2024 жылдың маусымында Атырау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция аумағында балалар лагері ашылуы керек еді. Бірақ бұл жоспар іске аспады.
Лагерьдің ашылуы қарсаңында су тасқыны болды. Шенеуніктердің айтуынша, лагерь құрылысының әлі күнге дейін аяқталмауына резиденция аумағын су басуы себеп болған. Tengrinews.kz тілшісі мәселенің шын мәнінде тек су тасқынында ма екенін анықтап көрді.
2023 жылдың ақпанында Қостанай, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбедегі президенттік резиденциялар "балалар игілігіне" берілді. Әкімдіктерге бұл нысандардың кімге - балабақшаларға, сауықтыру орталықтарына немесе басқа да мекемелерге тиесілі болатынын өз бетінше анықтау тапсырылды.
Арада үш жыл өткенде бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр? Tengrinews.kz редакциясы бұл бастаманың жүзеге асырылуын бақылап келеді және Жамбыл мен Қостанай облыстарындағы бұрынғы резиденцияларда арнайы балалар орталықтары ұйымдастырылғанын анықтады. Жергілікті аппараттар бізге фотосуреттерді ұсынып, облыс әкімдерінің қазір қайда тұратынын айтып берді. Бұл ретте Ақтөбе облысындағы резиденция балаларға бұйырмайтын болды.
Бұл материал топтаманың келесі бөлімі. Онда біз неге Атырау облысындағы резиденцияға балалардың әлі күнге дейін бара алмай жатқанын, оған 2024 жылғы су тасқыны қалай әсер еткенін және осы өңір басшысының қайда тұратынын зерттейміз.
96 миллион теңге және лагерьді жазға қарай ашу туралы уәде
Бұл өңірде бұрынғы президенттік резиденция Жайық өзені иінінде орналасқан. Нақтырақ айтсақ, бұл Махамбет ауданы Бейбарыс ауылына өте жақын жер. Оның аумағына Атырау - Орал тасжолынан кіруге болады. Бұл көрікті жер облыс орталығынан бірнеше ондаған шақырымда орналасқан.
Резиденция аумағында су қоймасы, теннис корты және шамамен жеті корпус бар. Сондай-ақ маңайында алма бағы орналасқан.
Резиденциядан Жайық өзені жағасына дейін асфальтталған жол салынған. Жергілікті БАҚ ол жерде жеке жағажай жабдықталғанын жазған.
Мұнда 300 балаға дейін сыйдыруға болады деп жоспарланған "Жас Дарын" оқу-сауықтыру балалар лагерін 2024 жылдың 1 маусымында ашу жоспарланған еді. Жергілікті шенеуніктер осы мерзімді атаған. Тіпті осы мақсатқа 96 миллион теңге бөлінгені де хабарланды.
2023 жылдың қыркүйегінде сол кездегі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова резиденция аумағында "бау-бақша жұмыстары" жүріп жатқанын және нысан пайдалануға берілгеннен кейін онда 36 адам жұмысқа орналасатынын айтқан болатын.
Сол жылдың қазанын білім басқармасының баспасөз қызметі журналистерге әлгі 96 миллион теңгенің нақты не нәрсеге бөлінгенін түсіндірді. Бұл бюджет аясында лагерьде жұмыс істеу үшін арнайы штат бекітілгені, қажетті шаруашылық құрал-саймандары, соның ішінде абаттандыруға арналған жабдықтар сатып алынғаны, сондай-ақ жасыл желектерді суарудың ескірген жүйесі (сорғылар) ауыстырылып, сыртқы бейнебақылау камералары алынғаны айтылды.
Бұдан бөлек, жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 100 балаға арналған 75 компьютер, парталар мен орындықтар сатып алынған. Бұл мақсатқа 76 миллион теңге бөлінген.
Бірақ 2024 жылдың маусымында бұрынғы президенттік резиденция аумағындағы балалар лагері ашылмады. Арада үш жылдан астам уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін ашылған жоқ.
Су басқан резиденция
Tengrinews.kz редакциясы бұрынғы резиденцияның қазіргі жай-күйін білу үшін Атырау облысы әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Алынған жауапта 2023 жылдың ақпанынан бастап бүгінге дейін резиденция мүлкімен қоса Атырау облыстық білім басқармасына қарасты "Таланттарды анықтау және қолдау орталығы" КММ балансында екені айтылған.
Дегенмен, 2026 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша балалар лагері "іс жүзінде пайдаланылмайды". Әкімдік бұны құрылыс-монтаждау жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанымен түсіндіреді:
"Жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты жобалық құжаттарды қайта ресімдеу үшін қосымша уақыт қажет болды", - деп хабарлады мемлекеттік орган.
Ал жобаның өзгеруіне 2024 жылғы ауқымды су тасқыны себеп болған. Резиденция аумағының бір бөлігін су басқаны анықталды.
"Осыған байланысты аумақты құрғатуға, қорғаныс бөгетін тұрғызуға және жобаға өзгерістер енгізуге уақыт қажет болды", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.
Сондай-ақ бұрынғы резиденция орнындағы балалар лагерінің түзетілген жобасында келесі нысандар қарастырылғанын анықтадық:
- оқу орталығының құрылысы;
- әрқайсысы 50 орындық үш жатақхана ғимаратының құрылысы;
- галерея, визит-орталық, әкімшілік-медициналық орталық құрылысы;
- асхана, бассейн, гараж құрылысы;
- жабық спорт залы мен мінбелері бар ашық стадион салу;
- тасқын судан қорғау үшін жота етегіндегі арық жүйесін орнату;
- қолданыстағы ғимараттарды күзет бекеті мен серверлік бөлмеге, қонақ үйге, конференц-залға, жаттықтырушылар үйіне, жатақхана мен үйірме корпусына қайта жабдықтау.
Алдыңғы жоспармен салыстырсақ, 2023 жылы 300 орындық жатақхана салу көзделген еді, ал қазіргі деректер біршама өзгеше.
Сондай-ақ біз әкімдік қызметкерлерінен бұрынғы резиденция аумағы мен ғимараттарының соңғы суреттерін жіберуді сұрадық. Жіберілген файлдардың арасында қазір бар құрылыстардың суреттері болды:
Суреттерден бұрынғы резиденция аумағында бөренеден салынған үйлер бар екенін көрдік:
... Және сәулеті тойханаға ұқсайтын ғимарат:
Сыртқы жағынан түсірілген суреттерге қарап, бұл ғимараттарға жөндеу жүргізілген-жүргізілмегенін айту қиын. Ал олардың ішкі көрінісінің фотосуреттерін әкімдік ұсынбады.
Дегенмен, аумақта бөренеден жасалған бірнеше күрке бар екенін білдік:
Сондай-ақ 2023 жылы айтылған аумақты абаттандыру жұмыстарының жүргізілгенін де дөп басып айту қиын. Фотоға қарағанда, төсеніш тастардың арасынан арамшөп шығып, жарықшам бағандары қисайған, түскен жапырақтар тазартылмаған.
Терезесіз бетон қорап: қазіргі құрылыс барысы
Сонымен қатар бізге болашақ балалар лагерінің аяқталмаған корпустарының фотосуреттері ұсынылды. Бұл есік-терезесі жоқ бетон қораптар:
Кейбір жерде шатыр жабылғанын көруге болады:
Кей жерле шатыр әлі жабылмаған. Бірақ болашақ бассейн орны дайындалған:
Бір қызығы: суреттерден не техниканы, не құрылысшыларды, не олардың құрал-жабдықтарын көрмедік.
Бұл ретте әкімдік құрылыс жұмыстары барысын былай сипаттайды:
- оқу орталығы: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз;
- үш жатақхана ғимараты: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз;
- галерея: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 100 пайыз, шатыры - 80 пайыз;
- визит-орталық: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 60 пайыз;
- әкімшілік-медициналық орталық: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 80 пайыз;
- асхана: іргетасы - 100 пайыз, қабырғасын қалау - 80 пайыз;
- бассейн: іргетасы - 100 пайыз, табанын орнату бойынша бетон жұмыстары 100 пайыз орындалды;
- жота етегіндегі арық - 80 пайыз.
Шенеуніктердің айтуынша, құрылыс жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру биылғы жылға жоспарланған.
Бұл қанша тұрады және қалай көрінеді?
Сондай-ақ әкімдік сауалға берген жауабында балалар лагері жобасының рендерін жіберді. Енді біз құрылыс аяқталған жағдайда оның қандай болатынын көре аламыз.
Бізге жіберілген суреттердің бәрі экологиялық құрылысқа ұқсайды - нысандар ағаштан жасалған, үйреншікті іргетасқа емес, қадаға орнатылған. Алайда жоғарыдағы фотосуреттерден біз күрделі бетон конструкцияларын көрген едік.
Рендерді зерделеу барысында үйшіктердегі төбеге дейін жететін панорамалық терезелерге де назар аударуға болады. Бірақ нақты фотосуреттерден мұндай сәулеттік шешімдерді байқамадық.
Сонымен қатар рендерден бұған дейін сөз болған бассейнді көре алмадық.
Бірақ көлге баратын жолды әлдебір себеппен қоршаумен толықтай жауып тастаған.
Орынды сұрақ туындайды: мұның бәрі қанша тұрады? Әкімдік өкілдері реконструкциялау мен жаңа құрылыс жобасының жалпы құны "шамамен бес миллиард теңге" дейді.
"Нысанды реконструкциялау және жаңа құрылыс бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары мердігердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезеңде бұл жұмыстарға бюджет қаражаты жұмсалып жатқан жоқ", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.
Алайда бұл нысанға мердігер ретінде таңдалған компанияның атауы көрсетілмеген. Сондай-ақ оның жобаға өз қаражатын қандай шарттармен салуды ұйғарғаны және оның орнына не алуы мүмкін екені белгісіз.
Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов қайда тұрады?
Материалдардың бұл топтамасында біз дәстүрлі түрде облыс әкімдіктері баспасөз қызметінен өңір басшыларының қайда тұратынын сұраймыз. Атырау облысының қазіргі әкімі Серік Шәпкеновтің тұрғылықты жері туралы сұрақ та өздігінен туындайды.
Облыс әкімшілігі бізге қысқа қайырып, егжей-тегжейіне тоқталмады:
"Облыс әкімі белгіленген тәртіппен берілген қызметтік баспанада тұрады. Нысанды күтіп ұстау тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады".
Бұл ретте жағдай Ақтөбе облысынан мүлдем өзгеше. Онда бізге өңір әкімі Асхат Шахаровтың 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін жеке пәтерінде тұратынын хабарлаған болатын. Демек, оның қызметтік баспанасына бюджеттен ақша жұмсалмайды.
Тағы оқыңыз:
Жамбыл облысындағы президент резиденциясының қазіргі жағдайы қандай: онда әкім тұра ма?
Ақтөбе облысындағы резиденция неге балалар игілігіне берілмеді?
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Айнұр Қапышова