"Қазақмыс" десе, көбіміздің көз алдымызға шахталар, кеніштер мен ауыр металлургия келеді. Бірақ Жезқазған, Балқаш немесе Сәтбаевқа барсаңыз - мүлдем басқа көріністі байқайсыз. Мұнда корпорацияның атауы жаңа мектептер, ауруханалар, абаттандырылған аулалар, мәдениет орталықтары және, әрине, спортпен қатар айтылады.
Соңғы жылдары корпорация әлеуметтік жобаларға шамамен 40 миллиард теңге құйған. Оның едәуір бөлігі спорт саласына салынды.
Неге спорт?
"Спорт - осы әлеуметтік жобалардың негізгі өзегі десек те болады. "Қазақмыстың" философиясы - қызметкерлермен қатар, қала тұрғындарына да қолайлы жағдай жасау. Ал ең бастысы - адамдардың сапалы демалысына, денсаулығын нығайтуына мүмкіндік беру," - дейді корпорацияның ұйымдық даму және персоналды басқару жөніндегі директоры Әлібек Алдоңғаров.
Соңғы жылдары "Қазақмыс" екі ірі спорт нысанын, шахмат академиясын, алты спорттық-сауықтыру кешенін тұрғызды. Қыркүйек айының басында Сәтбаевтың дәл ортасында жаңа спорт кешені бой көтерді. Жобаны "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры, Ұлытау облысының әкімдігімен "Қазақмыс" корпорациясы бірлесе жүзеге асырған. Оның құны 174,5 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, компания "Ұлытау" футбол клубын тұрақты түрде қолдап келеді (жыл сайын 500 миллион теңге бөледі) және паралимпиадалық қозғалысқа да демеушілік етеді.
Мұндай қаржылай қолдаудың ауқымы мен шынайы маңызын ең анық көрсететін - нақты мысалдар.
"Жігер" ССК: жұртшылық жиырма жыл күткен бассейн
2025 жылы 7 ақпанда Жезқазғанда тұрғындар көп жыл күткен қуанышты оқиға болды - қалада бассейн ашылды. Ол құны 8,5 миллиард теңге тұратын жаңа "Жігер" спорттық-сауықтыру кешенінің бір бөлігі ретінде салынды.

"Бұрындары Жезқазғанда бассейн болған, бірақ ол уақыт өте жарамсыз күйге түсті. Қала тұрғындары талай мәрте жаңа бассейн салып беруімізді сұрады. Біз сол аманатты орындадық," - дейді Әлібек Алдоңғаров.

Үш қабат, сегіз мың шаршы метрді алып жатқан аумақ, ойын залдары, гимнастика, күрес, бокс секциялары мен жаттығу залы. "Жігер" кешенінің бос тұратын кезі болмайды: ата-аналар балаларын жүзу мен гимнастикаға әкеледі, жасөспірімдер үстел теннисін үйренеді, шахтадағы ауысымнан шыққан ересектер де жаттығуға асығады.

"Кешен тәулігіне шамамен 600 адамды қамти алады, - дейді Ұлытау облыстық спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев. - Тек көркем гимнастиканың өзіне 150 бала қатысады, жүзуге де дәл сонша жеткіншек келеді. Кешке қарай жаттығу залына келушілер көп, бокс пен күрес залдары да үнемі толы. Бүгінде мұнда 90-ға жуық жұмыс орны ашылды, ал балалар тегін жаттығады."

ССК-нің ең мықты бағыттарының бірі - халықаралық талаптарға сай жасақталған үстел теннисі залы. Корпорация мен Қазақстанның үстел теннисі федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл дегеніміз - енді Жезқазғанда республикалық, тіпті, халықаралық деңгейдегі турнирлер де өтіп тұрады.

Шахмат академиясы: гаджетке емес, ой-сананы дамытуға ден қою
"Жігер" спорт кешені дененің күш-қуатын нығайтса, "Қазақмыс" ашқан шахмат академиясы - балалардың интеллекті мен ой-санасын дамытады. Жарты жыл бұрын ашылған академияда 300-ден астам бала сабақ алып жүр.

"Алғашқы нәтижелер де бар: академия ашылғанға дейін өңірде рейтингі бар небәрі 4-5 жас шахматшы болса, қазір олардың саны 20-ға жетті. Жүзден аса бала разряд алып үлгерді," - дейді корпорацияның жобалық менеджері, әрі Академия кураторы Нұрсұлтан Тәжбенов.

Академия 700 оқушыға шақталған және ауқымы жағынан еліміздегі ең ірі орталықтардың бірі саналады. Мұнда шәкірттерге жан-жақты жағдай жасалған:
- Грузия мен Беларусьтен келген аға бапкерлер;
- Еуропалық жабдықтар - әлем чемпионаттарында қолданылатын кәсіби шахмат тақталары мен фигуралар;
- халықаралық шахмат платформаларына қосылған арнайы интерактивті тақталар;
- турнирлердің онлайн-көрсетілімі.

"Бізде Қазақстанда тең келетін баламасы жоқ турнир залы бар. Кез келген адам қосылып, ойынды онлайн көре алады: қай үстелде, қай тур өтіп жатыр, ойыншының қандай қадам жасағанын тікелей бақылап отыруға мүмкіндік бар. Бұл - балалар үшін орасан зор мотивация," - дейді Тәжбенов.
Namys: үлкен спортқа жол ашады
Мыс алыбының тағы бір жобасы - жасөспірімдерге арналған Namys спорт академиясы. Оның құрылысына компания 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.
Namys спорт академиясы жаңа ғимаратының құрылысы. Фото: "Қазақмыс" баспасөз қызметі
Алдағы жылдары оның дамуына тағы 4 миллиард теңгеге жуық қаражат салынбақ: жаңа көпфункционалды зал ашылып, жас спортшыларға арналған 200 орындық интернат бой көтереді. Келешекте жабық бассейн салу да көзделіп отыр.
Жаңа корпустың рендер-суреті
Бүгінде Namys нағыз спорт қалашығына айналған. Мұнда ойын және гимнастика, жаттығу залдары, сабақ оқуға арналған сыныптар, кітапхана, компьютер кабинеттері, медициналық блок бар. Академияға 10 мен 16 жас аралығындағы балалар қабылданады. Келген балалар ұзаққа тұрақтайды, себебі бұл жерде тек жаттығу емес, білім алу, даму және спорттағы арманын жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған.
Instagram/cknamys_zhez
Namys әу баста жай ғана спорт нысаны ретінде емес, балалар жаттығып қана қоймай, оқып, өсіп,дамитын кеңістік ретінде ойластырылған еді.
Жаңа корпустың рендер-суреті
Спорт - қаланың жаңаша өмірінің ажырамас бөлігі
"Жігер" ССК, Шахмат академиясы және Namys - "Қазақмыс" қалалардың тынысын өзгертетіп жатқанына үш қана мысал. Бірақ әр жобаның артында жүздеген тағдыр жатыр. Кәсіби гимнастшыны алғаш рет көрген қыз бала чемпионатта өнер көрсетуді армандай бастады. Шахматтағы алғашқы партиясын ұтып, өзіне деген сенімі арта түскен ұл бала. Ауысымнан соң жаттығу залына келіп, отбасының игілігі үшін денсаулығын шынықтырып жүрген жұмысшы.

"Әр баланың спортпен айналысуға, ал ересектердің денсаулығын нығайтуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Біз үшін өңірлерге құйылған ең құнды инвестиция - осы," - деп сөзін түйіндеді Әлібек Алдонғаров.
Шынымен де, ең бастысы осы секілді: мұнда спорт күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналып жатыр. "Қағаз бетіне" жазылған күйі қалған жоба емес, қала жұрты күн сайын қуана бас сұғатын жер.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова