1. Басты
  2. Оқы

4 пайыздық автонесие шын мәнінде тиімді ме?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ 4 пайыздық автонесие шын мәнінде тиімді ме? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Жеңілдетілген автонесиелер қазақстандықтарға автокөлікті, шын мәнінде қолжетімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік бере ме? Бағдарлама ел экономикасы үшін тиімді ме? Қазақстандық экономистер осы мәселе туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тегін ақша 

Экономист және Tengenomika YouTube-арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин қазіргі нарықтық мөлшерлемелерді және ұсынылатын жеңілдік шарттарын ескере отырып, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының өзі қаржы репрессиясының элементі екенін айтады. Бұл нарықтық мөлшерлеме жағдайында ақша құнының бұрмалануы дегенді білдіреді. 4 пайыздық несие біздің экономикадағы нарықтық мөлшерлемеден және қазіргі инфляциядан төмен. Несиелер үшін қауіпсіз қазіргі мөлшерлеме - 14,11 пайыз, ал сәуірдің қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 13,2 пайызға жетті. 4 пайыздық несие ала отырып, тұтынушы іс жүзінде "тегін" ақша алады, ал мемлекет жеңілдік мөлшерлемесі мен коммерциялық банктердің нақты нарықтық мөлшерлемесі арасындағы айырмашылықты жабады. Мемлекет, сонымен қатар, осы бағдарлама бойынша несие қаражатын пайдаланғаны үшін қауіптің көп бөлігін өз мойнына алады.

Экономист қаржы саласындағы қазіргі жағдай кезінде қазақстандықтарға несие алудан гөрі, ақшаны депозиттерде сақтау тиімдірек болатынын атап өтті, алайда автонесие бұл логикаға келмейді. 

"Экономикадағы қазіргі базалық мөлшерлемеде (14 пайыз) экономикадағы қарыз алу құны (кредиттік мөлшерлемелер) да, банктік депозиттерде ақшаны сақтау құны (депозиттік мөлшерлемелер) да өсті. Сәйкесінше, мұндай жағдайларда экономикалық агенттерге қарыз алу тиімсіз, бірақ олардың салымдары бойынша жоғары пайыздарды табу оңайырақ. Алайда, пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиенің болуы инфляция мен экономикадағы нарықтық мөлшерлемелерден айтарлықтай төмен", - деді Ғалымжан Айтқазин.

Автонесиелер көлік бағасын өсіруі мүмкін

Сарапшы қазір Қазақстанда қолданылып жүрген қаржылық репрессия әдісінің экономика үшін оң және теріс салдары барын атап өтті. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына келер болсақ, бір жағынан, халық пен бизнес өкілдеріне нарық жағдайына қарамастан өз шығындарына (атап айтқанда, автокөлік сатып алуға) қаражат алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, бұл нарықта қосымша сұранысты тудырады, бұл көбіне баға өсуіне әкеледі.

"Бұл көбіне автонесиелендіру жағдайында сұраныстың күрт өсуіне ғана емес, сондай-ақ жеткізу тізбектерімен, чиптердің және басқа да құрауыштардың жетіспеуіне қатысты жаһандық проблемалар жағдайында ұсыныс шектеулі болуына байланысты болады. Сондықтан мемлекет сұранысты популистік жеңілдетілген бағдарламалармен сұранысты арттырып, автомобиль нарығында қазір тұрғын үй нарығында қалыптасып жатқан жағдайды жасауы мүмкін. Жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік банк есебінен тұрғын үй нарығында бағалар екі таңбалы қарқынмен өскенін, бағдарламалар халықтың кең тобы үшін қол жетімді емесін еске саламын", - деп толықтырды Айтқазин.

Көлік тапшылығын күту керек

Экономист және консалтингтік компанияның директоры Марат Қайырленовтің айтуынша, жақын арада елімізде автомобиль тапшылығын күтуге болады. Бұл Ресей Федерациясының автомобиль зауыттарында өндірістің тоқтауына және cол ел арқылы тауарлар логистикасының қиындықтарына, ресейліктердің Қазақстандағы көліктерге сұранысы артуына, сондай-ақ Қытай зауыттарындағы жаһандық өндіріс проблемаларына байланысты. Мұның бәрі біздің елге автомобиль жеткізілімінің айтарлықтай төмендеуіне және олардың құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Осы факторларды ескере отырып, жеңілдетілген автонесие машина алғысы немесе темір тұлпарын жаңартқысы келетіндер үшін жақсы нұсқа болуы мүмкін.

Экономист жаңа автомобильді жеңілдікпен несиеге алуды сәтті инвестиция деп ойлаудың керегі жоғын айтып отыр, себебі көліктер бірден құн жоғалтады. Көлік автокөлік есігінен шығысымен бірден өз құнының 30 пайызын жоғалтады, несиені төлеп бітсе, оның иесі сатып жібергісі келсе, табысынан шығыны көбірек болады. Алайда қазіргі жағдайда (болжанып отырған тапшылық пен валюта бағамының аумалы-төкпелі жағдайында) уақытша ауытқу болуы да мүмкін.

Автомобилизация кедейлікпен күресте көмектеседі

Қайырленовтің айтуынша, халықты қолдау мен автомобилизация өсімі жағдайында шетелдік автомобильдердің баж салығын 2010 жылғы деңгейге түсіру тиімдірек болар еді. Экономистің айтуынша, кейінгі жеті жылда халықтың 2014 жылғы 5 миллион автокөлігінен 2022 жылғы 1 қаңтардағы 3,8 миллионға дейінгі азаюы байқалып отыр. Сондай-ақ, автопарктың орташа жасы өсіп барады.

"Макроэкономикалық тұрғыда автомобилизация деңгейі құлдырап жатыр және автомобиль паркі тозып жатыр. Өмір деңгейі нашарлап, инфляция мен халық шығыны артып жатқанда, азық-түлік сияқты қарапайым сұраныс артып жатқанда 4 пайызбен несиелеу сияқты шаралар жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберуі неғайбыл. Үкімет халықтың кедейлігімен күресу керек дейді, бірақ жеңілдігі бар несие беру аздық етеді. Шетелден келетін автокөліктердің салығын азайтсақ, уақытша болсын, елге арзан иномаркалар келер еді. Көбіне автомобиль пайда табу көзіне айналар еді. Әлеуметтік осал топтар немесе жағдайы нашар топтар көлік алып, жеткізу немесе такси саласында жұмыс таба алар еді. Түрлі көлік қызметтеріне сұраныс артып келеді, көршілес Ресей азаматтарына қатысты санкцияларға байланысты осы елден келетін туристер саны артады деп күту керек. Салықты төмендету мультипликатив әсер беруі мүмкін ", - дейді Марат Қайырленов.

Несиенің орнына салықты алып тастау

Экономист инфляцияны ескере отырып, автокөлік несиесінің жергілікті тиімді тұстарына қарамастан, бұл шараны проблемаларды шешудегі тактикалық, бірақ стратегиялық емес шешім ретінде ғана қарастыруға болатынын атап өтті. Шағын бизнесті дамыту және жұмыс орындарын құру үшін нарықта қолжетімді автокөліктердің болуы маңызды екенін ескеріп, неғұрлым тиімді әрі шешуші шаралар қабылдауға болады. Қайырленовтің айтуынша, мұндай шаралар арқылы автопаркті жаңарту мәселесін шешу мүмкін емес және Үкімет тарапынан да бұл дұрыс емес.

"Нарықты арзан көліктерге толтыру үшін импорттық баж салығын бірнеше жылға толық алып тастау керек шығар. Елімізге кем дегенде 2-3 миллион автокөлік әкелсе, онда бұл мәселе ішінара шешіледі. Содан кейін баж салығын қайта көтеруге болады. Адамдар бұл еліміздегі автокөлік өнеркәсібінің дамуына теріс әсер ететінін айтады. Бірақ бұл саланы дамытқысы келетін компаниялар ресейлік сұраныс пен басқа факторларға байланысты өмір сүреді. Жаңа автокөліктерге деген сұраныс әлі де болады. Кім қаласа, сол отандық жаңа автокөліктерді сатып алады", - деп толықтырды экономист.

4 пайыздық автонесиеге қалай өтінім береміз? Нұсқаулық

Сұхбаттасқан: Tengrinews.kz тілшісі Святослав Антонов

Қазақ тіліне аударған: Жансая Қадыржанова