Демалыс маусымының басталуына байланысты Tengrinews.kz тілшісі әртүрлі ведомстводан статистика жинап, мобильділіктің артқанын растайтын деректер алды. Бұл ретте мәселенің тағы бір қырына назар аударды: саяхат туралы деректер - бұл қазақстандықтардың демалыс бағыттары ғана емес, азаматтардың мүмкіндіктерінің көрсеткіші.
Қазақстандықтар шетелге жиі шыға бастады
Қазақстандықтар мобильділігінің артқаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректерінен анық көрінеді: кейінгі жылдары азаматтардың ел аумағынан тыс жерлерге шығу көрсеткіші айтарлықтай өскен.

ҰҚК біздің сауалымызға берген жауабында Қазақстан азаматтары жеке және туристік мақсатта көбіне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Түркия, Тайланд, Мысыр, Вьетнам және Грузияға баратынын хабарлады. Бұл ағынның басым бөлігі автомобиль және әуе көлігіне тиесілі.
Бірақ бір айырмашылықты түсіну маңызды: бұл саяхатшылар саны емес, дәл осы шекарадан шығу деректері. Бір адам жыл бойына жұмыс, оқу, отбасылық жағдайлармен немесе демалысқа барарда шекарадан бірнеше рет өтуі мүмкін.
Яғни, статистика шекарадан миллиондаған рет өткенін көрсетуі мүмкін. Алайда ол қанша қазақстандықтың шетелге тым болмаса бір рет шыққанын, ал қаншасының мүлдем шықпағанын көрсетпейді.
8 миллион паспорт
Тағы бір маңызды жанама көрсеткіш - қазақстандықтарда паспорттың болуы.
Ішкі істер министрлігі азаматтар паспортты жасына қарамастан ала алатынын ескертеді. Бұл құжат негізінен шетелге шығу үшін қажет.
ІІМ деректеріне сәйкес, бүгінде 8 150 688 Қазақстан азаматы паспорт алған.
Егер бұл санды 2026 жылғы сәуірдегі ел халқы санымен (20 547 909 адам) салыстырсақ, шамамен 12,4 миллион қазақстандықтың әзірге паспорты жоқ екені белгілі болады. Бұл халықтың шамамен 60 пайызы.
Бірақ паспорттың болуы адамның шетелде болғанын дәлелдемейді. Біреулер құжатты алдын ала рәсімдейді, басқалары баласына паспорт алады, енді бірі оны "керек болып қалар" деп алып қояды да, жылдар бойы пайдаланбайды.
Бұл ретте паспорттың болмауы адамның шекарадан ешқашан өтпегенін білдірмейді: ол көрші елдерге басқа құжаттармен шыққан немесе мерзімі өтіп кеткен паспортпен саяхаттаған болуы мүмкін.
Десе де, паспорт халықаралық мобильділіктің маңызды маркері болып қала береді. Онсыз алыс шетелге сапар шегу көбіне мүмкін емес.
Рәсімделген паспорттардың ең көп саны Алматыда тіркелген - 1 505 901.
Келесі кезекте:
- Астана - 881 513,
- Түркістан облысы - 833 953,
- Шымкент - 620 039,
- Алматы облысы - 531 939.
Кейінгі бес жылда азаматтарға паспорт беру динамикасы төмендегідей:

Инфографикадан көрініп тұрғандай, ең жоғары көрсеткіш 2024 жылы тіркелген.
Бұл пандемиядан кейінгі жинақталған сұранысты, халықаралық сапарлардың қалпына келуін, еңбек және оқу мобильділігінің өсуін, сондай-ақ паспорттың "үлкен демалыс" алдында ғана емес, ықтимал сапарлар үшін де жиі рәсімделе бастағанын көрсетуі мүмкін.
Қазақстандықтар көбіне қайда барады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы шығу туризмі бойынша шекарадан өту саны 11 816 555 болды.
- 2024 жылы бұл көрсеткіш сәл жоғары болды - 11 959 660.
- 2023 жылы - 10 523 737.
- 2022 жылы - 7 669 988.
- 2021 жылы - 3 501 387.
Көршілес осы үш елге жасалған сапарлар жиынтығы шамамен 8,7 миллион болды - бұл 2025 жылғы шығу туризмінің шамамен 73 пайызы.
Бұл қазақстандықтардың халықаралық мобильділігі жағажайдағы демалыс пен алысқа ұшу ғана емес екенін көрсетеді. Сапарлардың көп бөлігі көрші елдермен байланыстардың болуына байланысты жасалады: туыстар, жұмыс, сауда, оқу, емделу, транзит, шекара маңындағы мобильділік.
Келесі кезекте:
- Түркия - 765 159 турист,
- Қытай - 718 065,
- БАӘ - 369 465,
- Вьетнам - 272 058,
- Мысыр - 231 740,
- Тайланд - 152 158,
- Грузия - 134 014.
Яғни, қазақстандықтардың шығу географиясы екі ірі бағыттан тұрады. Біріншісі - жиі және әртүрлі себеппен баратын жақын мемлекеттер. Екіншісі - туризмге арналған елдер.
Бұл ретте бағыттар бойынша деректерді мұқият қарау керек. Ұлттық статистика бюросы редакция сауалына берген жауабында ҰҚК Шекара қызметі Қазақстанның шығатын азаматтарының соңғы баратын пункті бойынша мәліметтерді қалыптастырмайтыны ерекше атап өткен. Мысалы, егер адам АҚШ-қа Түркия арқылы ұшса, статистикада билеттеріне сәйкес дәл осы ел Б нүктесі ретінде көрсетілуі мүмкін.
Албания, Маврикий және Аустралия: қазақстандықтар үшін сирек бағыттар
Ұлттық статистика бюросының жауабында қызықты мәліметтер де бар - шығу туризмі статистикасында сирек кездесетін елдер.
2025 жылы бұл: Аустралия - 3 турист, Албания - 3, Люксембург - 4, Маврикий - 6, Марокко - 6, Болгария - 6, Литва - 6, Израиль - 7, Хорватия - 9, Швеция - 10, Ирландия - 13, Финляндия - 30, Словакия - 32, Словения - 33, Аустрия - 39, АҚШ - 58, Франция - 187, Жапония - 136.
Бұл сандарды "сонша қазақстандық осы елдерде болды" деп тура мағынада қабылдауға болмайды, өйткені әдістеме соңғы бағытты емес, шыққан елді есепке алады. Бірақ сапарлар географиясының қаншалықты әртүрлі болатынын көрсетеді. Сондай-ақ алыс немесе виза алу қиын бағыттар бойынша - Аустралия, АҚШ, Жапония саяхаттар ресми статистикада іс жүзінде жекелеген жағдайлар ретінде көрсетілген.
Себептері түсінікті: маршруттың алыстығы мен ұшудың қымбаттығы, визалық талаптар, тікелей рейстердің жоқтығы, тілдік кедергі.
Тұрақты 1,5 миллион турист
Туризм индустриясы комитеті жыл сайын 1,5 миллионнан астам қазақстандық демалыс үшін шетелге ұйымдасқан түрде шығатыны туралы ақпарат береді. Бұл жерде мәселе туристік нарық арқылы рәсімделетін сапарлар туралы болып отыр.
"Туристік Қамқор" кепілдендіру жүйесі әкімшісінің есептері мынаны растайды: қазақстандықтар арасында танымал шетелдік бағыттар қатарында Вьетнам, Мысыр, Тайланд, Түркия, Қытай және Мальдив аралдары бар.
Ведомство бұл елдердің танымалдылығын дамыған туристік инфрақұрылыммен, турлар қолжетімділігімен, жағажай демалысымен және ыңғайлы ұшу бағдарламасымен түсіндіреді.
Бұл ретте ұйымдасқан туризм нарықтың бір бөлігін ғана көрсетеді.
Көптеген қазақстандық өз бетінше саяхаттайды: билеттерді тікелей сатып алады, баспананы ел ішіндегі агенттіктер арқылы емес, онлайн-сервистер арқылы брондайды, туыстарына барады және т.б.
Шетелдегі 5 триллион операция
Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылы біздің азаматтар елден тыс жерде қазақстандық эмитент-банктердің төлем карталарын пайдалана отырып, 281,1 миллион операция жасаған. Бұл операциялардың жалпы көлемі 5,01 триллион теңге болды.
Бес жыл ішінде бұл көрсеткіш бірнеше есе өсті.

Бір транзакцияның орташа чегі, Ұлттық банк деректері бойынша, 2021 жылғы 12,5 мың теңгеден 2025 жылы 17,8 мың теңгеге дейін өсті.
Бірақ Ұлттық банк бұл операциялар халықтың нақты шетелдік сапарлардағы шығыстарының тікелей көрсеткіші емес екеніне назар аудартады. Бұл сомаға шетелдік интернет-дүкендер мен маркетплейстердегі сатып алулар кіруі мүмкін. Сонымен қатар қазақстандықтар сапарлардағы шығыстардың бір бөлігін Қазақстанда алып шыққан қолма-қол ақшамен төлеуі мүмкін.
Сондықтан бес триллион теңге қомақты көрсеткіш, бірақ бұл қазақстандықтардың саяхатқа қанша жұмсағаны туралы сұраққа нақты жауап емес. Бұл көбінесе трансшекаралық төлемдер қаншалықты дағдыға айналғанының және қазақстандықтардың елден тыс жердегі қаржылық ізінің қаншалықты жылдам өсіп жатқанының көрсеткіші.
Қазақстан паспорты қаншалықты "қуатты"
Саяхаттың қолжетімділігінің тағы бір факторы - визалық еркіндік.
Henley Passport Index халықаралық индексі бойынша, Қазақстан паспорты 2026 жылы әлемдік рейтингте 57-орынды иеленіп, 78 бағыт бойынша визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен кіруге мүмкіндік береді
Басқа халықаралық рейтингте - Passport Index Қазақстан "паспорт қуаты" бойынша 53-орында: mobility score 90, оның ішінде 42 бағыт визасыз, тағы 42-сі барғаннан кейінгі визамен, алтауы электронды рұқсат арқылы қолжетімді, ал 108 бағыт үшін виза талап етіледі.
Бұл орташа позиция: қазақстандық паспортты әлсіз деп айтуға болмайды, әсіресе Түркия, БАӘ, Қытай, Вьетнам, Грузия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанды қоса алғанда, танымал бірқатар бағытқа визасыз кіру мүмкіндігін ескерсек.
Брақ ол "әлемде еркін жүру билеті" де емес. АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Шенген елдеріне, Жапонияға, Канада мен Аустралияға бару үшін қазақстандықтарға әлі де виза немесе электронды рұқсат қажет.
Осылайша, қазақстандық пен оның шетелге саяхаты арасында бірнеше кедергі болуы мүмкін: төлқұжат, билеттер, виза, сақтандыру, тұрғын үй, валюта бағамы, әуежайға дейінгі көлік және еңбек демалысын алу мүмкіндігі. Егер осы элементтердің бірі тым қымбат немесе күрделі болса, сапар кейінге шегеріледі.
Ұшақтар жиі ұша бастады, билет бағасы "нарықтық" деңгейде қалып отыр
Мобильділіктің артуы әуе рейстерінен де байқалады.
Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ішкі және халықаралық бағыттардағы жолаушылар ағыны жыл сайын өсіп келе жатқанын хабарлады.
- 2021 жылы қазақстандық әуекомпаниялар шамамен 9,4 миллион жолаушы тасымалдады.
- 2022 жылы - 11 миллион.
- 2023 жылы - 13,3 миллион.
- 2024 жылы - 14,7 миллион.
2025 жылдың қорытындысы бойынша тасымалданған жолаушылардың жалпы саны 15,4 миллион болды. Оның 11 миллионы - ішкі рейстерде, 4,4 миллионы - халықаралық рейстерде.
2026 жылғы қаңтар - сәуір аралығында әуекомпаниялар шамамен 4,6 миллион жолаушы тасымалдады.
Ең жоғары сұранысқа ие халықаралық бағыттар қатарында комитет Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Қатар, Корея, Мысыр, Вьетнам және Грузияны атайды.
Ел ішінде көбінесе ірі қалалар арасында ұшады: Астана - Алматы, Астана - Шымкент, Алматы - Шымкент, Астана - Атырау, Алматы - Атырау, Астана - Ақтау және Алматы - Ақтау.
Комитет бұл сұранысты іскерлік белсенділікпен, туристік ағынмен және халықтың жоғары мобильділігімен түсіндіреді.
Ведомство бұған әуе билеттерінің құны нарықтық механизмдерге, авиациялық отын бағасына, сұранысқа және басқа да факторларға байланысты екенін айтып жауап береді. Баға белгілеудің бұл түрі Қазақстанда заңнамалық деңгейде реттелмейді, билет құнын әуекомпаниялар өз бетінше айқындайды.
Бұл ретте мемлекет әлеуметтік маңызы бар әуе бағыттарын субсидиялайды: 2026 жылға 24 ішкі бағыт бойынша қолдау көрсету қарастырылған.
Яғни, авиация нарығы өсіп, ұшу географиясы кеңейіп келеді, бірақ ұшудың қолжетімділігі халықтың әртүрлі тобы үшін әртүрлі деңгейде сезіледі.
Үржардағы - Алакөлге ең жақын әуежайдағы жүк беру орны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Қазақстанда ішкі туризм де өсіп жатыр
Туризм индустриясы комитеті 2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындары (қонақүйлер, демалыс аймақтары және т.б.) қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,6 миллион адамға жеткенін хабарлайды. Бұл көрсеткіш 7,8 миллион болған 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайыз артық.
Орналастыру нысандары көрсеткен қызметтер көлемі 350 миллиард теңгеге жетті - бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайыз көп. Орналастыру орындарының саны 179-ға артып, 4 482 болды.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы ел ішіндегі ең үлкен туристік ағын келесі өңірлерге тиесілі болды:
- Алматы - 2 487 800 адам,
- Астана - 1 604 800,
- Алматы облысы - 658 мың,
- Шымкент - 550 мың,
- Маңғыстау облысы - 426 мың.
Ұлттық парктерге деген қызығушылықтың артуы бөлек мәселе. Туризм индустриясы комитеті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны 2019 жылғы 1,3 миллион адамнан 2024 жылы 2,8 миллионға дейін өскенін атап өтті. Ал 2025 жылы оларға 3,6 миллион адам барған.
Бұл ел ішіндегі саяхаттың жаңа қалыпты жағдайға айналғанын көрсетеді: адамдар табиғатты, қысқа сапарларды, өңірлердегі демалыс күндерін және рекреациялық бағыттарды жиі таңдай бастады.
Бірақ қызығушылықтың артуы, туризмнің барлығына бірдей қолжетімді болғанын білдірмейді.
Неге көпшілік әлі де саяхаттамайды?
Бұл тақырыптың ең маңызды әлеуметтік қыры - қанша адам Түркияға ұшатыны немесе шетелде картамен қанша операция жасалғаны емес, осы мобильділіктен кімдер тыс қалып жатқанында.
Туризм индустриясы комитеті әлеуметтік зерттеу мәліметтеріне сүйенеді: оған сәйкес Қазақстан халқының едәуір бөлігі туристік сапарларға жүйелі түрде шықпайды немесе қаржылық себептерге байланысты саяхаттан бас тартады.
"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының 2025 жылғы әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ішкі туризмнің дамуын тежейтін факторлар қатарында көлік шығындарын қоса алғандағы саяхаттың жоғары құны, орналастыру орындарының қымбаттығы, сондай-ақ бос уақыттың тапшылығы аталады.
Бұған шетелге шығуға арналған ең негізгі құжат - паспорт құнын да қосуға болады.
2026 жылы 16 жасқа дейінгі балалар төлқұжаты 17 300 теңге (4 АЕК), 36 беттік кәдімгі төлқұжат - 34 600 теңге (8 АЕК), ал 48 беттік төлқұжат - 51 900 теңге (12 АЕК) тұрады. Баға айлық есептік көрсеткішке байланысты, ол жыл сайын өсетіндіктен, құжат үшін мемлекеттік баж салығы да автоматты түрде көтеріледі.
Тұрақты табысы бар адам үшін төлқұжатқа төленетін 34 600 теңге бір реттік ресми рәсім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ 2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болды. Демек, 36 беттік кәдімгі төлқұжат күнкөріс деңгейінің шамамен 68 пайызын, балалар төлқұжаты - шамамен 34 пайызын құраса, 48 беттік төлқұжат тіпті бір күнкөріс деңгейінен де асып түседі.
Бұл жерде мынаны түсіну маңызды: құжаттың бағасы туристік нарыққа емес, мемлекеттік баж салығына байланысты. Бірақ табысы төмен отбасы үшін мұның айырмашылығы жоқ - бәрібір шығындалу керек болады.
Шетел мүмкіндіктер көрсеткіші ретінде
Барлық ведомство жауабын жинақтасақ, қарама-қайшы картина қалыптасады.
Бір жағынан, барлық көрсеткіш мобильділіктің артқанын көрсетеді. Қазақстандықтар шетелге жиі шығады, жиі ұшады, ел сыртында картамен жиі төлем жасайды, Қазақстан ішінде белсенді саяхаттайды. Пандемиядан кейін туризм саласы расында қалпына келіп, бірқатар көрсеткіш бойынша бұрынғы деңгейден асып түсті.
Екінші жағынан, мемлекеттік статистика әзірге мына сұраққа нақты жауап бермей отыр: қанша қазақстандық ешқашан шетелде болмаған?
Бұл үшін сапарларды, шекарадан өтуді, төлқұжаттар немесе карталық операцияларды емес, адамның бірегей тәжірибесін саралау қажет.
Төлқұжаттың болуы адамның міндетті түрде шетелге шыққанын білдірмейді. Шекарадан өту көрсеткіші ондай адамдардың саны миллиондаған деген сөз емес, бір адам бірнеше рет сапарлауы мүмкін. Шетелдегі карталық операциялар әрдайым саяхатпен байланысты бола бермейді. Туристік ағын сапардың түпкі мақсатын әрқашан көрсете алмайды. Ал ұйымдасқан туризм мәліметтері өз бетінше саяхаттайтындардың бәрін есепке алмайды.
Дерек көп. Бірақ олар нарықты, көлікті, құжаттар мен төлемдерді сипаттайды. Ал қарапайым адам үшін саяхаттың қолжетімділігін көрсете бермейді.
Кеңестік және бұрынғы кеңестік кезеңде шетелге шығу ерекше дүние саналып келді. Бүгінде қазақстандықтардың бір бөлігі үшін бұл үйреншікті іске айналды: билет онлайн сатып алынады, қонақүй қосымшалар арқылы брондалады, шекарадан өту жеңілдеді, карталар барлық жерде дерлік жұмыс істейді.
Бірақ халықтың енді бір бөлігі үшін саяхат әлі де бірінші, тіпті екінші кезектегі шығын емес. Отбасы тамаққа, коммуналдық қызметтерге, кредиттерге, мектеп шығындары мен емделуге ақша санап отырғанда, демалыс, әсіресе шетелдегі демалыс қол жетпес арманға айналады.
Сондықтан туризм - бұл тек демалыс туралы емес. Сонымен қатар өмір сүру сапасының, табыстың, көлік қолжетімділігінің, бос уақыттың, төлқұжаттың беделі мен адамның жұмыс істеп қана қоймай, әлемді көруге мүмкіндігі бар екенін сезінуінің көрсеткіші.
Тағы оқыңыз: “Қазақстан - бёрдвотчерлер Меккесі“. Құстарды бақылау жергілікті тұрғындарды қызықтырып, туристерді тартып жатыр
Жарты ғұмырың кептелісте: Талғарда тұрып, Алматыда жұмыс істейтіндердің күні қалай өтеді?
Африкаға қақпа. Кения президенті Астанаға неге келді?
Авторы: Рабиға Дұйсенғұлова
Дайындаған: Айнұр Қапышова