Қазақстандық MMA файтері Әліби Ыдырыс допинг қолданғаны дәлелденіп, америкалық UFC промоушенінен шеттетілді. Оның кейінгі жекпе-жегінің нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Tengri Sport.
Ұйымның ресми мәлімдемесіне сәйкес, қазақстандықтың қанынан гидрохлоротиазид табылған, бұл тыйым салынған заттар тізіміне кіретін несеп айдайтын дәрі.
UFC мәліметінше, допинг қазақстандық спортшының ағзасына 22 ақпанда Оде Осборнға қарсы өткен кейінгі жекпе-жегі қарсаңында түскен.
"Ыдырыс 2026 жылғы 20 ақпандағы ресми салмақ өлшеу рәсімінде белгіленген салмақты сақтау үшін жекпе-жек өтетін аптаның бейсенбісінде құрамында гидрохлоротиазид бар препарат қабылдағаны туралы ақпарат берді", - делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, Осборнға қарсы жекпе-жек төрешілер шешімі бойынша қазақстандықтың жеңісімен аяқталған болатын – бұл оның UFC промоушеніндегі алғашқы жеңісі еді. Енді кездесу нәтижесі жойылып, спортшы дисквалификацияланды.
"Ыдырыс CSAD-пен толықтай әріптестік орнатқанына қарамастан, CSAD жекпе-жекке дейінгі апта ішінде диуретикті әдейі қолдануы мен келісілген салмақты сақтай отырып алған артықшылығына байланысты оның дисквалификация мерзімін тоқтатпайды және қысқартпайды.
Ыдырыстың шеттетілу мерзімі 2026 жылдың 21 ақпанынан, яғни жарыс кезінде алынған биологиялық сынамадан жағымсыз нәтиже шыққан күннен басталды. Оның дисквалификация мерзімі 2027 жылдың 21 ақпанында аяқталады", - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Әліби UFC-дегі қазақстандық алты белсенді файтердің бірі болатын. Ол промоушенге The Ultimate Fighter шоуына қатысқаннан кейін келген. Қазақстанда өнер көрсеткен кезде ол еліміздегі ең үздік нокаутшылардың бірі ретінде танылған еді.
Спортшы әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін бокстан қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да осындай бір жылдық дисквалификация алған. Оның қанынан мельдоний табылған болатын.