін қосып жүргендер баршылық. Ішкен-жегендері адал.

Ұлттық командалар дирекциясының деректері

Ең соңында "Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы" РМҚК жариялаған деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз:

  • А.Полторанинді Сочи Олимпиадасына дайындау үшін жеке бапкерлер құрамы және қызмет көрсетуші тобы құрылды, олардың бәрімен келісімшарт жасалды;
  • 2013-2014 жылдар маусымында Полторанинмен 9 (тоғыз) адам (жаттықтырушылар, массажшы, дәрігер, сервисмен, шаңғы майлаушылар, психолог) жұмыс жасады;
  • А.Полторанинді дайындау үшін ШҰКжСРД тарапынан шаңғы жолын дайындайтын, құны 350 000 евро машина (Ратрак) сатып алынды;
  • А.Полторанин үшін өз саласында жетекші "Фишер" фирмасының 200 жұп шаңғысы және штаншлифт-машина сатып алынды (құны 29 миллион 370 мың теңге);
  • Халықаралық жарыстарға қатысуы үшін ШҰКжСРД тарапынан А.Полторанинің жеке өзіне 30 миллион теңгеден артық қаржы жұмсалды (ал Қазақстан ұлттық құрамасының толық құрамы үшін 97 миллион теңге);
  • Сондай-ақ басқа да ұйымдастыру мәселелері (авиабилеттер, виза және т.б.) А.Полтораниннің жеке бапкері Алексей Наконечный көлденең тартқан талаптар бойынша жүзеге асырылды.

Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай