02 маусым 2023 14:18

Алматыдағы танымал "Алтын Орда" базарының бүгінгі жай-күйі қандай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©️ Tengrinews.kz / Айнаш Өндіріс Фото ©️ Tengrinews.kz / Айнаш Өндіріс

Алматының "Алтын Орда" базары тағы да жұртшылық назарында. Жақында ғана базар тағдыры жоғары деңгейде талқыланған еді. Премьер-министр базар туралы айтып өткен болатын.


Алматының "Алтын Орда" базары тағы да жұртшылық назарында. Жақында ғана базар тағдыры жоғары деңгейде талқыланған еді. Премьер-министр базар туралы айтып өткен болатын.

Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысқан жиында республикадағы ең ірі "Алтын Орда" сауда базарының жұмысына қатысты мәселелер қаралды.

Базарда "өңірлік ауқымдағы бақыланбайтын олигополия құрылып жатқаны" туралы айтылды.

"Бас прокуратура мен мемлекеттік органдардың тексерулері нәтижесінде санитарлық, ветеринариялық, экология, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өрт қауіпсіздігі, салықтық бақылау салаларындағы заңнама нормаларының заңбұзушылықтары анықталды", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметінде.

Tengrinews.kz тілшісі "Алтын Орданың" бүгінгі тыныс-тіршілігі және ондағы тұрғындарды не алаңдатып отырғанын көріп қайтты.

Базарға кешкі сағат бестерде келдік. Әдетте бұл уақытта басқа базарлар жабылғанымен "Алтын Орда" базары жұмыс істей береді. Тіпті осы уақыттың өзінде базардан тегін көлік қоятын орын табу қиын.

Базар Алматы - Бішкек тасжолы бойында орналасқан. Қай кезде болмасын көлік кептелісі, әсіресе кешкі уақытта өте көп болады. Бүгінде бұндай кептеліс таңғалатын жағдай емес. Қаладан базарға баруға бір жарым сағат кетті.

"Алтын Орда" базарынан бәрін таба аласыз: сәбіз, картоп, ет пен өнімдер, киім-кешек, ыдыс-аяқ, шымылдық, тойбастар мен шұлыққа дейін, бір қаптамасы мың теңгеден.

Базардың ашық бөлігінде жергілікті тұрғындар айналадағы қоқысқа көп көңіл бөлмейтіні көрініп тұр. Ол базарға алғаш барғандардың көзіне бірден түседі.

Саудагерлерден жұмыста соңғы уақытта не өзгергені сұралды.

- Қазір мұнда қандай өзгерістер бар?

- Жақында комиссия мүшелері келеді. Өйткені қазір Болат Назарбаевтың барлық ісі әшкереленіп жатыр. Салық төлемеген дейді.

- Ең бастысы, сізге тиіспей ме?

- Жоқ.

- Салық төлейсің бе, деп сұрамай ма?

- Иә, салықтар тексеріледі.

- Олар бізге тиіспейді. Бізден қорқады, - деп күледі ет сату орнындағы сатушы әйел.

Базар белсенді түрде жаңарып жатыр. Ескі контейнер қатарлары мен шатырлар бұзылған. Оның орнына жаңа, заманауи жабық павильондар салынбақ. Бірақ кейбір кәсіпкерлер бұған мүлде риза емес. Кейбіреуі жаңа павильондардан бутиктер сатып алған. Басқалары жаңа жерді қайдан табуға болатынын әлі білмей жүр.

"Ескі базар ақырындап бұзылып жатыр. Бутиктердің барлығы жаңа павильондарда. Әрине, ол жақта қымбат. Осыған дейін бутиктердің құны 6-7 миллион теңгеге дейін жететін. Соларды сатып алып, жалға төлейсің", - деп түсіндіреді сүт өнімдерін сатушы әйел.

Бүгінгі күнге дейін ескі базардың бір бөлігі бұзылып үлгерген. Босаған аумақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр, техника жұмыс істеп тұр. Жаңа павильондарды салуға кемінде бірнеше ай қажет.

Бұл қатар да бұзылып жатыр. Қазір саудагерлер тауарларын жинап, орындарын босатады.

1, 2, 3-қатардағы жалға алушылар әлі де сол орында. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды. Көп ұзамай олардың да кететін кезегі келеді.

"Олар бұл жерді бұзып, жаңа бутиктер салып жатыр. Жаңа павильонда орын жоқ дейді. Ол жер адамға толы. Біз мұнда жалдау ақысы мен салық төледік. Енді қайда барарымызды білмейміз", - дейді ауыр күрсінген шымылдық сатушысының бірі.

Қазір 4-қатардағы бұрынғы сауда иелері бутиктерін бұзып, шығаруға болатын заттарын шығарып жатыр.

"Мен екі бутигімді жаңа павильонға көшірдім. Біреуі жертөледе, екіншісі жоғарғы қабатта. Қымбатқа жалға аласыз әрине, дегенмен шарттары жақсы. Кейбіреулерінің барар жері жоқ. Ондайлар бар. Таныс жер, тұрақты клиенттер бар. Көшіп келгенімізге сегіз ай болды. Барлығы қалыпты. Іші қыста жылы, жазда салқын", - дейді жергілікті кәсіпкерлердің бірі.

Ал жаңа жабық павильондар көрінісі мынадай.

"Бұл Апорт сияқты", - дейді ер адам.

Мұнда тіптен тамақтану орындары бар. Оны, әлбетте бұрынғы "Алтын Ордадағы" асханалармен салыстыруға келмейді.

Жаңа павильонның баспалдақтарынан құрылыс жүріп жатқан алаңды көруге болады. Бұрын бұл жер ескі "Алтын Орда" болатын.

Ресми мәлімет бойынша, "Алтын Орда" базарында бес мыңнан аса сауда орны болса, оған келушілердің саны 50 мыңға жетеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40 пайызын және бөлшек саудасының 70 пайызын қамтиды. Оған тауарды негізгі жеткізушілер отандық өндірушілермен қатар көршілес елдердің компаниялары.

"Алтын Орда" базарының қызметін ретке келтіру және баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында премьер-министр Әлихан Смайылов қоғамдық бақылауды ұйымдастыруды, сондай-ақ аумақта прокуратура, iшкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі және басқа да уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiмен бірлесіп "барлық заңбұзушылық толық жойылғанға дейiн" тұрақты жұмыс iстейтiн мобильдi топ құруды тапсырды.

Еске салайық, сәуірде Болат Назарбаев Алматы облысында орналасқан "Барыс" автобазарынан айырылған болатын. Прокуратура, жергілікті әкімдік және Болат Назарбаев арасындағы сот процесі биыл наурыздың аяғында басталған.

Суреттер және мәтіні: Айнаш Өндіріс

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 441.68   490.7   4.99 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети