Сүйінші, бүгін ел қоржынына бір алтын түсті. Ауыратлет аруымыз Маргарита Елисеева әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде теңдессіз шықты, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Сүйінші, бүгін ел қоржынына бір алтын түсті. Ауыратлет аруымыз Маргарита Елисеева әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде теңдессіз шықты, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде екі қызымыз бақ сынаған болатын. Бірақ Галина Момотова жұлқа көтерудегі үш мүмкіндігінде де 70 келі зілтемірді көтере алмай, Азия ойындары сайысынан шығып қалды.
Ал Маргарита Елисеева жұлқа көтеруді 82 келімен бастап, одан кейін 86 келіні, үшінші мүмкіндігінде 88 келіні аса қиналмай еңсерді. Басты қарсыластары осы жаттығуда-ақ жаза басты. Жұлқа көтеруде екінші орынды иеленген Солтүстік Корея қызы 85 келіні ғана бағындырды.
Біз секемденген Қытай қызы серпе көтеруде 02 келіні көтере алмай, жүлдесіз қалды. Қалған бәсекелестері де өздері тапсырыс берген салмақты көтере алмай, мүмкіндіктерін шектеумен болды.
Ал Маргарита әуелі 101 келіні төбесіне тік көтеріп, одан соң 106 келіні де бағындырды. Бәсекелестері өз тапсырыстарын еңсере алмай, алтыннан үміттерін үзді. Оның үстіне біздің бапкерлер де Маргаританың тапсырысын 107 келіден 108 келіге ауыстыра қойып, олардың тынығып алуларына мүмкіндік бермей, састырды.
Сөйтіп, тактикалық тұрғыда тағы да "тазы болып шалған" Қазақстан құрамасының бапкерлері бәсекелестерінен айлаларын асырып кетті. Рас, Маргарита соңғы мүмкіндігінде 108 келіні көтере алмады. Бірақ ол онсыз да өзгелерден қара үзіп кеткен еді.
Сонымен, 22 жастағы Маргарита Елисеева 194 (88+106) келімен ХVІІ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Екінші орынды 187 (80+107) келімен Индонезия қызы С.Агустини теленді. Үшінші орын 187 (81+106) келіні еңсерген өзбек қызы М.Тогоеваға бұйырды.