Бүгін күрес түрлерінен Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында боз кілемге грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тынәлиев шығып, ол да жеңіліске ұшырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін күрес түрлерінен Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында боз кілемге грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тынәлиев шығып, ол да жеңіліске ұшырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ташкенттегі әлем чемпионаты қазақ балуандары үшін өте сәтсіз өтіп жатыр. Өзбек боз кілемінде балуандарымыздың бағы жанар емес. Тіпті алпамсадай Нұрмахан да жүлдеге жете алмай сүрінді.
Басқасы басқа, бірақ исі қазақ Нұрмаханға айрықша сенім артып еді. Өкінішке қарай, 130 келідегі Нұрмаханның да жолы болмады. Ол алғашқы електе Үндістан үміті Дхормендер Далаламен күресіп, оны аса қиналмай ұтты. Есеп – 6:0.
1/8 финалында Иран алыбы Бехрам Мехдизадехпен кездесті. Шектен тыс шиеленісті өткен белдесуде Иран балуаны қалай да жеңіске жетуді ойлап ерсі күресті. Сондай ережеден тыс қимылдарының бірінде Нұрмаханның қабағы жарылып кетті. Ал есеп – 0:1. Нұрмахан қанша тырысса да, Иран алыбының сазайын бере алмады. Сөйтіп, әлем чемпионатын 9-орынмен аяқтады (барлығы 23 балуан).
Ал бұл салмақта тағы да Куба қабыланы Михаин Нуньес Лопестің айдарынан жел есті. Ол осымен бесінші рет әлем чемпионы атанды (2005, 2007, 2009, 2010, 2014 жылдары). Биылғы әдем чемпионатының күмісі түрік тарланы Риза Каялпқа бұйырды. Қола жүлдені Хейки Наби (Эстония) және Билял Махов (Ресей) еншіледі.
Бүгін тағы екі балуанымыз өз бақтарын сынаған. Бірақ олар да жеңілістің кермек дәмін татып, кілемнен ерте шығып қалды.
80 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Даниял Гаджиев емес, Азамат Күстібаев қорғады. Өкінішке қарай, ол да Иран балуанынан аса алмады.
Хабиболлах Жомех Ахлагхимен белдесіп, басында екі ұпай айырмасымен ұтып жатқан. Осы жеңісті есепті ұстап қалғысы келді ме, қарсыласының аңдысын аңдумен болды. Алайда төрешілер "сылбыр күрестің" деп, екі мәрте ескерту жасап, қарсыласына сонша ұпай берді. Енді бір ұпайды Иран балуаны Азаматты кілем сыртына итеріп жіберіп еншіледі де, жеңісті өңгеріп кетті. Есеп – 2:3. Келесі кезеңге Иран балуаны шықты.
66 келіде бақ сынаған Айбек Еңсеханов та алғашқы белдесуінде есе жіберіп алды. Болгар балуаны Константин Стаспен күресіп, 3:5 есебімен ұтылып қалды...
Ертең грек-рим күресінен соңғы үш салмақтағы белдесулер өтеді. Енді жүлде алуымыз екіталай сияқты. Жүлдесіз қаламыз ба деген күдік басым...