Қазіргі қазақ қоғамында жазу ауыстырумен байланысты әліпби, графика, орфография немесе емле деген терминдер жиі айтылып, күнделікті қолданыла бастады. Дегенмен жалпы білімді көтеретін қосымша лингвистикалық көмек ретінде жоғарыдағы сұрақтарды қойдық.
Қазіргі қазақ қоғамында жазу ауыстырумен байланысты әліпби, графика, орфография немесе емле деген терминдер жиі айтылып, күнделікті қолданыла бастады. Дегенмен жалпы білімді көтеретін қосымша лингвистикалық көмек ретінде жоғарыдағы сұрақтарды қойдық.
Сонымен, әліпби деген...
Жазу таңбалары дыбыстық таңбалар (әріптер), грамматикалық таңбалар (пунктуациялық белгiлер), ұғымдық таңбаларға (бөлек, бiрге, дефис арқылы берiлуi, бас әрiп, кiшi әрiп) бөлінеді (академик Л.В.Щерба). Осы негiзде жазудың негiзгi категориялары анықталады, ол көп айтыла беретін - әліпби, көп айтылмайтын - графика және бәрі білетін – орфография және пунктуация.
Әліпби дегеніміз, әсіресе дыбыстық әліпби - тілдегі барлық фонемалардың шартты таңбаларының белгілі тәртіппен орналасқан жиынтығы. Жазудың даму тарихындағы соңғы құбылыс.
Әлемде дыбыстық әліпбилер санаулы. Сондықтан барлық тілдердің әліпбилері сол санаулы әліпби түрлеріне барып тіреледі. Таралу, пайдалану дәрежесіне қарай әліпбилер ашық әліпби (латын, араб, кирил) және жабық әліпби (армян, грузин, т.б.) болып бөлінеді. Ұлт тілдерінің кейбіреуінде (армян, грузин т.б.) ғана болмаса, көбінде жазу кеңістігіне белгілі ашық әліпби түрлері өзгертіліп, жетілдіріліп қолданылып келеді. Бұл неше мың тілде сөйлейтін халықтардың белгілі әліпби түрімен коммуникация жасауын жеңілдетеді. Мысалы, біз жүйесі бөлек герман тілдерін бөтенсімейміз, жатырқамаймыз, қытай тіліне қарағанда тез әрі оңай меңгереміз. Өйткені алдыңғысы ашық әліпби түрі – латынмен, соңғысы жабық әліпби – қытай иероглифін пайдаланады.
Әліпби көбіне әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан белгілі бір кезеңде ғана арнайы нысанға айналады, әліпби ауыстыру, өзгерту науқаны аяқталған соң дыбыстардың қасаң таңбалар жиынтығы болып қалады.
Әліпби деген атау буынжазудан кейін тарих аренасына келген бір дыбысқа бір таңба сәйкесетін дыбысжазуға қатысты. Алғашқы әліпби финикийлердің консонантты әліпбиінен басталды (финикийлер – б.э.д. ІІІ мыңж.-б.э. дейін Жерорта теңізінің шығыс жағалауын мекендеген, ірі сауда қалалары болған халық). Финикий жазуындағы 22 әріптің (алеф, бет, гимел, далет, хе, вав, зайн, хет, тет, йод, каф, ламед, мем, нун, самећ, айин, пе, цаде, коф, реш, шин, тов) атауы, тәртібі кейін осы әліпбиден өрбіген барлық әліпбилерге негіз, өзгермейтін қаңқа болды. Финикий жазуынан арамей және архаикалық грек әліпбиі дамиды. Арамей бұтағынан араб, парсы, ауған; соғды, ұйғыр, моңғол; еврей жазуы тарайды. Архаикалық грек бұтағынан шығыс грек пен батыс грек жазуы шығады. Шығыс грек тобына гот, армян; византия - славяннан өрбіген орыс; грузин жазулары жатады. Батыс грек бұтағынан итальян; этрусстан – латын әліпбиі дамиды.
Қазіргі ашық әліпбилердің көшбасшысы латын әліпбиі грек әліпбиінен шығады. Гректер әліпби ойлап таппаса да, әліпбиді жетілдіру жағынан алда болды. Грек алфавитінің тек b, g, d, z, k, l, m, n, p, v, t әріптері ғана алдыңғы әліпби дыбыстарымен бірдей. Қалған әріптер түп төркінінен өзгеше сипат алды. Гректер әліпби жетілдіруде мынадай өзгерістер жасаған: семит тілдеріндегі кейбір дауыссыздар таңбасымен дауыстыларды беріп, әліпбиге дауыстыларды енгізді; семит тілдерінің кейбір дыбыс әріптерін басқаша қолданды; рh, ps, kh, х сияқты әріп тіркесін қосты. алеф, хе, вав, иад, айин әріптері дауыстыларды берді.
Сонымен, әлемдегі ең танымал графика мен әліпби – латын әліпбиі, одан кейінгі танымал әліпби – араб әліпбиі мен кирил әліпбилері ашық әліпбилер деп аталады. Әлем тілдері осы дайын әліпби түрлерін пайдаланып жатыр, көшіп жатыр, ауысып жатыр. Әріпке тапшы алфавит болса да, осы әліпбилерге бәрі құмар. Жөндеп, қырнап, әріп қосып, диакритикалап...
Мысалы, жазу тарихының маманы В.А.Истрин еуропа тілдерінің әліпбилерін былай салыстырған:
Тілдер Латын әрпі диакритика диграф барлық әріп пайдаланылмаған әріптер
Неге, не себепті әр тіл өзіне сай әліпби түрін, таңба, графика жасай бермеген? Неге барлық тілдер дайын әліпбиді қажетіне қарай пайдалана
салған? Өйткені жазу – әлеуметтік құбылыс, жазу – шартты таңба, графика, жазу тілдік шекаралардан асып, әлемді ортақ коммуникацияға шақырады.
Әліпбиде әріптердің белгілі тәртібі маңызды рөл атқарады. Және әріп саны да, әріп атауы да әліпбимен бірге айқындалады. Әліпби тәртібі экстралингвистикалық жағдайларда қызмет атқарады: цифр қызметін атқарады, сөздік, анықтағыш, энциклопедияларда сөздің орналасуын жүйелейді. Сондықтан о бастағы әліпби тәртібі қашан да сақталады.
Әліпбидегі әріп саны қанша болуы керек? Әліпби таңдау алынған алфавитті өзгертпей қолдану//тілдің дыбыстық құрамына сәйкес өзгертіп қолдану дегенді тудырады. Сонда соңғысы әліпбидің өзін емес, графикасын ғана пайдалану дегенді білдіреді. Әліпби теориясында әліпбидегі әріп саны тілдегі фонеманың санына тең болуы керек, не аз болу керек делінеді. Бірақ әлем жазуларында мұндай сипат аз. Өйткені ашық әліпби түрлерін генетикалық жағынан туыс емес тілдер, дыбыстық құрамы әліпбидегі әріптерге сәйкес келмейтін тілдер де қабылдап жатыр.
Зерттеушілер әліпбидегі әріп саны тілдегі фонема санымен қандай қатынаста болу керек? Әріп саны фонемамен тең әліпби жетілген бе, әлде әріп саны фонема санынан аз әліпби жетілген бе? деген сауал айналасында пікір таласып келеді. Бұл жазуды ауызша тілдің дәл көшірмесі, тіл өмір сүруінің бір формасы деп немесе жазуды өз алдына дербес жүйе деп қарау тұрғысынан екіге айырылады. Әліпбидегі әріп саны фонема санынан аз болып келетін ағылшын, француз, неміс әліпбилері жазуды дербес жүйе деп қарайды. Ал фонема мен әріп саны тепе-тең әліпбилер жазуды ауызша тілдің көшірмесі деп қарайды.
Ал графика дегеніміз не? Графика алфавиттегі әріп таңбаларын жетілдіру, жетпеген фонемаларды белгілеуді ұйымдастырады. Графика мен орфография жазудың екі кезеңнен тұратынын көрсетеді. Графика дұрыс белгіленсе, сөзформалардың жартысынан астамы қатесіз жазылады, ал орфографияға күрделі мәселелерді нормалау ғана қалады. Алфавит құрамы графикалық таңбаларды ұйымдастырудың нәтижесi, соңғы қорытындысы ретiнде пайда болатын шартты код. Әрине, ол алдымен негізгі әліпби қаңқасына сүйенеді. Алдымен негізгі алфавит таңдалады, сосын графика, соңынан алфавит құрамы қабылданады. Мысалы, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарын әріптерге диакритика салып немесе қосарлап таңбалауды графика ұйымдастырады. Графика жаңа әлiпбидi қабылдағанда, жазудың алғашқы тәжiрибелерiнде, алғаш сауат ашу iсiнде көрiнедi. Сонда графика дегенiмiз әлiпбидегi әрiптердiң белгiлi бiр фонемаларды таңбалауын ұйымдастыруы. Графика – әлiпби мен оның теориясына тiкелей қатысы бар, әлiпбидiң жасалуы, өзгерiстерi, қайта жетiлдiрiлуi, сондай-ақ эстетикалық, оптикалық, экономикалық жағынан сапасын анықтауға көмектесетiн сала. Графика сондай-ақ жазу таңбасы деген ұғымда да қолданылады. Графика жазу ұғымының бір мағынасына сәйкес. Қазақ тіл білімінде “араб жазуын өзгертті”, “латын жазуын қабылдау”, “орыс жазуына көшу” деген сияқты тіркестер бар. Өйткені алдымен сол жазудың графикасы еске алынады.
Графикаға лигатуралар, диакритикалық таңбалар (дәйекші, екпін, созылыңқылықты білдіретін белгі) кіреді.
Әліпби мен графика құрамын кімдер жасақтауы қажет? Белгілі бір әліпби түріне ауысуды таңдау - әлеуметтік, саяси мәселе. Ауысу қажеттілігі жоғары деңгейде шешілгеннен кейін әліпбиге қойылатын фонологиялық талапты лингвистер, психологиялық (жазу-оқу ісінде әріптерді қабылдау рационалды болу керек дегенді білдіреді), педагогикалық талаптарды (сауат ашуда уақыт пен еңбекті үнемдеу дегенге саяды) әдістемеші педагогтар, типографиялық (сол кездің экономикасы мен өндірістік жағдайларына сәйкес келуді құрайды) және техникалық талапты техник мамандар қарастыруы қажет. Бастысы қандай да бір графиканы қабылдайтыны саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан орайластырып шешілген соң, сол тілдің фонемалар жүйесіне қарай әліпби құрамын дұрыс, дәл белгілеуді тілші ғалымдар атқарады.
Құралай Күдеринова
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас
ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор