Алтай Сәрсенұлы Аманжолов 1934 жылдың 2 маусымында Алматы қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі Сәрсен Аманжолұлы.
Алтай Сәрсенұлы Аманжолов 1934 жылдың 2 маусымында Алматы қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі Сәрсен Аманжолұлы.
1952-1957 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітірді. Кейіннен аспирантурасына түсіп, 1963 жылы "Глагольное управление в языке памятников древнетюркской письменности" деген тақырыпта В.И. Насиловтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады.
1957-1960 жылдары және 1964 жылдан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Ғылым Академиясында кіші ғылыми қызметкер болып істеді. 1966 жылдың маусым айында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің ұйғарымымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасына жіберіліп, 1979 жылдың қыркуйек айына дейін осында аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарып келді.
1979 жылдың қыркүйек айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының профессоры, ал 1979 жылдың қарашасында жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды (конкурстан 1980, 1985, 1990 жылдары өтті). А.С. Аманжолов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қатарлы профессорларының бірі, көптеген ғылыми-зерттеу, ұстаздық және қоғамдық жұмыстарына ат салысқан. Университетте бірқатар лекциялық курс жүргізген, олар "Жалпы тіл білімі", "Түркологияға кіріспе", "Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы", "Түркі филологиясына кіріспе", "Көне түркі тілі", "Қазақ тілінің тарихи грамматикасы".
1978 жылы Жоғары және арнаулы орта білім министрінің бұйрығымен қазақ филологиясы бойынша студенттердің ғылыми жұмыстарын қарайтын республикалық конкурс комиссиясында да төрағалық етіп, жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми творчествосына жан-жақты талдау жасаған. А.С. Аманжоловтың ғылыми зерттеулері тіл мен жазу тарихының көптеген мәселесін қамтиды. Ол түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мен көне түркі жазуы тарихының санаулы мамандарының бірі. Ғалымның түркі филологиясы мен тіл білімі бойынша 200-ге тарта еңбегі жарық көрген. Ол филология ғылымдарының екі докторын, он сегіз кандидатын дайындады. 1969 жылы Мәскеуде шыққан "Көне түркі ескерткіштеріндегі етістікті меңгеруі" атты монографиясы мамандардың жоғары бағасына ие болған.
А.С. Аманжоловтың "Көне түркі жазуының тарихы туралы деректер мен зерттеулер» деген докторлық диссертациясы 1975 жылы қорғалған. Бұл күрделі ғылыми зерттеу ұзақ жылғы ізденудің жемісі болды. Монографияда көне түркі руникалық графикаға түбегейлі талдау жасалған, түркі руникалық алфавитінің қалыптасу тарихына қатысты маңызды теориялық тұжырымдар айтылған.
Ғалымның ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері оқу процесіне енгізіліп, "Жалпы тіл білімі", "Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы", "Түркі филологиясына кіріспе", "Графикалық лингвистика негіздері" деген курстарды оқытуда пайдаланылады. Сонымен қатар жоғару оқу орындарының тіл кафедраларына ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, Ташкент Уфа университеттерінде лекция оқып, сол сияқты студенттік ғылыми жұмыстарға, аспирант пен стажерларға (АҚШ пен Венгрия) ғылыми жетекшілік еткен.
1980 жылы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы оқытушылардың білімін жетілдіру факультетін "Жалпы тіл білімі" мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1986 жылдың қыркүйек айынан 1987 жылдың наурыз айына дейін Қытай Халық Республикасында Пекин университеті жанынан ғылыми дәрежесін көтеру мерзімінен өтті. Көне түркі жазу ескерткіштерінің зерттеулеріне арналған «Бабалар сөзі» кітабы 1988 жылы Пекинде басылды.
1993-1994 оқу жылы Түркияда ғылыми сапармен жүріп, Қаратеңіз техникалық университетінде "Қазіргі қазақ тілі" және "Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы" курстарынан лекция оқыды. 1994 жылы Трабзонда "Ортақ асыл мирас" атты кітабы қазақ және түрік тілдерінде басылды.
Қазан қаласында түркология және шығыстану тарихының мәселелеріне арналған ғылыми конференцияға (1960 жыл), Мәскеуде Көне Шығыс мәдениеті тарихын, филологиясын сөз еткен ІІІ Бүкілодақтық конференцияға, Берлинде тұрақты халықаралық алтайстикалық конференцияның ХІІ мәжілісінде (1969 жыл), Ленинградта Бүкілодақтық түркологиялық конференцияға (1970 жыл), Уфада этнография-антропологиялық зерттеулер нәтижелері бойынша Бүкілодақтық сессияға (1980 жыл), Алматыда кеңес-түрік коллоквиумына (1990 жыл), Анкарада түркі мәдениеті конгресіне және алфавит емле, жазу мәселелер тақырыбындағы халықаралық түркологиялық құрылтайға (1990 жыл), Астанада халықаралық түркологиялық конференцияға (2001 жыл), Анкарада Орхон ескерткіштеріне арналған халықаралық конференция (2006 жыл) т.б. қатысып ғылыми баяндама жасап шықты.
Аманжолов филология факультетінің қазақ бөлімі үшін бірнеше бағдарлама мен методологиялық талдау құрастырды: "Көне түркі, араб, латын графикасы" (1980 жыл), "Тіл біліміне кіріспе" (1982 жыл), "Жалпы лингвистикалық пәндердің бағдарламасы" (1983 жыл), "Түркі филологиясына кіріспе" (1986 жыл), "Түрік тілі" атты оқу құралы (1983 жыл), Түркі эпиграфикасының деректеріне сүйеніп, "Түркі руникалық графикасы" деген үш бөлімді методикалық талдау құрастырды (1980, 1981, 1985 жылдары), "Түркі филологиясы және жазу тарихы", "История и теория древнетюрского письма" (2002 жыл), "История и теория древнетюрского письма" (2010) , "Опыт изучения тюркских языков" (2012) атты оқу құралын жариялады.
Ғалым шығармашылығында лексикографияның орны ерекше. Ол үздік шыққан "Қазақша-орысша фразеологиялық сөздіктің" (1988 жылы) редакторы болды. Ол "Түрікше-қазақша фразеологиялық сөздікті", "Түрікше-қазақша кісі аттары сөздігін", "Түрікше-қазақша етістікті фразеологизмдердің сөздігін" және "Ағылшынша қазақша етістікті фразеологизмдердің сөздігін" құрастыруын басқарды. Сонымен қатар "Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздігін" құрастыруға қатысты.
Елеулі еңбектерінің бірі - "Қазақша-орысша лингвистикалық терминология сөздігінде" (1997, 1999 жылдары) қазақ тілінің 2 мыңдай лингвистикалық термині мен олардың орысша баламалары қамтылған. Бұл терминдер тіл біліміне қатысты оқу-методика құралдары мен ғылыми еңбектерінде кеңінен қолданылуда. Сөзтізбесі қазақ тіліндегі деректері негізінде құрастырылып, лингвистика тарихындағы алғашқы тәжірибе болып отыр.
Ғылыми ізденістерінің тағы бір қыры Тянь-Шань, Алтай және Тарбағатайдағы петроглифтер, жартастағы көне бейнелер мен идеографиялық таңбаларды зерттеуі. Ежелгі пиктографиялық және идеографиялық ескерткіштер – Қазақстан (Орталық Азия) жеріндегі алғашқы жазба мәдениетінің алтын қазығы. Қалыптасқан пікір бойынша, алғашқы жазу мен бейнелеу өнерінің түптамыры ортақ, сондықтан зерттеуші Қазақстан Республикасы Өнер академиясының академигі болып атанды.
А.С. Аманжолов университетіміздің қоғамдық жұмысына, координациялық және диссертациялық кеңестерге төраға орынбасары болып белсене араласып тұрады, филология факультетінде лингвист оқытушылардың методологиялық семинарына басшылық етіп, жұртшылық алдында әрдайым лекциялар оқып тұрады. 1986-1988 жылдары жастарға арналған "Білім және еңбек" атты республикалық ғылыми-көпшілік журналының редакция алқасының мүшесі болды.
Аманжолов - қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының Орталық Кеңесінің белсенді мүшесі, көне жазу және фольклор секциясының алғашқы төрағасы (1976-1988 жылдары). Қазақстанда көне түркі жазу ескерткіштерін ашу, зерттеу, насихаттау бағытында көптеген ғылыми-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, Республикалық радио және теледидар хабарларына үзбей қатысып тұрған. Өзінің ғылыми және ұстаздық қызметін мәдениет ескерткіштерін насихаттауға арналған қоғамдық жұмысымен ойдағыдай ұштастыра түсуде.
Сонымен қатар, Алтай Аманжолов 1995-2009 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры; Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша "Құрмет" орденімен марапатталды. 2000 жылы Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық сыйлығы және Алтын медалімен марапатталды. 2001 жылы Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең жақсы ғылыми-зерттеу жұмысы үшін дипломмен марапатталды. 2004 жылы "Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін" белгісімен марапатталды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Өнер академиясының академигі деген атақ берілді. 2009 жылы Білім және ғылым саласына қосқан айрықша үлесі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арнайы медалімен марапатталды.
Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың жеке қорының құжаттарын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 2015 жылы жұбайы Бибіайша Қазақбаева Қалилаевнаның өтініші бойынша сый ретінде тапсырған. Осы құжаттар негізінде 1-ші тізімдеме жасалды. Бұл тізімдемеге 1954-2011 жылдар аралығын қамтитын құжаттар енген.
Қор иесінің құжаттарының құрамына ғылыми құжатт ары (зерттеулері, диссертациялары, монографиялары, мақалалары, пікірлері, сұхбаттары), қызметіне және өмірбаянына қатысты құжаттар, хаттар, жинақ құжаттар және қор иесі туралы жазылған еңбектер жинақталған.
Құжаттар жанр бойынша реттеліп, хронологиялық жүйемен топтастырылған.
Қазақстан Республикасы Мәдениет
және спорт министрлігінің "Орталық
мемлекеттік архив" РММ-нің жеке
тектік архивтермен және тарихи-
құжаттамалық топтамалармен
жұмыс жасау бөлімінің
архивист маманы Максымканова Айханым