Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасының оныншы турында Франция құрамасын жеңді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасының оныншы турында Франция құрамасын жеңді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандық шахматшылар - Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Мәдина Дәулетова және Гулмира Дәулетова қарсыластарын 3:1 есебімен жеңді. Бұл олимпиада барысында он кездесу өткізген Қазақстан әйелдер құрамасының жетінші жеңісі. Қалған үш кездесудің екеуінде шахматшыларымыз жеңіліп қалса, біреуінде тең нәтижеге қол жеткізді.
Порталдың хабарлауынша, Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы бұл жеңісінен кейін бес сатыға жоғарылап, 9-орынға жайғасыпты. Әйелдер арасында бірінші орында әзірше бір ғана кездесуде жеңілген Ресей құрамасы тұр.
Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында ел намысын қорғап жатқан Қазақстанның ерлер құрамасының көрсеткіші көңілден шықпай тұр. Оныншы турда Испания құрамасымен кездескен отандастарымыз қарсыластарына 1:3 есебімен жеңілді. Бұл жеңілістен кейін Әнуар Есмағанбетов, Павел Коцур, Рустам Хуснитдинов, Петр Костенко және халықаралық деңгейдегі гроссмейстер Аслан Айтбаев сынды шахматшылардан құралған Қазақстан 46-сатыға түсіп қалды. Айта кетейік, біздің құрамамыз олимпиада барысында үш рет жеңіліп, екі рет қарсыластарымен тең ойнады. Әзірше ерлер арасында бірінші орында Қытай құрамасы келеді.
Еске салайық, бұл күндері Норвегияның Тромс қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасына 177 ерлер, 136 әйелдер құрамасы қатысып жатыр. Ал Олимпиадаға қатысып жатқан спортшылардың саны екі мыңнан асып жығылады.