25 мың туристі күтеміз. Алматы әкімдігі қаланы 13 елде жарнамалай бастады

25 мың туристі күтеміз. Алматы әкімдігі қаланы 13 елде жарнамалай бастады Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Алматыға туристерді онлайн-жарнама арқылы тарту ұйғарылды.

Негізгі жұмыс Үндістан, Қытай, Малайзия, Вьетнам және басқа да елдердің аудиториясына бағытталады. Жоба "өзін-өзі ақтауы" үшін мердігерге Instagram Reels трендтерінен түспей, Қытайдың жабық әлеуметтік желілеріне еніп, "цифрлық қоршауын бұзуға" тура келеді.

Алматыға бұл не үшін қажет және әкімдік бұл істің сәтті шығатынына неге сенімді - осы сұрақтардың мән-жайын Tengrinews.kz анықтап көрді.

Алматыға туристер қалай тартылмақ?

Алматы әкімдігінің Almaty Tourism Bureau атты жеке "жарнама агенттігі" бар. Оның миссиясы - оңтүстік астанаға шетелдіктерді тарту және туризмді дамыту. Бұл мемлекеттік бюро болғандықтан, жұмсалатын қаржы да бюджеттен бөлінеді.

Мемлекеттік сатып алулар порталында олардан қызықты конкурс жарияланды: "Алматының туристік әлеуетін онлайн ілгерілету бойынша қызметтер". Бағасы - 368 миллион теңге.

Лот құжаттарындағы күрделі терминологияны ысырып қойсақ, мердігерден екі нәрсе талап етіледі: Алматыны әдемі етіп "қаптау" және оны шетелдегі "тиісті" аудиторияға көрсету.

Жарнама көрсетілетін елдердің тізіміне 13 мемлекет енген: Түркия, Польша, БАӘ, Сауд Арабиясы, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Вьетнам, Малайзия, Таиланд, Индонезия және Жапония.

Керекті адамдарға - дұрыс сөздер мен видеолар

Нақтырақ айтсақ, әр ел үшін (Қытай, Үндістан немесе Вьетнам болсын) өзіндік тәсіл табу керек: есте қалатын ұрандар қажет. Бұл жай ғана мәтінді аударып қою емес, оны "жергілікті халықтың менталитетіне бейімдеу" деген сөз. Бірақ мұның сапасы қалай бағаланатыны құжатта аса түсінікті жазылмаған. 

Жалпы, мердігер келісімшарт аяқталғанға дейін 20 стильді баннер дайындауға міндетті және 10 қызықты бейнеролик монтаждауы тиіс (әрқайсының ұзақтығы 15 секундтан кем емес).

Сондай-ақ, орындаушы сауатты таргет ұйымдастыруы қажет, яғни Алматы жарнамасы жаппай бәріне емес, тек Орталық Азияға билет іздеп жүрген, тауларға қызығатын немесе демалыс жоспарлап отырған шетелдіктерге ғана көрсетілуі тиіс.

Мәселен, ілгерілету жұмыстарын Trip.com сервисіне енгізу жоспарланған.

Анықтама. Trip.com - саяхаттарды брондауға арналған әлемдегі ең ірі сервистердің бірі (әсіресе Азияда өте танымал).

Талаптар тізімінде Skyscanner (әуе тасымалы туралы ақпаратты іздеу жүйесі) платформасындағы жарнама да бар. Мердігер бұл сервисте Алматының ең тартымды бағыт ретінде ерекшеленіп тұруын қамтамасыз етуі керек.

Бірақ ең ауқымды жарнама Facebook, Instagram (Meta Suite) және Google желілерінде болуы тиіс. Жарнама кемінде 150 күн бойы көрсетілуі керек. 

Ауқатты туристерге "аңшылық"

Мемлекеттік сатып алудағы бөлек тармақ - ауқатты туристерге "аңшылық" жасау.

Бұл үшін халықаралық платформада (бұл блокта атауы көрсетілмеген) кем дегенде екі елге және "премиум" аудиторияға бағытталған жарнама ұйымдастырылуы керек:

  1. DINK (Double Income, No Kids): бұл қос табысы бар, бірақ балалары жоқ жұптар - демалысқа ақша жұмсауға дайын, ең төлем қабілеті жоғары санат.
  2. Ауқатты отбасылар: балалары бар жоғары табысты жұптар.

Жарнама Орталық Азияны іздейтін, қымбат қонақүйлерді брондайтын, жабайы табиғатты, хайкингті және тау шаңғысын ұнататындарға көрсетіледі. 

Қытайдың әлеуметтік желілері мен платформаларына "шабуыл"

Қытай - бұл мемлекеттік сатып алудағы туристерді тартудың негізгі бағыттарының бірі. Бірақ бізге үйреншікті Google мен Instagram ол жақта бұғатталғандықтан, Алматыны жергілікті ірі алпауыттар арқылы танытады:

  • WeChat (Weixin). Бұл Қытайдың супер-қосымшасы (мессенджер, әлеуметтік желі және төлем жүйесі бәрі бір жерде).
  • Xiaohongshu (RED). Instagram-ның қытайлық баламасы, жастар үшін өмір салты мен саяхат бойынша негізгі жолбасшы.
  • Tongcheng Travel. Қытайдағы қонақүйлер мен билеттерді брондауға арналған ең ірі платформалардың бірі.

Қытай аудиториясымен жұмыс істеу үшін маркетологтар стандартты жазбаларды ғана емес, сонымен қатар ерекше құралдарды да қолдануы керек:

  • Tongcheng Private Community. Алматы жарнамасы Қытай ішіндегі саяхатшылардың жабық чаттары мен қауымдастықтарына енгізіледі, оларға біздің қала туралы арнайы сайттың тікелей сілтемелері жіберіледі.
  • Push-хабарламалар мен SMS. Қытайлық туристер Алматыға турларға міндетті түрде назар аударуы үшін оларға телефон арқылы хабарламалар жіберіп, қызығушылығын арттыра түседі.

368 миллион теңгеге қанша турист "сатып алынбақ"

Орындаушыға жарнаманы қарау саны бойынша қойылатын талаптар өте қатаң. Сонымен қатар, әр платформа үшін талаптар әртүрлі.

Мысалы, Facebook пен Instagram-да аудиторияны қамту мақсаты келесідей: 

"Жарнамалық материалдардың болжамды көрсетілім көлемі тапсырыс берушімен келісілген бекітілген медиа-жоспар негізінде кемінде 80 000 000 болады", - делінген құжатта.

Бірақ негізгі назар Қытайға аударылған сияқты - онда Алматы жарнамасы кемінде 110 миллион рет көрсетілуі тиіс. Бұл сегменттегі науқан кемінде 120 күнге созылады және жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды, таргеттелген жарнама мен push-хабарламаларды қамтиды.

"Жарнамалық науқан жалпы жиынтығында жарнамалық материалдардың кемінде 210 000 000 көрсетілімін қамтамасыз етуі тиіс", - деп көрсетілген мемлекеттік сатып алу сайтындағы техникалық ерекшелікте.

Бұл науқанның мақсаты - pax (яғни, билет сатып алып, ұшып келетін жолаушылардың нақты санын) арттыру.

Анықтама: Туризм мен қонақүй бизнесінде pax (ағылшын тіліндегі passenger - жолаушы сөзінен) - бұл адамдардың (жолаушылардың немесе қонақтардың) санын білдіретін жалпыға ортақ қысқарту.

Билік жарнамалық науқан Алматының туристік сайттарына кемінде 400 мың пайдаланушыны әкеледі және кемінде 25 мың шетелдік туристі тартуға көмектеседі деп есептейді.

Әкімдік қорытындысында осы жұмыстар үшін шамамен 368 миллион төлейді. Бірақ кімге?

Алматыны жарнамалау тендерін кім жеңіп алды?

Алматының пиар науқанына арналған тендерді "Опен Трэвэл Адвайзори" ЖШС жеңіп алды.

Goszakup сайтының деректері

Компания сегіз жылдан бері жұмыс істейді және "нарық конъюнктурасын зерттеу және қоғамдық пікірді зерделеумен" айналысады - оның ресми ЭҚЖЖ коды осындай.

Жалпы алғанда, ЖШС осы уақыт ішінде 301 886 197 теңге салық төлеген. Компания ең көп табысты 2026 жылы тауып, жарты жылдың ішінде 68 миллион салық төлеген. 

Kompra.kz порталының деректері

Компания табысының күрт өсуіне құны 42-ден 367 миллион теңгеге дейінгі бірден төрт ірі мемлекеттік келісімшарттың болуы себеп болуы мүмкін. Олардың барлығы Алматы әкімдігімен байланысты.

Kompra.kz порталының деректері

ЖШС құрылғаннан бері 42 келісімшарт бойынша барлығы 2,8 миллиард теңге табыс тапқан.

Оны Яна Вейкум басқарады.

Ал иесі - Дәулет Есенәлиев. Мұндай есімді адам бұған дейін өңірдегі туризмді ілгерілетумен айналысатын Алматы облысының туристік ақпараттық орталығының директоры, ал оған дейін Алматы әкімдігі жанындағы туристік ақпараттық орталықтың (қазіргі Almaty Tourism Bureau) туризмді дамыту бөлімінің бастығы болған.

Жарнама үшін сайттар қалай таңдалды?

Келісімшарт сомасы мен мердігерге қатысты мәселе түсінікті. Бірақ неге жарнаманы дәл осы елдердің тұрғындарына көрсету туралы шешім қабылданды және туристерді қайдан тарту керек екені қалай анықталды?

Tengrinews.kz бұл туралы Алматы әкімдігінен сұрап білді.

Әкімдіктегілер жарнама науқаны үшін елдер "кездейсоқ таңдалмағанын" айтты - туристердің қайдан келіп жатқанына және Алматыға деген қызығушылық қай жерде тез өсіп жатқанына талдау жасалған. Әкімдік мәліметінше, бұл елдер: Қытай, Үндістан, БАӘ және Түркия.

"Бұл елдердің нақты туристік ағын бойынша да көшбасшылар қатарына кіруі назар аударарлық жайт, бұл басым нарықтарды анықтауда цифрлық деректерді талдаудың тиімділігін растайды. Қосымша фактор - халықаралық әуе қатынасының дамуы, бұл туристер келетін географияны кеңейтуге және ең перспективалы бағыттар бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады қала әкімшілігі.

Алматыны жарнамалауға жұмсалған 368 миллион өзін-өзі ақтай ма?

Алматы әкімдігі ресми жауабында бұл бос шығын емес, өзін-өзі ақтайтын "нағыз инвестиция" екеніне сендіреді.

Қала әкімшілігі ілгерілетуге арналған бюджетті былай түсіндіреді:

  • Әлем онлайн форматқа көшті, сондықтан бүгінде Алматының бүкіл маркетингтік бюджетінің шамамен 70 пайызы цифрлық шешімдер мен ірі халықаралық платформаларға (Trip.com, TripAdvisor, Expedia, Skyscanner, Tongcheng), әлеуметтік желілердегі таргетке бағытталады.
  • Онлайн-ілгерілету әлемдік көрмелер, роуд-шоулар, блогерлер және ірі әуекомпанияларымен тығыз байланыста жүргізіледі.

    "Алматының туристік әлеуеті туралы Euronews, бельгиялық Porschist журналы, Қазақстанды әлемдегі ең үздік 14 туристік бағыттың қатарына қосқан Vogue журналы, сондай-ақ басқа да беделді халықаралық медиалар жазып жатыр. Сонымен қатар, танымал француздық Pékin Express тревел-шоуының бір шығарылымы Алматыда түсірілді", - деп тізіп берді мемлекеттік органдағылар.

    Анықтама. Жарнаманың тиімділігі былай анықталады: жарнама шетелдікті Алматы туралы сайтқа бағыттайды, ол жерден ол брондау сервистеріне өтіп, билет немесе қонақүй бөлмесін сатып алады. Науқан соңында бұл платформалар әкімдікке нақты деректерді береді: жарнаманы басқаннан кейін қанша адам нақты сатып алу жасағаны белгілі болады.

    Әкімдік деректері бойынша, 2025 жылы бұл схема қалаға 30 мың турист әкелген.

    Қазіргі науқанның тиімділігі мен қонақтардың нақты ағынын тарту мүмкіндігі туралы жыл аяғына қарай, платформалар қорытынды сараптаманы жариялаған кезде белгілі болады.

    Авторы: Елизавета Аксенова

    Дайындаған: Дина Шәріпхан

    Жарнама
    Жарнама
    Редакция сұрағы
    Бұл туралы не ойлайсыз?
    Жолдау
    Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
    Пікірлерді оқу

    Жарнама
    Жарнама