Арықтауға арналған БАД-тар, L-карнитин, шай - қайсы жұмыс істемейді және неге?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Арықтауға арналған БАД-тар, L-карнитин, шай - қайсы жұмыс істемейді және неге? ЖИ арқылы жасалған

Әлеуметтік желілерде арықтаудың "тексерілген рецепттері" вирустай таралып жатыр, олар түрлі нұсқада айтылып жүр. Қоспалардың атауы өзгеруі мүмкін, бірақ мәні бір: ғажайып капсуланы іш те, "майдан" құтыл. Нутрициолог әрі диетолог Анастасия Колпакова TengriHealth бағанында әртүрлі қоспаның нақты әсері мен қаупі туралы айтады.


Әлеуметтік желілерде арықтаудың "тексерілген рецепттері" вирустай таралып жатыр, олар түрлі нұсқада айтылып жүр. Қоспалардың атауы өзгеруі мүмкін, бірақ мәні бір: ғажайып капсуланы іш те, "майдан" құтыл. Нутрициолог әрі диетолог Анастасия Колпакова TengriHealth бағанында әртүрлі қоспаның нақты әсері мен қаупі туралы айтады.

Ағзада май қалай кетеді және неге оны білу маңызды?

Адамдар артық салмақтан арылу үшін қолданатын танымал тәсілдерді қарастырмас бұрын, салмақ тастау деген не екенін біліп алған жөн. 

Біздің салмағымыз тек майдан тұрмайды. Ол ішкі ағзалардың, бұлшық ет, ішектегі заттар, су, сүйек массасы мен тағы басқасының жиынтығы. Сондықтан салмақ тастауды мақсат еткенде, біз ең алдымен ағзадағы майды азайтуды меңзейміз.

Май қалай азаяды?

Ағзаға тағаммен бірге қажетті мөлшерден аз энергия түскен кезде, ол ішкі қорды пайдалана бастайды. Алғашқы күндері салмақтың азаюы көбінесе майдың жоғалуынан емес, гликогеннің және онымен байланысты сұйықтықтың азаюынан болады.

Анықтама: гликоген - көптеген глюкоза молекуласы тізбекке біріктірілген күрделі көмірсу (полисахарид). Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - ағзаға жылдам энергия қажет болғанда пайдаланылатын энергия қоры.

Гликогеннің бір граммы шамамен үш миллилитр сұйықтықты ұстап тұрады, сондықтан бастапқыда дене салмағы оның жоғалуы есебінен азаяды. Ағза май қышқылдарын энергия көзі ретінде қолдана бастағанда ғана май қорын азайта бастайды.

Калория тапшылығы кезінде олар жасушалардан босап шығып, бұлшық еттердегі митохондрияларға тасымалданады - сол жерде оттегінің араласуымен "жанады". Осы реакцияның нәтижесінде су мен көмірқышқыл газы түзіліп, бүйрек пен өкпе арқылы шығады. 

Майдың тотығу реакциясы энергия бөлінуімен қатар жүреді. Мен мұны егжей-тегжейлі айтып отырғаным, майдың "жану" процесін түсіну оған еш қатысы жоқ маркетингтік айлаларға алданып қалмауға көмектеседі.

"Майды еріту", "тер арқылы майды шығару" немесе "массажбен май жасушаларын бұзу" деп уәде берілетін кез келген әдіске сыни көзқараспен қараған жөн. Тағам орайтын пленкамен жаттығу жасау, сауна-костюмдер, агрессивті зәр айдайтын және іш жүргізетін тәсілдер салмақты сұйықтықтың жоғалуы есебінен түсіруі мүмкін, бірақ май массасының айтарлықтай азаюына әкелмейді.

Иә, кейбір танымал құралдар шынымен қысқа мерзімде салмақты азайтады, бірақ ол ең алдымен ағзаның сусыздануы немесе ішектегі заттардың өзгеруімен байланысты.

Арықтауға арналған шай: неге ол майды кетірмей, тек суды шығарады?

Танымал қоспаларды олар май қорын азайтуға көмектесе ме, әлде тек таразыдағы санды өзгерте ме деген тұрғыдан қарастырайық. 

Маркетплейстерде еркін сатылатын арықтауға арналған БАД-тардың көпшілігі зәр айдайтын немесе іш жүргізетін әсерге ие.

Иә, таразыда сіз аз көрсеткішті көресіз, бірақ ол сұйықтықтың жоғалуы есебінен болады. Бұл мен айтқан қысқа мерзімді нәтиже. Салмақ көп ұзамай қайта оралады.

Өзіңді "жылдам қалыпқа келтірудің" осындай тәсілдеріне әуестену сусыздану, бұлшық еттердің жиырылуы және жүрек жұмысына қатысатын электролиттердің жоғалу қаупімен байланысты. Бірақ май массасының азаюына әкелмейді.

Арықтауға арналған спирулина: "суперфуд" па әлде маркетинг пе - ғылым не дейді?

Енді ең танымал қоспаларды қарастырайық.

Спирулина - бұл цианобактериялардың биомассасы, оны "суперфуд" ретінде және кейде арықтау құралы ретінде сатады. Соңғы зерттеулерде спирулина қолданған науқастарда дене салмағы мен май үлесінде аздаған өзгеріс байқалған, бірақ әсері шамалы және біркелкі емес болған. Сондықтан бүгінде оны май массасын айтарлықтай азайтудың сенімді құралы ретінде қарастыруға болмайды.

Анықтама: спирулина - микроскопиялық көк-жасыл ағзалардың бір түрі (шын мәнінде бұл балдыр емес), оны құрамында пайдалы заттар көп деп есептеп, тағамдық қоспа ретінде пайдаланады.

Өнімнің сапасы - бөлек мәселе: коммерциялық спирулина үлгілерінде кейде басқа микроағзалардың қоспасы мен цианотоксиндер болуы мүмкін, сондықтан оның қауіпсіздігі өндірістегі бақылауға да байланысты.

Анықтама: цианотоксиндер - кейбір цианобактериялар (оларды көк-жасыл балдырлар деп те атайды) бөлетін улы заттар. Олар су қоймаларының "гүлденуі" кезінде пайда болады.

L-карнитин және капсаицин: майды кетіруге арналған бұл қоспалар расында жұмыс істей ме?

Өндіруші капсаицин "зат алмасуды жарық жылдамдығына дейін жеделдетеді" деп уәде береді. Бірақ клиникалық зерттеулер көрсеткендей, негізгі әсер май массасын азайтуға емес, калория тұтынудың аздап төмендеуіне қатысты болды, бұл да дене салмағының айтарлықтай төмендеуіне әкелмеді.

Анықтама: капсаицин - бұрышты ащы ететін зат. Ол чили бұрышында болады және дәл осы заттың арқасында ауызда күйдіру сезімі пайда болады.

L-карнитинді көбінесе "майды тікелей митохондрияға жеткізетін құрал", "ағзаның майды энергияға айналдыруына көмектесетін зат" деп сипаттайды. 

Бұл жеңілдетілген және маркетингтік түсіндірме. Иә, карнитин май қышқылдарын жасушаға тасымалдауға қатысады, бірақ бұл қоспа автоматты түрде барлық адамда май жағуды күшейтеді дегенді білдірмейді.

Зерттеулерге сүйенсек, карнитин қоспаларын қолдану орташа есеппен тек аздаған қосымша салмақ жоғалтуға алып келген, бақылау тобымен салыстырғанда шамамен 1,3 келі. Бұл L-карнитинді май қорын айтарлықтай азайтудың тиімді құралы деп есептеу үшін жеткіліксіз.

Хитозан, хром, CLA және басқа май кетіргіштер: нақты әсері мен жасырын қаупі  

Хитозанды көбінесе ішектегі "май тұзағы" ретінде жарнамалайды. Теориялық тұрғыда ол майды аздап ұстап тұра алады, бірақ сапалы зерттеулерде оның дене салмағына әсері тағы да минималды болып шықты.

Хром пиколинаты көбінесе "тәттіге деген құштарлықты азайтуға", "метаболизмді жеделдетуге" және "май жағуға" көмектесетін қоспа ретінде насихатталады. Бірақ бірқатар шолу дерегінше, дене салмағына  әсер өте аз: орташа есеппен плацебомен салыстырғанда шамамен 1,1 келі, ал басқа талдауларда одан да аз.

Бұл шолулардың авторлары мұндай әсердің клиникалық мәні күмәнді екенін нақты көрсетті. Сондықтан хромды май массасын азайтудың тиімді құралы ретінде қарастыру мүмкін емес.

Тағы бір танымал май кетіргіш қоспа - конъюгацияланған линол қышқылы (CLA). Ол да салмақ азайтуға клиникалық маңызды әсер көрсеткен жоқ. "Метаболизмді жеделдету" ұранымен сатылатын жасыл шай мен жасыл кофе экстрактілері де сол қатарда.  

Әсер болса да, ол өте мардымсыз, ал қаупі жоғары болуы мүмкін. Мысалы, жасыл шай экстрактілері, қарапайым сусынмен салыстырғанда, кейбір адамдарда бауыр ферменттерінің көтерілуі және бауыр зақымдануымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бұл зиянсыз "табиғи май кетіргіш" емес, пайдасы аз, қауіпсіздігі нақты сұрақтар туындататын қоспа.

Анастасия Колпакова. Жеке мұрағаттағы фото 

Гуар шайыры да сол сияқты. Қоспа тағамдық талшықтарға жатады және теориялық тұрғыда тоқшылық сезімін күшейте алады. Бірақ дене салмағын айтарлықтай төмендетпейді. Бұл ретте асқазан-ішек жолдарына жанама әсер жиі кездеседі: метеоризм, іш ауру, диарея, жүрек айну.

Анықтама: гуар шайыры - табиғи тағамдық қоспа (қоюландырғыш), оны гуар өсімдігі тұқымынан алады.

Арықтауға арналған өте танымал құралға айналған хлорофилл туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл - фотосинтезге қатысатын өсімдіктердің жасыл пигменті. Қоспаларда көбіне хлорофиллдің өзін емес, хлорофиллинді сатады - бұл заттың суда еритін туындысы, әдетте мыс пен натрийді қамтиды.

Бірақ бұл қоспаның да салмақ азайтатын құрал ретінде сенімді дәлелдік базасы жоқ. Иә, оған қатысты кейбір шектеулі мәліметтер өсімдік мембраналарының тәбетке аздап әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді, бірақ клиникалық маңызды және тұрақты әсері дәлелденбеген.

Эфедра мен инозитол: пайда мен қауіптің арақатынасы

Эфедра мен эфедрин расында жүйке жүйесін ынталандыру, термогенез және тәбетті азайту арқылы қысқа мерзімде салмақ тастауға әкелуі мүмкін санаулы заттың қатарына жатады.

Анықтама: эфедра - құрғақ климаттық аймақтарда өсетін бұталы өсімдіктер тегі. Кейбір түрлері дәстүрлі медицинада қолданылады.

Бірақ қан қысымының көтерілуі, жүрек соғуының жиілеуі, уайымшылдық, инсульт, инфаркт, тіпті өлім қаупі сияқты жанама әсерге байланысты АҚШ Қауіпсіздік және азық-түлік сапасын қадағалау басқармасы (FDA) БАД-тардағы эфедрин алкалоидтарына 2004 жылы тыйым салды. Сондықтан оларды қауіпсіздікке назар аудармай, "тиімді құрал" деп айтуға келмейді: иә, қысқа мерзімді әсер болуы мүмкін, бірақ салдары тым ауқымды. 

Инозитол - циклдік қант спирті. Ол бұршақ, дәнді дақылдар, жаңғақ, тұқым, көкөніс пен жемістерде кездеседі. Негізінен тәбетті азайтатын құрал ретінде емес, инсулинге төзімділікке әсер етуі мүмкін зат ретінде қызығушылық тудырады. Дегенмен, бүгінде бұл тек гипотеза, ғылыми зерттеулерде әлі дәлелденген жоқ.

Тағамдық қоспаның орнына - дәрілік препарат: ықтимал асқыну мен жалған қоспа

Көптеген БАД тиімділігінің төмендігі ғана емес, сонымен қатар олардың жалған болуы бөлек мәселе. FDA-ның 2007–2016 жылдар аралығындағы ірі талдауында 776 БАД-та декларацияланбаған фармацевтикалық заттар анықталды. Оның 317-сі салмақ азайту құралы ретінде сатылған, ал 317-нің 269-ында, яғни шамамен 85 пайызында сибутрамин табылған - бұл тәбетті басатын дәрілік зат. Бұрын оны семіздікті емдеуде қолданған, бірақ кейін денсаулыққа қаупі жоғары болғандықтан тыйым салынған. 

Бұл өте маңызды: адам "табиғи" қоспаны сатып алып, іс жүзінде қаптамасында жазылмаған орталық жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер ететін дәріні алуы мүмкін. 

Бастапқыда осындай құралдар "жұмыс істейтіндей" көрінуі мүмкін: тәбетті азайтады, жүйке жүйесін ынталандыру арқылы энергия береді. Адам тамақты аз жейді, сергектік сезінеді, салмақ тез кетіп жатқандай көрінеді.

Бірақ сонымен бірге проблемалар да келеді: жүрек соғуы жиілеейді, қан қысымы  күрт өзгеріп тұрады, уайымшылдық, ұйқысыздық, аритмия, инсульт және инфаркт қаупі жоғарылайды. Сондықтан осындай қоспаларды қолдану өмірге қауіпті болуы мүмкін.

Салмақты дұрыс тастау -  ұзақ мерзімді өзгеріс. Біз бұлшық еттер пен  энергияны сақтай отырып, май массасын азайтумыз керек. Ешқандай БАД теңгерімді тамақтануды үйретпейді, әдет қалыптастырмайды және процесті қауіпсіз етпейді.

Ал егер расында дәрілік қолдау қажет болса, интернеттегі "ғажайып капсулаларды" емес, тек тіркелген, дәлелденген тиімділігі бар препараттарды дәрігер ғана тағайындай алады.

Редакцияның пікірі автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.

Автор туралы: Анастасия Колпакова - диетолог, медицина магистрі, дәлелді диетология академиясы құрылтайшыларының бірі.

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 460.37   537.26   5.89 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети