ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар балаларды олардың ата-аналарының қаржылық қаражатына қол жеткізу үшін қалай алдайтынын және алаяқтықтан қалай қорғануға болатынын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар балаларды олардың ата-аналарының қаржылық қаражатына қол жеткізу үшін қалай алдайтынын және алаяқтықтан қалай қорғануға болатынын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қаржы алаяқтары балалар арқылы олардың ата-аналарының ақшасына қол жеткізуге тырысады. Олар балалардың аңқаулығын пайдаланып, әртүрлі оқиғалар ойлап тауып, түрлі айлаларын іске асыруға талпынады.
Алаяқтар қандай онлайн-қақпандар құрады?
"Күтпеген жеңіс"
Бала электрондық пошта, әлеуметтік желі, SMS немесе мессенджер арқылы ақшалай сыйлық немесе шетелге жолдама ұтқаны, оны ақшаға айырбастауға болатыны туралы хабарлама алады. Сондай-ақ, шетелде тұратын бай туысының мұрагері болғандығы туралы да хат келуі мүмкін.
Бұл ретте ақшаны немесе жолдаманы алу үшін бала өз келісімін беріп, сілтеме бойынша өтіп, тіркелуі керек. Сауалнамада жеке деректерді, оның ішінде кез келген қолда бар төлем картасының нөмірін, оның қолданыс мерзімін және артқы жағындағы үш таңбалы кодты көрсету талап етіледі. Егер балалар қаскүнемдерге осы дербес және төлем деректерін берсе, алаяқтар ата-анасының ақшасына қол жеткізе алады.
"Жақыныңа жасырын көмек"
Балаңыздың танысының парақшасында қолдау көрсетуді және мүмкіндігінше банктік шотқа немесе электрондық әмиянға ақша жіберуді сұрайтын хабарлама жарияланады. Осы сынды тағы бір схема – балаңыздың сыныптасы оған мессенджер арқылы хабарласып, жақын адамының апатқа ұшырағанын немесе өзінің сырқаттанып қалғанын айтып немесе жай ғана қарызға ақша сұрауы мүмкін. Бірақ ол бұл туралы ешкімге айтпауды сұрайды. Егер сіздің балаңыз алаяқтардың өтінішін орындап, өз еркімен жасырын түрде ақша аударса, оны қайтару мүмкін емес. Сондықтан мұндай жайттар туралы оған алдын ала ескерткен абзал.
"Ерекше қосымша"
Алаяқтар балаңыздың гаджетіне жылдам баюға немесе кез келген адамның орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін қосымшаның жарнамасы бар сілтеме жіберуі мүмкін. Ең бастысы, бұл мобильдік қосымша бірегей болып табылады және оны сілтеме арқылы тегін жүктеп алуға болады.
Бала күмәнді бағдарламалық жасақтаманы жүктесе, бұл жеке ақпаратты үшінші тұлғаларға бере алатын, балаңыздың жүрген жерін қадағалайтын және телефондағы басқа қосымшаларды басқара алатын шпиондық бағдарлама екенін бірден түсінбеуі де мүмкін.
Ата-аналар балаларын алаяқтардан қалай қорғай алады?
Балаңызға бейтаныс адамдарға өздері және жақындары туралы ақпаратты беруге болмайтынын айтыңыз. Алаяқтар заманауи технологиялардың көмегімен кез-келген адамды алдай алатынын түсіндіріңіз.
Балаларыңыз қандай жағдай болмасын барлығын ашық айтуға болатыны және сіздің оған ұрыспайтыныңыз туралы білуі маңызды. Балаңызбен қарым-қатынасыңыз өзара сенімге негізделуі керек.
Егер бала қандай да бір себептермен үйде жалғыз қалса, онда ол ата-анасының, басқа туыстарының, көршілерінің, "102" қызметінің, сондай-ақ учаскелік инспектордың жұмыс және ұялы телефондарын білуі қажет.