Ауыр атлетика бойынша әлем чемпиондары және Олимпиада ойындарының чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зульфия Чиншанло өздеріне сыйланған пәтерден айырылып қалудан қауіптенеді Tengrinews.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Ауыр атлетика бойынша әлем чемпиондары және Олимпиада ойындарының чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зульфия Чиншанло өздеріне сыйланған пәтерден айырылып қалудан қауіптенеді Tengrinews.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Чемпиондардың бірі Светалана Подобедова Алматы облысындағы пәтерінің мәселесі туралы айтты. "Бізге 2009 жылы әлем чемпионы болғанымыз үшін Талдықорған қаласынан пәтер сыйланған болатын. Міне, 5 жылға таяды, осы пәтерлер өзіміздің атымызға аударылған жоқ. Екі бөлмелі жақсы пәтерлерді маған, Майя Манезаға, Зульфия Чиншанлоға, Владимир Седовқа сыйға тартқан болатын. Бірақ пәтердің құжаттары біздің атымызға рәсімделмеді. Пәтер өз атымызға жазылу үшін бізге тағы бір әлем чемпионатында жеңіске жету керек деген талап қойды. Одан кейін біз Олимпиада ойындарында жетістікке жеттік. Бірақ сол күйінде пәтер біздің атымызға аударылған жоқ. Бізде осы пәтерлерді бізден алып ала ма деген қауіп бар. Мен Алматы облысының әкімі Аңсар Тұрсынханұлы Мұсахановқа екі рет осы мәселе бойынша барып, мән-жайды түсіндірдім. Майя Манеза да әкімге кірді. Алайда ол біздің көзімізше бір-екі адамға хабарласты да, мәселенің шешілетінін айтты. Бірақ әлі күнге біз пәтерді өзіміздің меншігіміз деп санай алмай отырмыз. Осы пәтерлердің кілтін бізге көпшіліктің көзінше салтанатты түрде табыстаған болатын", дейді Подобедова.
Спортшылардың айтуынша, бұл пәтерлерді Алматы облысының спорт басқармасы сатып алуы керек. "Спорт басқармасының пәтерлерді сатып алуға мүмкіндігі бар. Алайда олар осы пәтерлерді қызметтік пәтер ретінде бізге ұсынып отырған сыңайлы" дейді зілтеміршілер. Зілтемірші спортшылар 2009 жылдан бері айына 135 мың теңге жалақы алады.
Светалана Подобедованың сөзін Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло да растады. Қазір үш зілтемірші қыз Алматыда қараша айында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр.