21 сәуір 2023 | 11:34

Алматы мен Қонаев арасында жаңа қала пайда болады: әкімдік өкілі егжей-тегжейін айтты

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Фото ©Айнаш Өндіріс Фото ©Айнаш Өндіріс

2022 жылғы наурызда Қонаев жаңа мәртебе алды. Кейін Алматы облысы әкімінің аппараты Талдықорғаннан толығымен көшті. Қазір бұл облыстық маңызы бар қала. Болашақта Қонаев ұлғаяды деп күтіледі, сондықтан билікке Қонаевты дамытудың жаңа Бас жоспарын әзірлеу тапсырылды. Tengrinews.kz тілшісі Қонаевтың Бас жоспары жобасымен танысып, шенеуніктер мен сәулетшілер бұл қаланы қалай өзгертуді жоспарлап отырғанын білді.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

2022 жылғы наурызда Қонаев жаңа мәртебе алды. Кейін Алматы облысы әкімінің аппараты Талдықорғаннан толығымен көшті. Қазір бұл облыстық маңызы бар қала. Болашақта Қонаев ұлғаяды деп күтіледі, сондықтан билікке Қонаевты дамытудың жаңа Бас жоспарын әзірлеу тапсырылды. Tengrinews.kz тілшісі Қонаевтың Бас жоспары жобасымен танысып, шенеуніктер мен сәулетшілер бұл қаланы қалай өзгертуді жоспарлап отырғанын білді.

Алматы облысы сәулет басқармасы бас жоспар және аумақты дамыту басқармасының басшысы Айдос Күнесбаев шаһарды қайта түлету жоспары туралы толығырақ айтып берді.

Болашақ Қонаев қаласының үлгісі. Фото ©Айнаш Өндіріс

Бұрынғы Бас жоспар бойынша Қонаев аумағы 9600 гектар жерді алып жатыр. Қаланың өзі бастапқыда 130 мың тұрғынға есептелген. Қазіргі уақытта статистика бойынша қала тұрғындарының саны 40 мыңнан сәл ғана асады.

Жаңа Бас жоспар бойынша Қонаевтың аумағы 19 мың гектарға, ал халық саны 200 мыңға дейін ұлғаяды.

Болашақ Қонаев қаласының үлгісі. Фото ©Айнаш Өндіріс

Қонаев Алматы–Өскемен бағытында орналасқан, бұл - А3 санатындағы республикалық бағыт.

"Біріншіден, біз бұл тасжолды қаланың сыртына жылжытуды ұсынып отырмыз. Себебі бұл жоғары жылдамдықты магистральдық жол, норма бойынша қалада бұған рұқсат етілмейді. Қолданыстағы жолдың мақсаты өзгереді, ол жергілікті маңызы бар қалалық жолға айналады", - дейді Айдос Күнесбаев.

Қонаевтың Бас жоспар бойынша көрінісі. Фото ©Айнаш Өндіріс

Қонаевтың жаңа Бас жоспарына сәйкес қазіргі ғимараттар арасын толтыру қарастырылған. Алдағы уақытта екінші кезең – қаланың солтүстік-шығысында ауданы 1800 гектар Жаңа-Іле шағынауданын салу.

А3 республикалық тасжолы қайда жылжиды?

Тасжол қолданыстағы тасжолдан батысқа қарай 10-12 шақырымға жылжытылады. Қазір бұл аймақтарда ештеңе жоқ. Қолданыстағы жолдың бойында әскери нысандар, қоймалар бар, бірақ болашақта оларды да көшіру ұсынылады. Сонымен қатар, қазір қаланы кесіп өтетін теміржол желісі де батысқа қарай жылжиды, ол А3 тасжолына параллель өтеді.

Қаладағы негізгі көшелер: Қонаев, Сейфуллин, Абай, Жамбыл, Алматы және Индустриальная көшелері. Индустриальная көшесі "Фламинго" ойынханасынан басталып, үлкен Алматы–Өскемен тасжолына параллель өтеді. Жобада оны Қонаев шекарасына дейін созу ұсынылады.

Индустриальная көшесінде әкімшілік-қоғамдық орталықты дамыту жоспарланған, қазірдің өзінде бұл жерде облыс әкімдігі орналасқан. Барлық әкімшілік ғимараттар да осында орналасады.

Ескі Алматы–Өскемен тасжолы Жаңа Іле шағынауданына апаратын болады. Жаңа шағынаудан үшін солтүстік-шығыстағы жер таңдалды. Бұл аймақ қазір бос. Ал үшінші артықшылығы – жерлер бөлінбеген, мемлекет қорында.

Қонаевтың Самал және Ардагер шағынаудандары қала маңындағы аумақтар саналады. Бұл аумақтар да игеріледі, олардың функционалдық мақсаты өзгереді.

Қапшағай су қоймасы жағалауына байланысты қандай жоспарлар бар? Онда не болады?

Қазір инвесторлар келіп, аумақты қалай дамыту керек екені туралы ұсыныстарын беріп жатыр. Сонымен қатар, жағалауда бейберекет ғимараттар бар. Осының бәрін қазіргі қала құрылысы стандарттарына сәйкес реттейміз. Негізінен, жағалау аймағы жекеменшікте және кәсіпкерлер игеріп жатқан жері.

Жоба бойынша Қапшағай жағалаулары аспалы жол арқылы жалғасады. Қапшағайдың үлкен жағалауында 100 гектарға жуық жерде гольф алаңын орналастыру жоспарланған. Болашақта туризмнің дамуын былай көреміз: адамдар жазда суға шомылса, қыста балық аулауға келеді. Барлық маусымдық демалыс. Бүкіл жағалау спортқа бейімделеді.

Сондай-ақ, Қапшағай жағалауында жоғары оқу орындарының оқу кластері: жатақханалар, кампустар және басқа да тиісті инфрақұрылымы бар академиялық қалашық орналасады.

Алматыдағы көптеген жоғары оқу орыны аумағы жағынан өз мүмкіндігін тауысқанын білесіздер. Сондықтан қазір, осы кезеңде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұнда бірінші кезекте инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу қажет. Осының бәрі расталса, әрі қарай жылжимыз. Әзірге мұның бәрі келісімде.

Қазір политехникалық университет, Ресейдің "Синергия" университеті учаскесі бар. Жол картасы әзірленеді, инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бейіндік министрлік қазірдің өзінде белгілі халықаралық университеттерді осында келуге шақырып жатыр. Болашақта осында білім алатын жастар оқиды, тұрады, жұмыс істейді, т.б.

Жалпы, Қонаевтың тұжырымдамасында көпқабатты үйлер, демалыс орындарын, драма театрын салу қарастырылған. Қонаевта жаңа мәдени-ағарту нысандары, әкімшілік ғимараттар мен кеңселер пайда болады. Шошқалы сай ауданында саябақ алаңы болады. Бұл Қапшағай су қоймасына дейін созылып жатқан өзінше бір жағажай болады.

Казиноларға не болады?

Қонаевта бес казино бар. 2022 жылы бұл казинолар 94 миллиард теңге салық төлеген. Сондай-ақ, бұл инфрақұрылымда Қонаев қаласының 4,5 мың тұрғыны жұмыс істейді. Білсеңіз, Қырғызстан шетел азаматтары үшін ойын аймағын ашуға рұқсат берді. Бұл жерде бірдеңе бола қалса, салық түрінде 94 миллиард теңге таза табыс әкелген бұл ойыншылар Қырғызстанға кетеді.

Қонаевта тек казино ғана емес, сонымен қатар букмекерлік кеңселер, ойын слоттары бар. Казиноның ойын-сауық бағыты, біздің ойымызша, қалуы керек. Әзірге казиноны қаладан алып тастау туралы мұндай ұсыныстар жоқ. Қалай болғанда да, бұл Үкімет деңгейінде шешіледі. Сондай-ақ, Қонаевтың орталық көшесінен ойынхана ғимараттарын көшіру мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз.

Әуежай салу жоспарда бар ма?

Біз G4 City аясында Жетіген ауданында әуежай салуды көздеп отырмыз. Әскери әуежай бар, оны жолаушылар әуежайына айналдыру мүмкіндігі бар.

Алматы мен Қонаев арасындағы жаңа қала: G4 City 

G4 City – Алматы-Қонаев тасжолы бойында орналасқан төрт заманауи тақырыптық ауданнан тұратын смарт қала. G4 City Алматы облысының Іле және Талғар аудандарын және Қонаев қаласының өзін қамтиды. Тұжырымдама биыл қаңтарда Президент жарлығымен бекітілген. G4 City тұжырымдамасын сингапурлық Surbana Jurong Infrastructure Pte Ltd компаниясы әзірлеген.

G4 City төрт ауданды қамтиды, бұл Gate District, Golden District, Growing District және Green District.

Қазіргі уақытта G4 City аумағының бас жоспары да әзірленіп жатыр.

Осылайша, Алматының Солтүстік шеңберінен Қонаевқа дейін тұтас бір қала бой көтермек. Айта кетейік, Алматыдан Қонаевқа дейінгі қашықтық 65 шақырым. G4 City ғимаратының жалпы ауданы 111 800 гектар жер болады.

Мұның бәрі кімнің есебінен салынады? 

Инвесторлар тартылады. Магистральдық желілер мен инженерлік коммуникацияларды тартуға мемлекеттен қаражат бөлінуі мүмкін. Бірақ нақты шығындар әлі есептелмеген, экономикалық есеп әлі қаралып жатыр.

Колония бар, оның жағдайы не болады? 

Заречныйға келсек, алдағы уақытта бұл колонияға не болады, оны болашақта осы аумақтың бір бөлігі ретінде қалай пайдалану керек екені туралы ұсыныстар беріледі.

Жазда Қонаевта кептеліс болады, демалушылар көп, бірақ жағдай жоқ. Енді демалушыларға қолайлы болу үшін жағдай, көлік жүретін жолдар жасап, бағаны реттейміз. 

G4 City 2050 жылға қарай осындай болады. ©Айнаш Өндіріс

Қазір Астанада Қонаев қаласының Бас жоспары сараптамадан өтіп жатыр. Сараптамадан кейін Бас жоспар Үкіметтің бекітуіне жіберіледі. Қонаев пен G4 City бас жоспары осы жылдың аяғына дейін бекітіледі деп ойлаймыз.

Фото және мәтін: Айнаш Өндіріс.

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Мұнай бағасы төмендеп жатыр
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Валюта бағамы

 523.72  course down  543.16  course up  5.1  course up

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer