Су добынан әйелдер арасындағы Әлемдік лиганың електік додасы Америкада өтіп жатыр. Қазақстан қыздары өз тобындағы ойындардың бәрінде жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Су добынан әйелдер арасындағы Әлемдік лиганың електік додасы Америкада өтіп жатыр. Қазақстан қыздары өз тобындағы ойындардың бәрінде жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
2002 жылдан бері су добынан жыл сайын Әлемдік лига додасы ұйымдастырылып келеді. 2014 жылдан бастап осы лиганың електік ойындары екіге бөлініп өткізілетін болды.
Еуропадағы құрама командалар "үйде және түзде" жүйесімен додаға түссе, Азия, Америка, Африка және Мұхит жағалаулары елдерінің ватерполшы қыздары Құрлықаралық турнирде бақ сынайтын болды.
Биыл әйелдер арасындағы Құрлықаралық турнир 19 мамырда Риверсайдте (АҚШ) басталған. Сегіз елдің құрамасы екі топқа қақ бөлінді.
Қазақстан қыздары АҚШ, Канада және Жапония құрамаларымен "А" тобына түсті. Ал "В" тобында Австралия, Бразилия, Қытай және Венесуэла қыздары көк айдын көрігін қыздырды.
Қазақстан ұлттық құрамасы Канада қыздарынан 7:21 есебімен, ал АҚШ аруларынан 5:16 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Ал Жапония құрамасымен өткен тартысты матчтың негізгі уақыты тең аяқталды (7:7). Овертаймда да шығыстың екі құрамасы бірін-бірі ала алмады.
Ал айып соққыларын ұрудан (пенальтиден) Жапония қыздарының бағы жанып, біздің қыздар ұтылып қалды (3:4). Сөйтіп, жалпы есеп 10:11 болып, біздің қыздар үшінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Әрі бір ұпаймен «А» тобында төртінші орынға табан тіреді.
Бүгін – ширек финалдық ойындар. Қазақстан қыздары "В" тобында бірінші орынға ие болған Австралия аруларымен кездеседі.
Жалпы, әйелдер арасындағы Әлемдік лиганың суперфиналы 10-15 маусым аралығында Қытайда өтеді. Оған Құрлықаралық турнирден төрт құрама (яғни жартылай финалға шыққандар) жолдама алады.
Ар ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы үшін Құрлықаралық турнирдегі електік дода 26 мамырдан 1 маусымға дейін Шанхайда (Қытай) өтеді.