Әр ауыл-аймақтың, елді мекеннің әлеуетін саралап, келешегіне көз жіберетін уақыт жетті дейді Үкімет. Осы мақсатпен «Өңірлерді дамыту» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданды. Бағдарламаға сәйкес, елді мекендер даму әлеуетіне қарай жоғары, орташа және төмен болып үш топқа бөлінді. Ендігі жерде қаржы-қаражат та осы индикаторларға қарап берілетін болады.
Әр ауыл-аймақтың, елді мекеннің әлеуетін саралап, келешегіне көз жіберетін уақыт жетті дейді Үкімет. Осы мақсатпен «Өңірлерді дамыту» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданды. Бағдарламаға сәйкес, елді мекендер даму әлеуетіне қарай жоғары, орташа және төмен болып үш топқа бөлінді. Ендігі жерде қаржы-қаражат та осы индикаторларға қарап берілетін болады.
Батыс Қазақстан облысында 450 елді мекен бар. Солардың 53-інің даму әлеуеті жоғары, 359-ы орташа, ал 35-інікі төмен деп бағаланып отыр. Халқының елу пайыздан астамы ауылда тұратын Жайық өңірі үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, тізімге көз жүгіртсек, кейбір ойға қонымсыз тұстарды да аңғаруға болады. Мысалы, Орал-Атырау күрежолының бойында орналасқан, күні ертең марқа етін өндіріп, экспортқа шығаруға бағыт ұстаған Чапаев ауылының даму әлеуеті орташа көрінеді. Ал сол жолдың бойындағы Үлкен Шаған ауылының даму әлеуеті жоғары деп көрсетіліпті. Немесе Жайық өзенінің бойында, қала берді ірі су қоймаларының жанындағы жекелеген елді мекендер әлеуеті төмен деп бағаланған. Мұндай қорытындыдан кейін ол жерлерде болашақта мектеп, клуб, балабақша, кітапхана, дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар салу мәселесі қиындауы мүмкін. Жібі түзу жол, газ, су, жарық, бір сөзбен айтқанда инфрақұрылым апару жайы да күрделенуі ғажап емес.
Әрине, мұндай қорытындыға келуге белгілі бір себептердің негіз болғаны даусыз. Оған таласымыз жоқ. Бірақ, атам қазақ «Өзен жағалағанның өзегі талмас», «Сулы жер – нулы жер» дегенді де тегін айтпаған шығар. Мәселен, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайық жүздеген жылдар бойы талай ауылды жүдетпей асырап келеді емес пе. Құдайға шүкір, «қала қайдасың» деп, үдере көшкен тоқсаныншы жылдардың топалаңы қазір артта қалды. Ауыл халқы тұрақтады, ел есін жиып, ертеңін ойлай бастады. Елбасының тікелей тапсырмасының және Үкіметтің қаржылай қолдауының арқасында мыңғыртып мал өсіріп, бақуатты тірлікке бет бұрғандар саны көбейді. Біздің ойымызша, осындай шуақты кезеңде ауыл-аймақты алаламай, даму келешегіне қарай тағы бір саралап, мүмкіндігінше халықты атақонысында ұстап қалған, алтын бесігінен айырмаған дұрыс секілді. Бұлай деуімізге себеп - облыстың шалғайда жатқан Бөкей ордасы ауданын аралағанымызда, Ақжайық, Теректі аудандарының кейбір елді мекендерінде болғанымызда жергілікті тұрғындардың болашағын ауылмен байланыстыратындығын көрдік. «Не болса да ауылымды тастамаймын», «ата-бабамның зираты жатқан өңірден ешқайда көшпеймін» деп отырған азаматтармен жүздестік. Түлігі сайлы, тұрмысы жайлы шаруа адамын аңғардық. Рас, жекелеген кемшіліктер де назарымыздан тыс қалмады. Өмір болғасын онсыз тағы болмайтыны белгілі. Ендеше әңгіме бағытын өзіміз барған ауылдарға қарай бұрайық.
Жамбылда жайлы тірлік бар
Жамбыл деп отырғанымыз Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты шағын ғана елді мекен. Шағын дегенге тоқымдай екен деп ойлап қалмаңыз. 370 адам тұрады. Бастауыш мектебі бар. Мектептегі білім сапасының жоғарылығының бір дәлелі – осы жерден бастауышты бітіріп, оқуын Бисен ауылында жалғастырған Дина Хасен есімді қарындасымыз биыл «Алтын белгіге» ие болыпты. Шалғайда жатса да, бір қызығы, бұл ауылдан ешкім ешқайда көшпеген. Біз барғанда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен округ әкімі Қайырсапа Саматов тұрғылықты халықпен кездесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап жатыр екен. Ұққанымыз - жамбылдықтарды әне бір толғандыратын түйінді мәселе жоқ. Тірлігі малға қараған ағайын қыстың қамын жазда ойла дегенді мықтап жадыларына түйіп, науқандық жұмыс қамымен жүр. Дегенмен, тек қана малға сеніп отыра бермей басқа да кәсіп түрлерін меңгеру мәселесі бұл жерде де айтылды. «Мал – басты күнкөріс көзі екендігі рас. Бірақ, сол малды ауылдың ішіне жинай бермей қырға шығарып бағу керек. Содан кейін араларыңызда жерді алып мақсатты пайдаланбай отырғандар бар. Егер пайдаланбайтын болсаңыздар ол жерлерді кері қайтарыңыздар, қолынан іс келетін азаматтарға берейік. Тағы бір айтатын нәрсе – мал ұстау өз алдына, ауылға тігінші, шаштараз секілді мамандар қажет. Оқимын, кәсібімді ашамын дегендер болса қолдауға әзірміз» - деді округ әкімі Қайырсапа Саматов.
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.