30 жастағы америкалық ер адам Гавайидегі Килауэа жанартауы маңында жардан құлап, ғажап түрде аман қалды. Ол лаваны жақынырақ көруге тырысып, қараңғыда бағытынан жаңылып, биіктіктен құлап кеткен, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі People басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 11 маусымда кешке Гавайи жанартаулары ұлттық паркінің Byron Ledge соқпағында болған. Парк әкімшілігінің мәліметінше, ер адам құтқарушыларға лаваның атқылауын "жақсырақ көру үшін" бұталардың арасымен жүргенін айтқан. Алайда ол жарық құралдарын – не қолшам, не маңдайшам – алмаған.
Ол тоғыз метр биіктіктен құлап, ағашқа ілініп қалған. Құтқарушылар тобы дереу оқиға орнына жетіп, альпинистік құралдар арқылы зардап шеккен адамды тік жартастан шығарып алды. Ер адам бет аймағынан жеңіл жарақат алған.
Осы күні Килауэа биылға 25-ші рет атқылаған. Лава 300 метр биіктікке дейін шапшып, кратер түбіне таралған. Бұл аймақ қауіптілігіне байланысты ресми түрде жабық болған.
Парк әкімшілігі туристерге қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті:
- белгіленген соқпақтардан шықпау;
- жарқабақтардың шетіне жақындамау;
- қоршаулардан аспау;
- кешкі серуен кезінде жарық құралдарын пайдалану;
- таймайтын аяқкиім кию.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!